Қызылордада еңбек ресурстарын тиімді бөлу, жастарды жұмыспен қамту және кадр тапшылығы бар өңірлерге мамандар тарту мәселелері талқыланды. Талқылауға мұрындық болған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы.
16 қыркүйек күні облыстық филиалы ұйымдастырған «Өңіраралық еңбек көші-қонын дамыту арқылы халықты жұмыспен қамту мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстелде біршама өзекті мәселе талқыланды. Жиынға Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарынан ЖСДП өкілдері еңбек нарығындағы жағдай мен өңіраралық көші-қонға қатысты мәселелер жөніндегі пікірлерін ортаға салды. Талқылау барысында жастарды жұмыспен қамту, кадр тапшылығы бар өңірлерге жас мамандарды тарту, еңбек ресурстарын тиімді бөлу және қоныс аударушыларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне басымдық берілді. Қатысушылар еңбек күші артық өңірлерден мамандар қажет аймақтарға ерікті түрде қоныс аударуға қолайлы жағдай қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте азаматтарға тек жұмыс орнын ұсыну жеткіліксіз. Тұрақты жұмыспен қатар, лайықты жалақы, тұрғын үй және жаңа ортаға бейімделу мүмкіндігі де ескерілуі қажет. Әсіресе жастар, жас отбасылар мен балалы отбасылар үшін қолдау тетіктерін жетілдіру мәселесі көтерілді. Осыған байланысты қоныс аударатын азаматтарға арналған квота көлемін ұлғайту, қолжетімді тұрғын үй мүмкіндіктерін кеңейту және әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету ұсынылды. Жиында қоныс аударушыларды жұмысқа орналастырудың сапасына да назар аударылды. Азаматтардың білімі мен кәсіби біліктілігіне сәйкес келетін тұрақты жұмыс орындарын ұсыну, еңбек жағдайы қолайлы әрі бәсекеге қабілетті еңбекақы төленетін қызметке орналасуына жағдай жасау қажеттігі айтылды. Сонымен бірге азаматтарды қоныс аударғанға дейін және көшіп барғаннан кейін сүйемелдеу жүйесін жетілдіру ұсынылды. Бос жұмыс орындары, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттың алдын ала және толық берілуі қоныс аудару туралы шешім қабылдауды жеңілдетеді. Дөңгелек үстел қорытындысында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, жұмыс берушілер, білім беру ұйымдары мен қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара байланысты күшейту жөнінде ұсыныстар айтылды. Жиында көтерілген мәселелер бойынша әзірленген ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдардың қарауына енгізу ұсынылды.
Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының баспасөз бөлімі