Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының бастамасымен 16 сәуір күні «Орта мектептердегі оқушыларға арналған шеберханалардың жұмыс барысы және еңбекке баулу сабақтарының оқытылу деңгейі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Жиын білім беру саласындағы түрлі мамандардың пікір алмасуына мүмкіндік берген мазмұнды пікірталас алаңға айналды.
Заманымыздың білім беру жүйесінде еңбекке баулу пәнінің орны ерекше екені сөзсіз. Дегенмен соңғы жылдары бұл пәннің мазмұны мен маңыздылығы төмендегедей. Бұған ең алдымен оқу сағаттарының қысқаруы, ер бала мен қыз баланың бөлек оқытпауы, сабақтардың көбіне теориялық сипатта өтуі және практикалық жұмыстарға жеткілікті уақыт бөлінбеуі себеп болып отыр. Соның салдарынан оқушылардың қол еңбегіне икемі төмендеп, тұрмыстық және кәсіби дағдыларды меңгеру деңгейі әлсіреуде. Тек білім беру сапасына ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтар мен ата-дәстүрлердің сабақтастығына да кері әсерін тигізуі мүмкін.
Осы өзекті мәселелерді кеңінен талқылау мақсатында шараға қала мектептерінің технология пәні мұғалімдері, «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының облыстық филиалының директоры, білім басқармасының өкілі және Қорқыт ата атындағы университеттің аға оқытушысы қатысып, саладағы түйткілдер мен тәжірибелерімен бөлісті.
Әрбір баяндамашы еңбекке баулу пәнінің бүгінгі жай-күйіне тоқталып, оны жетілдірудің нақты жолдарын ұсынды. Ашық форматта өткен пікірталас барысында өзекті мәселелер қозғалып, оларды шешудің тетіктері қарастырылды. Мектеп шеберханаларының материалдық-техникалық жағдайы кеңінен сөз болды. Көптеген білім ошақтарында құрал-жабдықтардың ескіргені атап өтілді. Мұндай олқылықтар сапалы тәжірибелік сабақ өткізуге мүмкіндік бермейді. Ал еңбекке баулу пәнінің басты ерекшелігі – тәжірибеге негізделуі екені белгілі. Сонымен қатар оқу үдерісін ұйымдастыру деңгейіне де назар аударылды. Қатысушылар қазіргі бағдарламалар оқушылардың практикалық дағдыларын толық қалыптастыруға жеткіліксіз екенін алға тартты. Уақыт тапшылығы мұғалімдерді тек негізгі теориялық мәліметтермен шектелуге мәжбүрлейді. Бұл пәнге деген қызығушылықтың төмендеуіне алып келуде.
Жиында еңбекке баулу пәнін заман талабына сай жаңғырту қажеттігі ерекше атап өтілді. Осы ретте пән сағаттарын көбейту, шеберханаларды заманауи құралдармен жабдықтау және оқу бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына бейімдеу жөнінде ұсыныстар айтылды. Бұдан бөлек, қыз бала мен ер баланы бөлек оқыту керек екендігі жеткізді.
Мамандар оқушылардың практикалық дағдыларын дамытуға басымдық беру қажет екенін жеткізді. Себебі нақты іспен айналысқан бала өз қабілетін ерте танып, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік алады. Сонымен бірге еңбекке баулу пәні арқылы жас ұрпақ еңбекқорлыққа, ұқыптылыққа және жауапкершілікке тәрбиеленеді. Жалпы алғанда, дөңгелек үстелде көтерілген мәселелер еңбекке баулу пәнінің бүгінгі ахуалын айқындап қана қоймай, оны дамыту үшін жүйелі қадамдар қажет екенін көрсетті. Қатысушылар бұл бағыттағы жауапкершілік тек білім беру ұйымдарына емес, тұтас қоғамға ортақ екенін атап өтті. Жауапты мекеме өкілдері мен педагогтардың ұсыныстары ең алдымен аталған пәнге бөлінетін оқу жүктемесін кемінде екі сағатқа дейін ұлғайту қажеттігі алға тартылды. Бұл оқушылардың практикалық дағдыларын жүйелі түрде қалыптастыруға мүмкіндік бермек. Сабақтың тиімділігін арттыру үшін қыз балалар мен ер балаларды бөлек оқыту тәжірибесін қайта енгізу де өзекті мәселе ретінде қарастырылуда. Мұндай тәсіл әр оқушының жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай бағытталған білім беру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі