Депутат ботаникалық бақта ағаш отырғызды

2025 жылдың 18 тамызы күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова Маңғыстау облысындағы ерекше орындардың бірі болып саналатын ботаникалық бақтың жұмысымен танысты.

Ақтау қаласындағы «Маңғыстау ботаникалық бағы» алуан түрлі өсімдіктер мен декоративті ағаштардың орталығына айналған. Бүгінде мұнда жергілікті климат пен батыстың ерекше топырағына жерсіндірілген 1300-ден астам жасыл-желек жайқалып өсіп тұр. Ғалымдар баптап өсірген өсімдіктерге қазір сұраныс та жоғары. Ақтау қаласының дәл ортасынан ойып тұрып орын алған бақ шынымен ерекше. Мұнда дүниежүзінен әкелінген өсімдіктер де көп дейді Маңғыстау тәжірибелік-ботаникалық бағының бас директоры Ақжүніс Иманбаева.

«400-ден астам жасыл желектің жергілікті табиғатқа төзімді екені ғылыми дәлелденген. Соның бірі - Шаған ағашы. Оның ерекшелігі күнге күймей, қанық түсін сақтайды. Саябақтарды көгалдандыруға тиімді. Бақтың жұмысын өзім үнемі бақылаймын. Біздің Ақтауда тұрғындар үшін жасыл желекті саябақ жоқ болғандықтан мұнда келіп саялағысы келетін адамның қарасы көп. Біз халыққа бұл саябақ емес екенін, бұл жердің ғылыми бағыттағы орын екенін айтудан жалыққан емеспіз. Сондықтан қала әкімшілігі бар мүмкіндікті пайдаланып, қала халқына жасыл желекті саябақ құрып берсе деген тілегіміз бар»,-дейді.

Мұндағы мамандардың айтуынша жылына 15 мыңдай ағаш тектес өсімдікті елді мекендерге және қаланы көгалдандыруға береді екен. Соңғы 3 жылда түгелдей көшеттер қала көгалына берілген. Қазір Ақтау қаласында ағаш тектес өсімдіктері 15-20 мыңнан асса көптеген гүлдер де аталмыш бақтан алынып отырғызылуда. Ботаникалық бақ жұмысымен танысуға барған ЖСДП депутаты Ажар Сағандықова мен ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Сәкен Мыңбайев және өзге де партия мүшелері бақтың жеке зертханаларын да аралап, ғылыми қызметкерлермен тілдесті. Депутат Ажар Бақытқызы ботаникалық бақтың өте ерекше екенін айтты.

«Шынымен де бақ маған тамаша әсер сыйлады. Жасыл желек адамға ерекше күш-қуат береді. Мұндай бақты баптап, бағып отырған мамандарға алғыс айту керек. Мемлекеттен де жоғары дәрежеде қолдау болып жатқаны белгілі. Сондықтан бар мүмкіндікті пайдаланып, ғылыми әлеуетті одан әрі дамыту керекпіз»,-деді.

Тәжірибелік-ботаникалық бақтың жалпы аумағы 29 гектар. Жасыл-желекке оранған аумақ түгел қоршалып бақылау жүйесімен жабдықталған. Ботаникалық бақта соңғы жылдары субтропикалық ағаштардың тұқымын жергілікті генеқорға енгізу қолға алынған. Ғылыми қызметкерлер тез өсіп-жетілетін өскіндерді алдымен зертханада баптауда. Тіпті кейбір өсімдік түрлері 80 жыл бойы жайқалып тұрады екен. Егер мұндай өсімдіктердің санын арттырсақ Ақтау қаласының маңы мен көшелер жасыл алқапқа айналары сөзсіз.

«Бізде сұранысқа байланысты, әсіресе сафора, глидичия, катальпа, ясен, биота сында желек түрлері көбірек өсіріледі. Мысалы, сафора жапон өсімдігі біздің жерлерде судың болмауы жағдайында немесе қатал климат жағдайларына төзімді. Тіпті аязға да төтеп береді. Жалпы, өсімдіктер 80 жылға дейін өседі»,-дейді Ақжүніс Иманбаева.

Бақты түгел аралаған депутат Ажар Сағандықова бастаған партияластар алма ағаштары алқабында пісіп тұрған алмадан дәм татып, арнайы құрметті қонақ алеясына келді. Бұл жерде жасыл арша тұқымдасын өз қолымен отырғызып, суғарды. Бұл ерекше қонаққа көрсетілетін ботаникалық бақ ұжымының басты құрметі әрі дәстүрі екен.

ЖСДП баспасөз қызметі