Мәжіліс депутаты Жамбыл өңіріндегі қордаланған мәселелерді өз көзімен көрді

2025 жылдың 20 тамыз күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев, Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдің қарапайым тұрғындары мен жұмысшы топ өкілдерінің пікірін тыңдады. Ашық форматта өткен бұл басқосулар, еңбек адамының мұң-мұқтажына құлақ асып, нақты шешімдерге жол ашатын маңызды диалог алаңы болды.

Кездесу барысында еліміздің еңбек саласында қордаланып қалған бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, жұмысшылар жалақы мөлшерінің төмендігі, еңбекақының инфляцияға сай индексацияланбауы, кейбір сала мамандарының кәсіби мәртебесінің бүгінге дейін заңмен айқындалмағаны сынды түйткілдер тарқатылды. Сонымен қатар, әлеуметтік кепілдіктердің жеткіліксіздігі мен кәсіподақтардың кей ұсыныстарының ескерілмеуі де назардан тыс қалған жоқ. Кәсіподақ мүшелері еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды. Өз кезегінде депутат Нұрлан Әуесбаев айтылған барлық мәселелерді егжей-тегжейлі саралап, оларды Мәжіліс қабырғасында тиісті комитеттер мен министрліктер деңгейінде көтеретінін жеткізді.

Парламент депутаты тек облыс орталығымен ғана шектеліп қоймай шалғай елді-мекендердегі халықтың әл-ауқатымен, әкімдік жұмысының тиімділігін бағалау мақсатында өңірдің Меркі, Жуалы, Талас және Т.Рысқұлов сынды аудандарына да барды. Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылына жасаған жұмыс сапары барысында депутат аудандық аурухана қызметімен танысып, мекеменің күн тәртібіндегі мәселелерін талқылауға арналған кеңесіне қатысты.

Мұнда да денсаулық сақтау саласында қордаланған бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, медицина қызметкерлері жалақының төмендігі мен инфляцияға сай индексацияның жүргізілмеуі, жас мамандардың жетіспеушілігі, кадр тапшылығының күннен-күнге ушығып бара жатқаны жөнінде сөз қозғады. Сонымен қатар, аурухана ғимаратының тозығы жеткені және жаңа медициналық мекеме салу қажеттілігі де қозғалды. Аурухана қызметкерлері әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігін, әсіресе ауылдық жердегі медицина қызметкерлері үшін тұрғын үй, көлік, коммуналдық төлемдер бойынша жеңілдіктер жүйесін қайта қарау керектігін де атап өтті. Жиналыс барысында депутат ауруханаға келген науқастардың да ой-пікірлерін тыңдады. Ем алушы Сұлтанова Зина отбасы мүшесінің қиналып жүргенін айтты.

«Менің күйеу балама ота жасалғанымен, мүгедектік тобы әлі күнге дейін берілмей отыр. Бұл — жауапты мекемелер тарапынан салғырттықтың белгісі деп ойлаймын. Сонымен қатар, емделу барысында кейбір медицина қызметкерлерінің науқаспен сөйлесу әдебі, қарым-қатынасы көңіл көншітпейді. Ауруханада адамға тек дене ғана емес, рухани тұрғыда да қолдау қажет екенін естен шығармаған жөн»,-деп кейіді тұрғын.

Осы орайда депутат Нұрлан Әуесбаев денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру кешенді болу керектігін сөз етті. «Мемлекеттің стратегиялық міндеті адамды емдеу. Шынымен азаматтардың денсаулығын ғана емеес жан жақты қолдау қажет. Егер мұндай келеңсіздіктер орын алып жатса мен алдағы жұмыстарым кезінде міндетті түрде мәселені тиісті бақылаушы орынға жеткізетін боламын»,-деді депутат. Бұдан кейін Парламент Мәжілісінің депутаты Жуалы ауданы, Күреңбел ауылына барып, тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық жобалардың жай-күйін зерделеуге көңіл бөлді. Күреңбел ауылындағы ең өзекті түйткілдердің бірі – ауыз су мәселесі. Мұнда су жүйесі жиі істен шығады. Бұл жағдай ауыл халқының күнделікті тіршілігін қиындатып жіберген. Депутат Нұрлан Әуесбаев аталған барлық мәселелерді назарға алып, ауыл тұрғындарының өтініштері мен талап-тілектерін Парламент деңгейінде көтеретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, ауыл инфрақұрылымының әлсіздігі тек жергілікті емес, ұлттық деңгейдегі проблема.

«Халықтың жағдайын жақсарту – біздің басты міндетіміз. Әсіресе шалғай ауылдарда тұратын азаматтар үшін өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар қажет. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен олардың шынайы тиімділігі – үнемі бақылауда болуы тиіс», – деді Нұрлан Әуесбаев.

Жуалы ауданына жасаған сапарынан кейін депутат, Қаратау қаласында орналасқан «Игілік» көпсалалы коммуналдық кәсіпорнының қысқы маусымға дайындық жұмыстарымен танысты. Қазандық пен мазут шаруашылығы нысандарын аралап көріп, өндірістегі инфрақұрылымдық жаңғыртулар барысымен де танысты. Мұндағы жұмысшылар тобмен кездескен ЖСДП депутаты өндіріске жастардың көп тартыла бермейтінін білді. Себебі еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктер заман талабына сай емес. Депутат Нұрлан Әуесбаев жұмысшылардың пікірін тыңдап, олардың ойларын қағазға түсірді.

«Парламенттің басты міндеттерінің бірі жұмысшы жастарды қолдау. Бізге осындай ашық диалог форматындағы кездесу өте қажет. Енді мен бұл мәселені саралап тағы бір қараймын да тиісті шаралар жасауға қолдан келгенше ықпал ететін боламын. Әрине бұл жерде түрлі түйткілдер де болуы мүмкін»,-деді Нұрлан Әуесбаев.

Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарының соңғы күнінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев Т.Рысқұлов ауданы, Рахым Сәбденов ауылындағы фельдшерлік пункттің жұмысымен танысып шықты. Мұнда ол ем алуға келген ауыл тұрғындарымен тілдесіп, ауыл медицинасындағы өзекті жайттарды өз көзімен көрді. Кейін Құлан ауылындағы аудандық ауруханаға барып, нысаннық тозығы жеткенін көріп, басшылықты сынға алды. Нысанға шұғыл түрде толыққанды күрделі жөндеу жұмыстарының қажет екенін жеткізді. Бұдан соң ол

Меркі ауданына келді. Аудан орталығындағы егде жастағы азаматтарға арналған орталықта болып, зейнеткерлерге көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау шараларына оң баға берді.
Меркі ауданындағы ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен өткен кездесуде, қызылша өсіруші дихандардың мәселесіне құлақ түрді. Шаруалар өнім өткізу жолындағы кедергілер, субсидиялар мен инфрақұрылым тапшылығы туралы мәселелерды көтерді.

«Қант қызылшасы – еңбек пен шығынды көп қажет ететін дақыл. Ал біз еңбегіміздің өтеуін көрмей отырмыз. Тұқым, су, жанармай сынды дүниені түгел қарызға алып істейміз. Соңында зауыт өнімді қабылдамай қоюы мүмкін. Мұндай жағдайда шығынды кім өтейді? Бізге осы жағы өте күмәнді болып тұр», – дейді «Нұр Қадам» ЖҚ басшысы Арнұр Сулейманов.

Ашық форматтағы кездесулер өңір тұрғындарының шынайы мәселесін ашып көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл Парламент пен халық арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Мәжіліс депутатының бұл сапары – билік өкілдерінің ел ішіндегі нақты ахуалмен танысып, жергілікті проблемаларды шешуге ұмтылуының жарқын көрінісі болды.

ЖСДП Жамбыл облыстық филиалы