Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын үй бағдарламаларының қолжетімділігі және азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Осы бағыттағы мәселелерді талқылау мақсатында 8 қазанда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалында «Қолжетімді баспана: тұрғын үй мәселесінің шешілу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға «Отбасы банк» қызметкерлері, Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясының өкілдері және партия мүшелері қатысты. Кездесуде тұрғын үй кезегіне қою тәртібі, мемлекеттік бағдарламалар, жалға берілген пәтерлерді жекешелендіру және халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамту мәселелері қарастырылды. Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясының өкілдері тұрғын үй кезегін жүргізу жүйесіндегі өзгерістерге тоқталып, қазіргі таңда бұл үдерістің цифрландырылғанын және тұрғын үй кезегіне қатысты жұмыстардың «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылатынын түсіндірді. Сондай-ақ мемлекеттен жалға берілген тұрғын үйлерді жекешелендіру жұмыстарының жүргізіліп жатқаны айтылды. Ал «Отбасы банк» мамандары тұрғын үй бағдарламаларының талаптары мен шарттары туралы ақпарат беріп, азаматтардың әртүрлі санаттарына арналған баспана алу мүмкіндіктерін түсіндірді. Әсіресе әлеуметтік осал топтарға, қала жастарына және аудан тұрғындарына ұсынылатын бағдарламалар мен жеңілдіктерге назар аударылды. Кездесу барысында партия мүшелері тұрғын үй мәселесіне қатысты сұрақтарын қойып, мамандардан онлайн және офлайн форматта жауап алды. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тұрғындарға қолданыстағы тұрғын үй бағдарламалары туралы ақпаратты кеңінен тарату, баспана алу тетіктерін түсіндіру және азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігі атап өтілді. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерді талқылауға және оларды шешу жолдарын қарастыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының баспасөз бөлімі