Әлемде Социалистік Интернационал қатарына бірігушілер мен қосылғысы келетіндердің саны жыл өткен сайын артып отыр. Бүгінде оның ықпалы да басым бола бастаған. Қазір СИ-ді әлемнің барлық дерлік еліндегі саяси партиялардың ең ірі бірлестігі деп айтуға толық негіз бар. Ғасырға жуық уақыт бұрын алғаш құрылған кезде 34 партияны біріктірді. Ал 1980 жылдардың ортасында қосымша 77 партияны қатарға қосқан. Бүгінгі уақытта 126 елден 156 партия мен ұйым аталмыш алаңда өзінің үнін білдіреді. Бұл тізбекте Қазақстанның да алар орны ерек.
Социалистік Интернационалға қарусыздану, экономикалық саясат, еңбек және ресурстар, әлеуметтік мәселелер, жергілікті басқару, көші-қон және бейбітшілік жөніндегі тақырыптық комиссиялар, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Африка, Азия–Тынық мұхиты аймағы, ТМД, Кавказ, Қара теңіз аймағы, Латын Америкасы, Жерорта теңізі және Таяу Шығыс бойынша аймақтық комиссиялар кіреді. Олар арнайы конференциялар мен съездерде бекітілетін шешімдерді дайындайды. Дайындай отырып, түрлі мінберден мәселе көтереді. Мальтада өткен осы жолғы СИ съезінде еліміздегі өзгерістер мен саяси серпіндер жағы да ерекше сөз болды. Әлем саясаткерлері Қазақстанда болып жатқан реформаларды ашық түрде қолдайтынын білдірді. Мұның өзі жаһандық маңызы бар жаңалық. Бұл жай ғана дипломатиялық әрекет емес. Аталмыш жиында Қазақстан тарап елде жүріп жатқан өзгерістер, парламенттік реформаны, әйелдер құқықтары мен жастардың рөлінің артуы — халықаралық қауымдастық мәселелерін де баяндады. Әрине, бұл елдегі саяси оң өзгерістерге үн қосу.
Мальтада өткен үш күнде Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) өкілдері елдің келешегі мен бүгіні турасында сүбелі сөз сөйлеп, мағыналы ой қозғады.
28 қарашада Социалистік Интернационалдың вице-президенті және ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов Қазақстандағы парламенттік реформа турасында арнайы баяндама жасады. Ол өз сөзінде Қазақстан үшін маңызды институционалдық шешімдердің бірі болған, бір палаталы парламентке көшудің алғышарттарының оң жағдайда жүзеге асырылып жатқанын баяндады.
Еліміздегі бұл саяси реформаның бір-ақ күнде пайда болмағанын жеткізді. Қазақстанда ЖСДП құрылғанынан бергі жиырма жыл бойына елде осы бір палаталы парламенттік жүйені қолдап келеді. Ал қазір осы ұстанымның реформаға айналғанын көріп отырмыз, – деді Асхат Рахымжанов.
«ЖСДП өзінің бағдарламасында Қазақстанда бір палаталы парламенттік модельге көшу парламенттік бақылауды күшейтіп қана қоймай, заң шығару процесінің тиімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам екені анық көрсеткен. Бүгінге дейін біз бағдарламаға жазып қана қоймай, табанды жұмыс істедік. Қазір мемлекет аталмыш бағытқа бет түзеді. Бұл елдің жаңаша бағытқа қадам басуының дәйегі. Елдегі реформа дер кезіндегі уақтылы жүргізілген бастама деп санаймыз», – деп атап өтті ол.
Бір айта кетерлігі, 28 қараша күнгі Социалистік Интернационалдың Төралқа отырысына СИ президенті Педро Санчеспен бірге Мальта елінің премьер-министрі Роберт Абела да ерекше ықыласпен қатысты. Білген жанға бұл жай құрмет емес, бұл – үлкен маңыздылыққа саяси тұрғыдан мән берудің белгісі.
Әдеттегідей түрлі платформаларда өтетін СИ отырыстары осы жолы да жүрісінен айныған жоқ. Әлемнің барша әйелдерінің басындағы жағдай талқыға салынды. Түрлі ауыр тағдырлар мен ерекше мүмкіндіктер, оларды қолдау мен қамқорлық мәселелері жан-жақты сараланды. Әйелдер қанатының отырысы 29 қараша таңмен басталған. Отырысқа қазақстандық тараптан қатысқан ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова әйелдердің әлеуметтік теңсіздігі ең ауыр мәселеге айналғандығын сөз етті.
