Қолжетімді балабақша — болашаққа салынған инвестиция

Бүгінгі қоғамда ең өзекті мәселенің бірі — мектепке дейінгі тәрбие мен білімнің қолжетімділігі. Әрбір баланың сапалы тәрбие мен даму құқығы бар. Ал қолжетімді балабақша — осы құқықты іске асырудың басты құралы, қоғамның тұрақтылығы мен ел болашағына салынған нақты инвестиция.

2025 жылғы 12 қараша күні Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының Жетісу облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Қолжетімді балабақша» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға мемлекеттік және жекеменшік балабақша меңгерушілері, әдіскерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық белсенділер қатысты. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – төмен және орта табысты отбасылар үшін мектепке дейінгі білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесін талқылап, оны шешуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеу болды. Жиынды партияның облыстық филиалының төрағасы Ж. Мұқаманов ашып, қатысушыларға партияның қоғамдағы рөлі мен әлеуметтік әділдік қағидаттарына негізделген бастамалары жөнінде қысқаша ақпарат берді. Ол балабақшаның тек ата-аналар үшін әлеуметтік қолдау құралы ғана емес, ұлт болашағына салынған маңызды инвестиция екенін атап өтті. Кездесу барысында балабақша меңгерушілері өз тәжірибелерімен бөлісіп, мектепке дейінгі білім берудегі өзекті мәселелер мен шешім жолдарын ортаға салды. Қалалық балабақшалардың дамуы жақсы деңгейде екенін, тексеріс жұмыстарының жүйелі жүргізілетінін және ваучерлік бағдарлама аясында орындардың толық қамтылғанын айтты.

№5 ясли-балабақшаның меңгерушісі Молдаханова Галия Каметовна мектепке дейінгі білім беру саласында шешімін күтетін бірқатар мәселені атап өтті. «Ең алдымен баса айтатын мәселе, ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін тәрбиешілердің жүктемесі өте жоғары. Штаттық талап бойынша бір маман небәрі 15 балаға қызмет көрсетуі тиіс, алайда іс жүзінде бұл норманы сақтау қиын болып отыр, себебі бала саны өте көп. Бұл тәрбиешілерге қосымша психологиялық және физикалық салмақ түсіреді және олардың жұмыс сапасына әсер етеді»,-деді Галия Каметовна.

Сонымен қатар, дефектолог және логопед мамандарының тапшылығы айқын байқалады. Бір маман бірнеше топқа қатар қызмет көрсетіп жүр, бұл балаларға сапалы түзету-дамыту көмегін көрсетуді шектейді,-деп отыр мамандар. Отырыста белгілі болған тағы бір мәселе балабақшалардың отымен кіріп суымен шығатын Кіші қызметкерлердің мәселесі. Бұл қызметкерлердің жалақысы өз алдына үлкен шаруа екен. Олар ең ауыр жұмысты атқарады. Балалардың қауіпсіздігі мен тазалығын қамтамасыз ету қосымша осы жандардың мойынына да жүктелген. Соған қарамастан еңбекақылары еңбек көлеміне сай емес. Сонымен бірге тағы бір мәселе кір жуушыларға сауықтыру жәрдемақысы да төленбейді екен. Айтылған мәселелердің шешілу жолын көрсеткен №7 балабақшаның меңгерушісі Тулымшакова Гульниса Досанқызы бірнеше нақты ұсыныс айтты.

«Шалғай ауылдарда халық саны мен бала санына қарай жаңа балабақшалар салу қажет, бұл ата-аналарға қолайлы жағдай жасап, балалардың мектепке дейінгі білім алуына мүмкіндік береді. Кіші қызметкерлердің еңбекақысын арттыру олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және ұжымдағы жұмыс сапасын көтеруге ықпал етеді. Сондай-ақ тәрбиешілердің магистратура дәрежесі еңбекақыға ескеріліп, олардың кәсіби дамуына жағдай жасалуы тиіс. Болашақ педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттерге девиантты мінез-құлықты балалармен жұмыс істеу әдістемесін үйрету, бұл оларға теориялық біліммен қатар тәжірибелік дағдыларды да береді. Сондықтан мәселені бір жақты емес кешенді түрде қарау керек»,-деді Гульниса Досанқызы.

Дөңгелек үстел барысында мектепке дейінгі білім беру саласындағы өзекті мәселелер ашық талқыланып, нақты ұсыныстар әзірленді. Қатысушылардың пікірлері мен бастамалары партия тарапынан назарға алынып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады. Ерте тәрбиенің әсері мен қоғамға пайдасы зор екені белгілі. Зерттеулерге сүйенсек, баланың тұлғалық және зияткерлік дамуының 70 пайызы бес жасқа дейін қалыптасады. Демек, осы кезеңде алынған тәрбие мен білім – өмір бойғы жетістіктің негізі. Қолжетімді және сапалы балабақша баланың әлеуетін толық ашып, оның болашақтағы табыстылығына тікелей әсер етері анық. Бұған қоса, балабақшалар ата-аналардың еңбек нарығына қайта оралуына мүмкіндік беріп, отбасы табысының өсуіне және ел экономикасының нығаюына ықпал етеді. Сондықтан балабақшаға салынған мемлекетің қаражаты – қоғамның интеллектуалды капиталына қосылған үлес, ал әр бала – елдің ертеңгі болашағы. Қолжетімді балабақша жүйесін дамыту — бұл тек білім саясатының міндеті емес, ұлттық дамудың стратегиялық бағыты. Мемлекет «Балапан», «Жайлы мектеп» сынды бағдарламалар арқылы мектепке дейінгі жүйені дамытып келеді. Дегенмен, жаңа ғимараттар салумен қатар педагогтардың кәсіби деңгейін көтеру, оқу мазмұнын жаңарту және инновациялық әдістерді енгізу де аса маңызды.

🖋ЖСДП Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі