Жасөспірімдердің болашағы – қоғамның болашағы. Сондықтан оларды тәрбиелеу, жастарға дұрыс бағыт беру мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алып, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың болмауына жол бермеу әрбір саналы азаматтың міндеті.
Кәмелетке толмағандар арасындағы заң бұзушылық – бұл тек құқықтық емес, сонымен қатар әлеуметтік және тәрбиелік мәселе. Өкінішке қарай, елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыстар азаймай отыр. ЖСДП Атырау облыстық филиалының қызметкерлері осы мәселеге орай Атырау облысының Полиция департаменті және Атырау облыстық Білім басқармасы өкілдерімен кездесті.
Атырау облысында 2025 жылғы 5 айның қорытындысы бойынша жасөспірімдер жасалған қылмыстар саны 218,8%-ға (16-дан 51-ге) өскен. Балалар мен жасөспірімдер қылмысының алдын-алу бағытында атқарылып жатырған жұмыстарды зерделеу мақсатында ЖСДП Атырау облыстық филиалының қызметкерлері Атырау облысының Полиция департаменті және Атырау облыстық білім басқармасы өкілдерімен бірнеше рет кездесу ұйымдастырды.
Атырау облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция полковнигі Кушкалиева Орынгүл Жанғалиқызының айтуынша кәмелетке толмағандар көбінесе ұсақ ұрлық, бұзақылық, топпен төбелесу, мектепке қатыспау (сабақтан қашу), көлік құралдарын заңсыз басқару, есірткіге немесе ішімдікке тәуелді болу сияқты заң бұзушылықтар жасайтын көрінеді. Кей жағдайларда олар үлкендердің ықпалымен немесе өз қатарластарының қысымымен қылмыстық әрекеттерге де қатысатындығын айтты.
«Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың негізгі себептері–отбасы мен оқу орындарындағы бақылаудың әлсіздігі, дұрыс тәрбие мен білімнің жеткіліксіздігі, жаман ортаның ықпалы, бос уақытты дұрыс пайдаланбауы, әлеуметтік желілер арқылы таралатын зиянды ақпараттар жасөспірімдердің мінез-құлқына кері әсерін тигізуде»,-дейді полиция полковнигі Орынгүл Кушкалиқызы.
Бұнымен қатар кейбір жастар өз ортасында бедел жинау мен өзін-өзі дәлелдеуге және өз орнын таба алмағандықтан достарының мойындату үшін, заңсыз әрекеттерге барады екен. «Ұрлық жасау, бұзақылық, төбелеске қатысу немесе қауіпті әрекеттерді видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялайды.
Мұндай "бедел" уақытша ғана, ал оның салдары ауыр болуы мүмкін екенін жасөспірімдер түсінбейді. Сондықтан кәмелетке толмағандар жасаған және оларға қатысты жасалған заң бұзушылықтар мен оның салдары туралы мектеп оқушылары мен ата-аналар арасында түсінік жұмыстарының жүргізілуі құқық бұзушылықтың алдын алуға септігін тигізеді»,-дейді Орынгүл Жанғалиқызы.
Атырау облысы Білім беру басқармасының тәрбие бөлімінің басшысы Дулат Хамзиннің айтуынша аталған мәселені шешуде ата-ананың рөлі ерекше маңызды, өйткені ата-ана–баланың алғашқы тәрбиешісі. Егер ата-ана баласының мінез-құлқына, айналасындағы ортамен байланысына, білім алуына назар аудармаса, бұл жағдай баланың теріс әрекетке баруына себеп болуы мүмкіндігін айтты маман.
«Ата-ана өз баласына тек материалдық жағдай жасап қана қоймай, оның рухани, мәдени, психологиялық дамуына да назар аударуы тиіс. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу жолдарының бірі ата-ана жауапкершілігін күшейту. Құқықтық сауатты, адамгершілігі мол жас ұрпақты қалыптастыру үшін мемлекет, мектеп және қоғам бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Кәмелетке толмағандар арасындағы заң бұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның міндеті»,-дейді Д.Хамзин.
Кездесу барысында мамандар жасөспірімдердің құқық бұзушылығының алдын-алу үшін жазғы каникул кезінде 16 жастан бастап ресми түрде олардың жұмыс жасауына мүмкіндік беретіндей заңнамаларға өзгерістер енгізілсе, жеткіншіктер еңбекке араласып, ақша табуды мақсат етіп, құқық бұзушылық ортаға тартылмас еді. Бұл тараптардың жеке пікірі. Ал кездесу барысындағы ақпараттар мен ұсыныстар ЖСДП фракциясының депутаттарына алдағы уақытта хаттама ретінде жолданатын болады.
ЖСДП Атырау филиалының баспасөз қызметі