«Кедейлік туралы айтқан кезде әлем жиі статистикаға сілтеме жасайды. Бірақ социалистер үшін сандар абстракция емес. Олар адам тағдырын, жұмыс күшін, қоғамның әлеуметтік құрылымына назар салады. Әйелдер әлеуметтік теңсіздіктің құрбанына айналуда. Әлемнің көптеген елдеріндегі сияқты, әйелдер ауыр жұмысқа жегілуде. Бұл жағдай Қазақстанды да айналып өтпейді. Ең бастысы — әйелді үйде балалары және отбасы күтіп отыр. Ал бүгінгі қоғам әйелді ауыр жұмысқа жегуді тоқтата алмай отыр. Осыны естен шығармайық», – деді Ажар Сағандықова. Сонымен қатар ол қазақтың дәстүрлі қоғамының оң көрінісінен де біршама хабар берді. Өз сөзінде: «Қазақ даласы әйелдерді әрқашан құрметтеген. Дәстүрлі қоғамда олар ерлермен бірдей жауапкершілікті өз мойнына алды, шешім қабылдады және ру мен оның дәстүрлерінің қамқоршысы болды. Бұл құрмет романтикалық бейне емес, бүгінде патернализмнен тазартылып, қалпына келтірілуі тиіс ұлттық бірегейліктің элементі», – деді. Сондай-ақ ЖСДП мүшесі нәзік жандылардың басындағы біршама ауыртпалықтарды жеңілдетудің жолдарын ұсынды.
Ал дәл осы күні Кеңестің келесі отырысы жастар қанатының жұмысымен жалғасқан. ЖСДП жастар қанатының жетекшісі, партияның Орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов Социалистік Интернационал Кеңесінің отырысында XXI ғасырға тән ұрпақтар арасындағы қарама-қайшылық пен алшақтықты назарға алды. Ол бүгінгі жастардың басқа шындықта өмір сүріп жатқаны туралы баяндап, сандық ортада ақпараттың жылдам ағыны мен жеке бастың еркіндігі төңірегіндегі мәселелерді қозғады.
«Z ұрпағы мүлде басқа кеңістікте өмір сүреді. Олар тек әрекет етеді. Олардың саяси тілі — адалдық, ашықтық және сандық бостандыққа негізделген. Ал егер мемлекет оларды, яғни жаңа ұрпақтың ойын, дүниетанымын ескермей, сандық жүйе деп кез келген формадағы қағида мен заңнаманы әзірлейтін болса, онда тұтас ұрпақтың сенімі жоғалады. Ал бұл — үлкен қауіп. Әлеуметтік демократия — олар үшін жеке бостандық пен әлеуметтік әділеттілік. Бұл екеуі қатар жүруі тиіс», – деді ол. Одан бөлек, Мақсұт Насибулов: «Егер біз Z ұрпағының бізді одақтастар ретінде көруін қаласақ, оларды кез келген талқылауға қосуымыз қажет. Парламенттерде олардың сандық және әлеуметтік құқықтарын қорғап, жаңа саясат пен ережелерді әзірлеу кезінде олардың мүмкіндіктерін ескеруді естен шығармауымыз қажет», – деді.
Шындығында да солай. Жастармен санаспаған жағдайда кез келген құрылымның құрдымға кетері анық. Бұл — өмірлік қағида екені белгілі. Сондықтан ЖСДП мүшесінің көтерген мәселесін өзекті деп бағалаған дұрыс. Маңызды мәселелер талқыланған үлкен жиында Социалистік Интернационалдың Қазақстандағы парламенттік реформаны қолдау туралы қарары қабылданды. Тіпті шара осы бір игілікті іспен қорытындыланды десек те болады. Бұл шешім әлемдік қауымдастықтың саяси бағасын білдірді. Сонымен қатар халықаралық серіктестер инклюзивті тәсілдің, ашықтықтың және реформадағы бірізділіктің маңыздылығын назарға алды. Бір сөзбен айтқанда, Социалистік Интернационал Қазақстандағы парламенттік реформалар мен демократияландыруды одан әрі жетілдіруге, басқаруды жақсартуға және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға мүмкіндіктер ашады деп санайды. «Біз ЖСДП-мен ынтымақтастықты білдіреміз және Қазақстан Республикасындағы прогрессивті және демократиялық өзгерістерді қолдауға дайынбыз», – делінген қарардың қорытындысында.
ЖСДП баспасөз қызметі, Бердібек Қабай