Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Орталық аппаратында әйелдер үшін өзекті болатын кейбір мәселелер ашық талқыланып нақты ұсыныстар айтылды.
«Астана әйелдерінің үні: айтамыз, тыңдаймыз, өзгертеміз» деген тақырыпта өрбіген қоғамдық диалогты Астана қаласы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Валерьевна Боськоны тізгіндеді. Кездесудің басты ерекшелігі – әйелдер туралы сырттай сөз қозғау емес, әйелдердің өзін тыңдау болды.
«Бүгінгі ұстанымымыз өте қарапайым: айтамыз, тыңдаймыз, өзгертеміз. Бүгін біз әртүрлі жастағы, түрлі мамандық иесі, әрқилы өмірлік тәжірибесі бар әйелдердің пікірін тыңдағымыз келеді. Атап айтқанда, кәсіпкер әйелдер, аналар, көпбалалы аналар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар, қоғам белсенділері, ерекше қажеттілігі бар әйелдер өздерінің мәселелері мен ұсыныстарын ортаға салса дейміз. Әрқайсысының өз тарихы, өз қиындығы, өз жетістігі бар. Дегенмен бәрімізді біріктіретін ортақ мәселелер де бар. Олар – отбасы, жұмыс, қауіпсіздік, даму мүмкіндіктері және өз пікіріңді еркін жеткізіп, естілу құқығы»,-деді Оксана Босько.
Шараға Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Әйелдер қанаты ның өкілдері және Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері қатысты. Одан бөлек, ЖСДП-дан ұсынылған Құрылтай депутаттары Ажар Сағандықова, Нұрайнаш Камаловалар да арнайы келді.
Іс-шараға түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдер, кәсіпкерлер, көпбалалы аналар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, қоғам белсенділері және ер азаматтар да қатысты.
«Біз тек мәселені айтып қана қоймай, оның шешімін ұсынуымыз керек»,-дейді олар.
Кездесудің басында ұйымдастырушылар қазіргі әйелдердің қоғамдағы рөліне тоқталып, бүгінгі диалогтың негізгі қағидасын атап өтті. Қатысушыларға тек өз мәселесін айту емес, сонымен бірге: «Егер проблема бар болса, оның нақты шешімі қандай? Нені өзгерту керек?»,-деген сұраққа жауап беру ұсынылды. Бұл тұрғыдан қарағанда әйелдердің өз тәжірибесіне сүйеніп айтқан ұсыныстары ерекше мәнге ие болары да анық.
ЖСДП мүшесі, Құрылтай депутаты Ажар Сағандықова халықпен жұмыс барысында азаматтардың түрлі мәселелерімен күн сайын кездесетінін атап өтті.
«Бүгін біз мұнда жай ғана іс-шара өткізу үшін емес, ең алдымен әр адамның пікірін тыңдау үшін жиналып отырмыз. Біздің партиямыз – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия халықпен тұрақты жұмыс істеуге құштар. Біз азаматтардың кез келген мәселесін талқылауға әрдайым ашықпыз. Қазақстанның әр өңірінде біздің филиалдарымыз бен қоғамдық қабылдауларымыз жұмыс істеп тұр. Ол жерлерге азаматтар өз мәселелерімен келеді, біз қолдан келгенше олардың шешілуіне көмектесуге тырысамыз. Кейде тіпті жеке сипатта да сөз қозғалады. Бірақ олардың барлығын біріктіретін бір үлкен ортақ мәселе бар. Ол – балаларымыздың болашағына деген алаңдаушылық», – деді депутат. Одан бөлек Ажар Сағандыққызы бүгінгі мәселелерді шешу үшін ерлер мен әйелдердің бірлескен диалогы қажет екенін де ерекше атап өтті.
Ерекше баланы тәрбиелеп отырған анаға кім көмектеседі?
Кездесуде ең өзекті мәселелердің бірі – ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналардың жағдайы болды. Қоғам белсендісі, аутизмі бар балаларға арналған түзету орталығының жетекшісі, «Autism Life» қорының басшысы Оксана мәселенің тек балаға көрсетілетін медициналық немесе педагогикалық көмектен тұрмайтынын айтты. Оның пікірінше, ерекше баланың қажеттілігіне байланысты отбасының бүкіл өмірі өзгереді.
«Баланы кім сабаққа апарады? Кім кезекте отырады? Кім комиссиялардан өтеді? Мектеппен кім сөйлеседі? Мамандарды кім іздейді? Көп жағдайда бұл міндеттердің барлығы ананың мойнына түседі. Нәтижесінде әйел жұмыс уақытын қысқартады, мансаптық мүмкіндіктерінен бас тартады, кәсіби біліктілігін жоғалтады немесе мүлдем жұмысынан кетуге мәжбүр болады»,-дейді. Оксана осы мәселені әлеуметтік қана емес, экономикалық мәселе ретінде қарастыруды ұсынды.
Үйде білім алатын балалардың мәселесі
Кездесуде көпбалалы ана Әлия да өз тәжірибесімен бөлісті. Оның төрт баласының үшеуі – ерекше қажеттілігі бар балалар. Екі баласы мектепте оқыса, үшінші баласы үйде білім алады екен. Оның айтуынша, үйде отырып білім алатын ерекше қажеттілігі бар балалардың білім алу жүйесінде шешілмеген мәселе өте көп.
«Ең алдымен, психологиялық, медициналық және педагогикалық кеңес беруге (ПМПК) жазылу және комиссиядан өту өте ұзақ уақыт алады. Кей жағдайда ата-ана бірнеше ай бойы кезек күтуге мәжбүр болады. Ал үйде сабақ беретін мұғалімдерге келсек, олардың барлығында ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеуге қажетті арнайы құзырет бола бермейді»,-дейді Әлия. Сонымен қатар мектептерде логопед, дефектолог және психолог мамандары мүлде жетіспейді екен. «Бір маманның бірнеше ондаған баламен жұмыс істеуіне тура келеді. Ал маманның бір балаға аптасына бір рет қана 25–30 минут уақыт бөлуі қажетті екен. Бұл жағдаймен өзім бетпе бет келіп жүрмін. Инклюзия – баланы жай ғана мектепке енгізу емес. Оның нақты қажеттілігіне қарай білім алуына жағдай жасау»,-дейді ол.
Әйелдің экономикалық дербестігі және кәсіпкерлік
Кәсіпкер әрі аудитор Гүлжан ауыл шаруашылығын дамытудағы өз тәжірибесімен бөлісті. Ол Астана маңындағы Қоянды ауылы маңында органикалық ауыл шаруашылығын дамытуды бастап, бір гектар жерге таңқурай отырғызған. Жоба басталған кезде оған көптеген адамдар бұл өңірде таңқурай өспейтінін, жердің сортаң екенін айтқан. Алайда кәсіпкер алғашқы өнімін алып, жобасының өміршең екенін көрсетті. Ендігі мақсат – органикалық таңқурай, шие, қарақат, қызанақ, қияр және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру. Бірақ бұл жерде кәсіпкер жер мәселесіне тап болған көрінеді.
Кәсіпкердің айтуынша, жерлерді жеке меншікке рәсімдеу мәселесі Қазақстанның әр өңірінде әртүрлі шешіледі. Астанада бұл мәселе бойынша нақты әрі түсінікті механизмнің болмауы кәсіпкерлік жобаның кеңеюіне кедергі болып отырған көрінеді.
Әйелдің мәселесі – қоғамның мәселесі
Кездесуде көтерілген мәселелер әртүрлі болғанымен, олардың барлығы бір-бірімен байланысты екені байқалды. Бүгінгі кездесудің басты маңызы да осында. Әйелдің үнін есту – мәселенің басталуы ғана. Ең маңыздысы – сол, әйелдің үнін нақты шешімдерге айналдыру. «Астана әйелдерінің үні» алаңындағы көтерілген ұстаным осы болды.
ЖСДП баспасөз қызметі