Сыр өңіріндегі әлеуметтік ахуал, демографиялық өзгерістер мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолдары талқыланды
Кез келген аймақтың даму деңгейі ең алдымен ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігінен, әлеуметтік жағдайынан және болашаққа деген сенімінен көрінеді. Тұрақты жұмыстың болуы, табыстың жеткіліктілігі, сапалы білім мен медициналық көмекке қолжетімділік, жайлы тұрғын үй мен дамыған инфрақұрылым – адам өмірінің маңызды құрамдас бөліктері. Сондықтан тұрғындардың әл-ауқатына әсер ететін факторларды саралап, өзекті мәселелердің шешу жолдарын бірлесе қарастырудың маңызы зор. Осы бағыттағы мәселелерді талқылау мақсатында 4 қараша күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының «Әлеуметтік демократия – өмір сапасы»атты республикалық жобасы аясында партияның Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Сыр еліндегі өмір сүру сапасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының өкілдері мен партия мүшелері, Еңбек мобильділігі орталығы басшысының орынбасары, Статистика департаментінің мамандары және облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы бастаған тұлғалар қатысты. Кездесуде әр сала өкілдері өз бағытындағы ахуалға тоқталып, өңір тұрғындарын толғандыратын мәселелер жөнінде пікір алмасты. Талқылаудың негізгі арқауына Сыр өңірінің әлеуметтік-демографиялық жағдайы айналды. Неке қию мен ажырасу үдерісі, бала туу деңгейі, халықтың көші-қоны, өлім-жітім көрсеткіштері және тұрғындар арасында кездесетін сырқат түрлері де сөз болды. Бұл мәселелердің отбасы тұрақтылығына, халық санының өзгеруіне және аймақтың келешектегі дамуына ықпалы жөнінде ойлар ортаға салынды. Бұдан бөлек, еңбек нарығындағы жағдай, халықтың табысы, тұрғын үймен қамту, медицина мен білім беру қызметтерінің сапасы, жолдардың жай-күйі және коммуналдық инфрақұрылымның даму барысы да назардан тыс қалмады. Тұрақты жұмыс орындарын көбейту, әлеуметтік көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, ауыл мен қала тұрғындарына тең мүмкіндік қалыптастыру мәселелері талқыланды. Қатысушылар өз салалары бойынша пікір білдіріп, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар демографиялық өзгерістердің себептерін зерделеу, халықтың нақты қажеттіліктерін ескеру, салалық мекемелер арасындағы байланысты нығайту және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру қажеттігі атап өтілді. Ашық пікір алмасу барысында өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешу мемлекеттік органдардың ғана емес, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың да бірлескен іс-қимылын талап ететіні айтылды. Кездесу қорытындысында ұсыныстар жинақталып, оларды одан әрі зерделеу және тиісті мекемелердің назарына жеткізу қажеттігі белгіленді. Басқосуда көтерілген мәселелер халықтың өмір сапасы көптеген факторға тәуелді екенін тағы бір мәрте аңғартты. Отбасының берекесі, ұрпақтың саулығы, тұрақты еңбек пен лайықты табыс, сапалы әлеуметтік қызмет – қоғамның орнықты дамуының басты негіздері. Өңірдің өркендеуі ең алдымен адамға жасалған жағдайдан басталады. Әрбір тұрғынның алаңсыз өмір сүріп, еңбегінің жемісін көруі, балаларының болашағына сеніммен қарауы – ортақ мұрат. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты бастамаларды қолдау Сыр елінің әлеуметтік дамуына серпін беретін маңызды қадам болып қала береді.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі