Қонаев қаласы тұрғындарының құқықтары қорғалады

2026 жылғы 6 қаңтарда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Алматы облыстық филиалының бастамасымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасы Асхат Рақымжанов Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердихановпен кездесті.

Кездесу облыс орталығын дамытудың жаңа бас жоспары аясында жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) арналған жер учаскелерін беру мәселелеріне арналды. Осыған дейін де партия өкілдеріне Қонаев қаласының бірнеше тұрғыны шағым айтып келген. Олар өздеріне тиесілі жер учаскелеріне байланысты құқықтарының бұзылып жатқанын жеткізген болатын. Айтуларына дау тым ұзаққа созылуда. Құқығымыз тапталды деген 23 отбасы заңды негізде және өз қаражаттары есебінен жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін сатып алған. Азаматтардың меншік құқығы заңнамада белгіленген тәртіппен ережеге сай тіркелген. Соған қарамастан, Жер ресурстарын басқару департаменті (ЖРБД) тиісті құқықтық негізсіз Жер қатынастары бөліміне (ЖҚБ) заң бұзушылықтар бар туралы нұсқамалар берген. Аталған нұсқамалар негізінде ЖҚБ жер учаскелері иелеріне қарсы сотқа талап-арыздар түсірген. Қазіргі таңда тұрғындар сан түрлі әуреге түсіп сот пен екі ортаға сабылып жүрген көрінеді. Бірінші рет азаматтардың әрекеті дұрыс деп танылғанымен қалалық ЖРБД сотқа қайта жүгінген. Бұл іс жүзінде процестің созылуына және заңды күшіне енген сот шешімдерінің еленбеуіне алып келді. Соның салдарынан жер учаскелерінің меншік иелері жеңіп алған сот істеріне қарамастан, сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) ала алмай отыр. Тіпті үй салу үшін рұқсат берілмей құрылыс жұмыстарын бастай алмай жүрген тұрғындар құқықтарын қорғауды сұрап отыр.

Тұрғындардың базнасын айтып Қонаев қаласының әкімімен жолыққан мәжілісмен азаматтардың құқықтарын қорғауға уәде бергендігін жеткізді. Және жағдай оң бағытқа шешілмесе тұрғындар арасында әлеуметтік шиеленістің өрбуі мүмкін екенін айтты. Партия өкілдері заңды меншік иелеріне қысым көрсетуге және сот шешімдерін айналып өту мақсатында әкімшілік ресурстарды пайдалануға жол берілмейтінін мәлімдеді.

Кездесу қорытындысы бойынша ЖСДП төмендегі жағдайларға қол жеткізу үшін жұмыс жүргізетінін мәлімдеді:

1- заңды күшіне енген сот шешімдерінің сөзсіз орындалуын; 2- бірдей негіздер бойынша қайта сотқа жүгінуді тоқтатуды; 3- жер учаскелерінің заңды меншік иелеріне сәулет-жоспарлау тапсырмаларын (СЖТ) беруді; 4- Қонаев қаласының жаңа бас жоспарын іске асыру кезінде ашықтық пен құқықтық айқындықты қамтамасыз етуді.

ЖСДП қаланы дамыту және қала құрылысы жоспарларын іске асыру адал әрі заңды меншік иелерінің құқықтарын шектеу есебінен жүзеге асырылмауы тиіс екенін атап өтті. Партия Қонаев қаласы тұрғындарының құқықтарын қорғау және әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында парламенттік, құқықтық және қоғамдық тетіктерді пайдалануды жалғастырады.

ЖСДП Алматы облыстық филиалы