2025 жылдың 21 қарашасында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) ұйымдастыруымен дәстүрлі «Инклюзивті қоғам мәселелері жөніндегі ІІІ Республикалық үкіметтік емес ұйымдар слеті» өтті. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен инклюзивті мәселелермен айналысатын ҮЕҰ өкілдері, салаға қатысты түрлі мекемелер мен аталмыш қоғамның мүшелері жиналды.
Шараның негізгі мақсаты — денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және инклюзия саласындағы бастамаларды жүзеге асырып жүрген мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен қайырымдылық қорлар арасындағы диалог пен ынтымақтастық алаңын құру. Слетке ЖСДП басшылығы мен белсенділері, депутаттар, аналар мен өзге де белсенділер келіп қатысты. Ең өкініштісі сол, шараға арнайы шақырылған өзге де мемлекеттік органдар, атап айтқанда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Туризм және спорт министрлігі және жергілікті әкімдік өкілдері сынды құзыреті бар мекемелерден бір де бір өкілдің келмеуі қоғам алдында сын болды. Десе де Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, Инклюзивті және арнайы білім беру департаментіне зор алғыс айтамыз. Арнайы өкіл келіп шараның маңыздылығына мән берді. Слет жоғары деңгейде өтті. Бұл жолғы дәстүрлі шараны жүргізуде және өткізуде аса белсенділік танытқан ЖСДП Ақмола облыстық филиалы мен филиал төрағасы Ілияс Жанғалиды жекелеп атап өткен абзал. Сонымен, жиналғандар алдына алғашқы болып шығып, сөз сөйлеген ЖСДП Орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов, барша қауымға алғыс білдіре отырып, шараның тарихына аз-кем тоқталып өтті.
«Партиямыздың сайлауалды бағдарламаларының бірі де осы инклюзивті қоғамның маңыздылығын арттырып, азаматтарымыздың тең дәрежеде өмір сүруіне мүмкіндік жасау. Сол бастама негізінде біз осымен үшінші рет аталмыш слетті ұйымдастырып келеміз. Осы жылы өздеріңіз байқағандай біз үкіметтік емес ұйымдарды көбірек шақырып, олардың мәселелерін тыңдап, жетістігіне куә болуды мақсат еттік және барынша насихаттамақпыз. Мүмкіндігіміздің жеткен жерге дейін өздеріңізді қолдап, кемшін тұстар болса заң жүзінде әрекет етіп, мәселені Үкіметтік деңгейге көтереміз деп ойлаймын», — деді.
Қатарынан үшінші рет ұйымдастырылып отырған шараның деңгейі де, пәрмені де өзгерек екенін аңғару қиын емес. Не дегенмен, тек партиялық қана емес, депутаттық корпус дәрежесінде өтіп отырған шараның өзгеге тигізер шарапаты да болуы заңдылық.
Инклюзивті қоғамды парламентте қолдайды
Сөз алған ЖСДП фракциясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, шараның бастамашыларының бірі Ажар Сағандықова аталмыш слеттің нәтижесі бойынша арнайы резалюция қабылданып ұсыныстарды заң жобалары бойынша талқылайтын боламыз деп отыр. «Біз партиялық қана емес, мәселені парламенттік деңгейде де үнемі көтеріп, айтып келеміз. Денсаулығында кінәраты бар жандарды біз ешқашан жеке қалдырмауымыз керек. Олардың да қоғамның толық мүшесі болуына жағдай туғызуымыз бізге міндет. Қазір өзім Парламенттегі инклюзивті қоғам мәселелері жөніндегі жұмыс тобының мүшесімін. Сондықтан мүмкіндігінше осында айтылған мәселелерді толықтай жіпке тізіп саралап, жұмыс тобының келесі отырыстарында ұсынатын боламын. Тағы бір айта кететінім — өз басым Парламентте аталмыш инклюзивті қоғам мәселелері туралы бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, заңға өзгерістер енгіздік. Мұның барлығы біздің ортақ жұмысымыздың жемісі деп ойлаймын», — деді.
Шындығында, инклюзивті қоғам — біздің қазіргі ортамызбен тең дәрежеде өмір сүріп келе жатқанын кейде түрде түсінбей жататынымыз анық. Сондықтан да мемлекет ол азаматтардың құқығын қорғау мақсатында арнайы заң шығарып, олардың толыққанды құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етіп отыр. Дегенмен де Ажар Бақытқызы айтқандай, мәселені үнемі жетілдіріп отыру қажет екені түсінікті жағдай. Шараға арнайы келіп қатысып, өзінің жүрек жарды тілегін білдіріп, көтерілген мәселелерді барынша қолдауға уәде еткен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП Төрағасы Асхат Рахымжанов, шараға қатысу мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы ат терлетіп келген қатысушыларға алғыс білдірді.
«Біз үшін және біздің партия үшін бұл аса маңызды тақырыптардың бірі. Мұндай ашық талқылаулар аса маңызды. Көп жағдайларды өз көзімізбен көріп, шынайы түсінетін боламыз. Нәтижесінде заңға өзгерістер мен ұсыныстар берген шақта қателеспейтін боламыз. Қоғамдағы шынайы жағдайлар мен жаңадан пайда болып жатқан түрлі әлеуметтік проблемаларға жіті назар аударылатын болады. Сіздердің бұл жерде айтқан кез келген ұсыныстарыңыз ескерусіз қалмайды», — деді партия Төрағасы Асхат Рахымжанов.
Шындығында, қазір адамдар инклюзиялық қоғам мәселелері жөнінде кең көлемде түсініп, жағдаймен етене бола бастады. Бұған дейін ол азаматтар қоғамнан тыс өмір сүретін секілді болып көрінетін. Енді міне жағдай өзгеріп, қоғам санасы да қалыптаса бастады. Тіпті инклюзивті қоғам мүшелері де толыққанды қызметке тартылып, түрлі жағдайда өздерінің белсенділіктерін көрсетіп жүр. Сондай азаматтарымыздың бірі — бүгінгі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сейтжан Кенжеғұл. Инклюзивті қоғам мәселелері жөніндегі ІІІ Республикалық үкіметтік емес ұйымдар слетіне Сейтжан Социалұлы да арнайы келіп қатысып, өзінің ұсыныстары мен жүрек жарды тілегін жеткізді.
«ЖСДП өте көп жұмыстар атқарып жатыр. Оны депутат ретінде сезіп, біліп жүреміз. Қазір Парламентте инклюзияға байланысты заң жобасы қаралып жатыр. Оған біздің жұмыс тобы біршама өзгерістер мен толықтырулар ұсынып жатыр. Қазір цифрлық инклюзия деген жаңа термин қалыптаса бастады. Осыған байланысты әріптестерімізбен бірге мүмкіндігінше оңтайлы жұмыстарды ұйымдастырудамыз. Мәселеге Президенттің өзі бей жай қарап отырған жоқ. Сондықтан бастамаларыңыз өте орынды. Сол үшін де уақыттың тығыздығына қарамастан арнайы келдім», — деді депутат Сейтжан Кенжеғұл.
Қамқорлық өзіңнен басталу қажет
Шараның келесі бөлімі — шақыруды қабыл алып, өздерінің ұсыныстары мен жетістіктері төңірегінде ой қозғайтын үкіметтік емес ұйымдар мен ұйым мүшелеріне берілді, — деді Ілияс Жанғали. Шынайы мәселелермен бетпе-бет келетін ата-аналар мен дамыту орталықтарын, қоғамдық ұйымдар мен ҮЕҰ-дарды қолдау аса маңызды. Алдағы уақытта олар қай бағытта жұмыс істеуі керектігі жөніндегі нақты ұсыныстарды қатысушылардың өздері де деректерді келтіре отырып баяндады.
QAZAKHSTAN ұлттық қауымдастығының төрайымы, аутизм диагнозы бар баланың анасы Нұрия Балтабайқызы, салада әлі де болса мәселенің бар екенін айтты. «ЖСДП жыл сайын үлкен мәселелерді көтеріп келе жатыр. Өз басым слеттің тұрақты қатысушысымын. Мен өзім алдымен ана ретінде баламның әр қадамымен даму кезеңін қалт жібергенім жоқ. Әр сәтте түрлі кедергілерге тап болып отырдым. Қарапайым мысал келтіре кетейін. Біз емханаларға барған кезде ол жердегі адамдардың көзқарастары да бізге және баламызға ауыр соғады. Соған қарағанда бізде әлі де болса инклюзивті қоғам туралы ақпарат өте аз. Екінші айтарым — елімізде біз тәрізді отбасыларға түбегейлі зерттеу жүргізілмейді. Анық айтар болсам, бүгінгі таңда елімізде арнайы білім беруді қажет ететін балалардың жалпы саны 2021 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша 161 826 болса, 2025 жылғы жағдай 230 000-ға дейін өскен. Оның ішінде: 3,4% — есту қабілетінің бұзылуы; 5% — көру қабілетінің бұзылуы; 11,6% — тірек-қимыл аппаратының бұзылуы. Мұндай балалардың 80% — ақыл-ой кемістігі, сөйлеу қабілетінің бұзылуы, эмоционалды-ерік бұзылыстары және аутизм диагнозы бар балалар деп есептеледі. Сондықтан мемлекеттік тараптан мұндай отбасыларды әбден зерттеп, қамқорлық көрсету қажет. Тіпті бізде осындай баласы бар отбасы мемлекет тарапынан бір де бір рет көмек алмаған жағдайлар ұшырасып қалып жатады», — дейді Нұрия Балтабайқызы.
Шынымен де келтірілген деректерге қарап жұмыс үдерісін ұлғайту керектігін байқауға болады. Статистикалық деректерге сенсек, елімізде соңғы жылдары балалық шақтағы мүгедектік күрт өскен. «Аутизм Қазақстан» қауымдастығының мәліметі бойынша, аутизм және ақыл-ой кемістігі бар балаларды дамытуға байланысты мемлекеттік бағдарламалар жоқтың қасы. «Болашақ» корпоративтік қорының әлеуметтік жобалар жетекшісі Әбілекова Самалдың айтуынша, елімізде 2015 жылдан бастап алғаш рет мектептерде инклюзивті кабинеттер ашыла бастаған.
«2015 жылы біздің қордың демеушілігімен мектептерде арнайы кабинеттер ашыла бастады. Бүгінгі күннің өзінде көп мектептерде арнайы кабинеттер жабдықталмағаны анық. Егер қажеттілік туындаған жағдайда ата-аналар жергілікті билікке не әкімшілікке барып өтініш жасауға құқылы. Мектепке баратын ерекше балаларды оқытатын тәрбиешілер мен педагогтар туралы қиындықтар туындап жататыны жасырын емес. Педагогтарды оқыту, олардың білімін жетілдіру жұмыстары бір бөлек болса, мамандардың жалақысы турасында да мәселе келесі бір қиыншылық десем болады. Сондықтан жағдайға кешенді түрде қарау маңызды болмақ», — деді әлеуметтік жобалар жетекшісі Әбілекова Самал.
Самал Төлегенқызының келтірген мысалдары бойынша, мектептерге тартылатын арнайы мамандар көп жағдайда 120 мың теңге жалақы алумен шектелетін көрінеді. Ал жұмыс жүктемесінің ауырлығын ескерсек, мұндай жалақыға тұрақты әрі сапалы мамандар тізбегін жасақтау мүмкін болмасы анық.
Көтерілген келесі бір ауқымды мәселе — ерекше балалардың мектепті бітіргеннен кейінгі жағдайы болып отыр. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті директорының орынбасары Қожахмет Жәдігер былай дейді. «Қазір әр мектепте мемлекет тарапынан арнайы жабдықталған кабинеттер ашылу үстінде. Оған қоса білім беретін педагогтар саны мен санатын арттыру мәселесі де қолға алынып отыр. Ерекше қажеттілігі бар балалардың мектептен кейінгі жағдайы бойынша да министрлік әкімдіктермен бірлесіп түрлі жұмыстар атқару үстінде. Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдардың 73%-да (жоспар 80%), мектептердің 91%-да (жоспар 95%), колледждердің 85%-да (жоспар 90%) жағдайлар жасалынған», — деді. Министрлік өкілінің тағы бір айтқаны, - Қазіргі таңда еліміздегі балабақшаларда және колледждерде «педагог-ассистент» штат бірлігі енгізілу үстінде екен. Бұл да болса оң шешім екені айқын.
Негізінен білім беру ұйымдарында білім алып жатқан балалардың сырқаттары ауыр емес, жеңіл түрде екенін түсінеміз. Ал орта және ортадан төмен жағдайда диагноз қойылған балаларды да дамыту — қоғамның және мемлекеттің алдында тұрған ауқымды сұрақ. Ал бұл тұрғыда болашақта қандай шаралар жасалса да нәтижелі болуы маңызды екені айтпаса да түсінікті. Осы тұста ерекше белгілеп кететін жағдай — слетке арнайы келіп қатысқан «EGO vibe» тазалық қызметі компаниясының басшысы Көжеков Нұржан есімді жас кәсіпкердің келтірген мысалын атап айтуға тұрарлық. Оның тазалық қызметін ашуына туған ата-анасының ерекше жандар болуы себеп болыпты. «Менің ата-анамның екеуі де есту қабілетінен айырылған жандар. Олар қоғамнан өз орындарын таба алмай көп қиналды. Мен олардың қиналғандарын көріп өстім. Тіпті ата-анаммен сөйлесу үшін арнайы мылқаулар тілін оқып үйрендім. Өсе келе қиналып жүрген ата-анамды қуантып, оларға көмектесе бастадым. Сосын барып арнайы тазалық компаниясын аштым. Қазір Алматы мен Шымкент қалаларында компаниямның бөлімшелерін ашуды жоспарлап жүрмін. Табысымыз да өте жақсы. Сондықтан денсаулығында кінәраты болғанымен, ол азаматтардың шексіз мүмкіндігі мол екеніне мен сенемін», — деді жас кәсіпкер Көжеков Нұржан.
Тілектер ағашы (орындалған армандар)
Ашық пікір алмасу алаңында әркім өздерінің ойларын еркін түрде ортаға сала отырып, өзекті мәселелерді талқылады. Мәселелердің шешілу жолдарының да бар екені сөз болды. Тек заңды тұрғыдан қадамдар жасалуы маңызды. Ал слеттің келесі бір маңызды кезеңі — «Тілектер ағашының» ашылу салтанаты болды. Идея авторлары — мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарының өздері. Мәуелі бәйтерек символымен жасалған мама ағаш түбіне қойылған конверттерге балалар өз тілектерін жазып қалдырған болатын. Дәл осы 21 қараша күні слетке келген көп қауым балалардың тілектерін орындау мақсатында әркім бір конвертті таңдап, ішінен баланың арманын не тілегін оқыды. Осылайша көптің көз алдында әлгі оқылған тілекті орындауға уәде етті. Бұл ерекше жағдай көпшіліктің көңілінен шыққаннан болар, жиналғандар түгел дерлік конверттерді ашып оқыды. Ең қызығы — ЖСДП депутаттарының бастамасымен тілектер ағашы алдағы уақытта ҚР Парламенті Мәжілісіне де жеткізілетін болды. Ал оған дейін аталмыш дәстүр ЖСДП-ның өңірлердегі барлық филиалына апарылып, арнайы іс-шаралар ұйымдастырылмақ. «Жер бетінде бір бала күлсе — күллі әлем жадырайды»- демекші, балаларды қуанту, соның ішінде ерекше баланы қуанту — үлкен сауапты іс болары анық. Слеттің жоғары деңгейде өткендігіне баға берген сарапшылар болашақта мұндай шараның үздіксіз болуын тіледі. Жиын соңында келген жандарға алғыс айтқан партияның Орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов дәстүрлі слеттің келесі жылы Ақмола облысында ұйымдастырылатынын көпшілікке жеткізді. Бұл бастамаға барша қауым қуанып, шынайы алғыстарын білдірді.
Бердібек Қабай ЖСДП баспасөз қызметі