Қазақстанның түкпір-түкпірінен нәзік жанды көшбасшылар, сарапшылар мен қоғам белсенділері әйел еңбегіне, инклюзияға, киберқауіпсіздікке және саясаттағы мүмкіндіктерге қатысты ұстанымдарды реформалау мақсатында топтасты.
Ақтөбе қаласында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Ақтөбе облыстық филиалының ұйымдастыруымен Республикалық әйелдер форумы өтті. Ауқымды пікірталас алаңы Парламент өкілдерін, сарапшылар қауымдастығын, үкіметтік емес ұйымдарды, бизнес және азаматтық сектор өкілдерін біріктірді. Форумға қатысушылар әйелдердің құқықтарын қорғаудың түбегейлі жаңа бағытын айқындады. Онда теңдікті жай ғана жариялаудан бастап, ақы төленбейтін еңбекті экономикалық тұрғыдан мойындауға, заңнамалық өкілеттіктерді кеңейтуге және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дейінгі мәселелер көтерілді. Форумды ҚР Құрылтай депутаттығына кандидат, ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Аружан Аленова жүргізді. Форумның негізгі баяндамасын VIII шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,ЖСДП Әйелдер қанатының жетекшісі Ажар Сағандықова жасады. Ол Қазақстан әйелдері мемлекеттік әлеуметтік шешімдер мен оларды қалыптастыру мен қабылдауға тікелей қатысуы қажеттігіне назар аударды.
«Әйелдер қабылданып жатқан шешімдердің тек нысаны болып қалмауы керек – олар шешімдер қабылданатын жерде өздері де болуы тиіс. Саяси және қоғамдық өмірге әйелдер неғұрлым көп қатысса, мемлекет тарапынан нақты назар аударылатын мәселелер аясы да соғұрлым кеңейеді», – деп атап өтті Ажар Сағандықова.
ЖСДП елордалық филиалы Әйелдер қанатының жетекшісі, Қазақстанның тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы Раушан Әубәкірованың баяндамасы да ерекше пікір туғызды. Аймақаралық деңгейде алғаш рет ақы әйелдің пұлсыз еңбегі – бала тәрбиесі, қарт туыстарына күтім жасау және үй шаруашылығын жүргізу мәселесі баяндама арқауы болды.
«Әйел бала тәрбиесімен, үй шаруасымен айналысып, қарт ата-анасына қамқорлық жасап, бүкіл отбасын қолдап отырғанда, бұл еңбекті неге екені белгісіз, өзінен-өзі түсінікті нәрсе ретінде қабылдау қалыптасқан жағдай. Алайда күнделікті атқарылатын осы еңбек болмаса, отбасының да, экономиканың да қалыпты жұмыс істеуі мүмкін емес. Енді оның шынайы құндылығы туралы айтатын уақыт келді», – деді Раушан Әубәкірова.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдердің сұранысына практикалық жауап ретінде ЖСДП Ақмола облыстық филиалы Әйелдер қанатының жетекшісі Ару Алшынбай ЖСДП-ның бастамашылдығымен жүзеге асырылып жатқан PANA жобасы таныстырылды. Жоба құқықтық және психологиялық қолдаудан бастап, әлеуметтік бейімделуге дейінгі кешенді қолдау платформасын ұсынады.
«Әйел қиындыққа тап болған кезде онымен жалғыз қалмайтынын білуі өте маңызды. PANA жобасы – әйелді тыңдауға, жағдайды түсінуге көмектесуге және одан арғы жолын бірге анықтауға дайын қолдау кеңістігі», – деп атап өтті Ару Алшынбай.
Әлеуметтік ортаны өзгерту мәселесі ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды жүйелі түрде қолдауға назар аударған AUTISM KAZAKHSTAN ұлттық қауымдастығының негізін қалаушы Нұрия Балтабайқызының баяндамасында жалғасын тапты.
«Инклюзия құжаттар мен есептерден басталмайды. Ол қоғамның адамға деген көзқарасынан және диагноздың ар жағындағы тұлғаны көре білуге деген дайындығынан басталады. Күн сайын орасан зор эмоциялық және физикалық салмақты көтеріп жүрген аналарға да ерекше қолдау қажет», – деп атап өтті Нұрия Балтабайқызы.
Ал ЖСДП Павлодар облыстық филиалының төрағасы Роза Жүсіпова онлайн кеңістіктегі өзекті қауіптерге, соның ішінде кибералаяқтыққа, дербес деректердің таралып кетуіне және интернеттегі қудалауға қатысты талдауын ұсынды.
«Цифрлық әлем әйелдерге орасан зор мүмкіндіктер береді, алайда сонымен қатар жаңа қауіптер де туындайды. Бүгінде цифрлық сауаттылық қосымша дағды емес, қауіпсіздік мәселесіне айналды. Әйел өз дербес деректерін, қаржысын және интернеттегі құқықтарын қалай қорғауға болатынын білуі тиіс», – деп атап өтті Роза Жүсіпова.
Форумның мәдени бағдарламасы сараптамалық пікірталастарды мазмұнды түрде толықтырды. Салтанатты ашылу рәсімінде қазақтың этникалық өнер үлгілері көрсетіліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп арнайы пролог ұсынылды. Бұдан кейін Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының әртістері «Әйелдер әлемі» спектаклінен үзінді қойды. Сахналық өнер мен сатира тілі арқылы отбасындағы теңдік, әйелдерге қатысты стереотиптер және қоғам тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қысым секілді өзекті мәселелер ашылды. Осылайша Ақтөбеде өткен форум әйелдер тек «отбасылық мәселелер аясында» ғана қарастырылатын кезеңге нүкте қоюға болатындығын аңғартты. . Ақы төленбейтін үй еңбегі, инклюзия, киберқауіпсіздік және саяси теңдік мәселелері – ұлттық экономика мен мемлекеттің тұрақтылығына тікелей қатысты мәселелер екені нақтыланды. ЖСДП ұйымдастырған диалог алаңы тұрақты жұмыс істейтін аймақаралық желі мәртебесіне ие болмақ. Қазақстан әйелдерінің үні енді қосалқы рөлде қалмайды – ол елдегі маңызды шешімдерді қабылдау үдерісіндегі айқындаушы күшке айналады. Бұл форумның өзегі болды.
ЖСДП Орталық сайлау штабының баспасөз қызметі