ЖСДП фракциясының депутаттары Мақсұт Насибулов пен Наурыз Сайлаубай Астана қаласының іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғындарымен кездесті.
Депутаттар ауылдың қазіргі ахуалымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстар барысын саралады. Бірқатар маңызды мәселелерді түртіп алды. Осыдан тура бір жарым жыл бұрын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына (ЖСДП) Қоянды ауылының тұрғындары хабарласып, ауылдағы қордаланған бірнеше мәселе бойынша шағымдарын жеткізген болатын. Партияның Орталық аппаратының ұйғарымымен партия депутаттарынан құралған топ Қоянды ауылының жағдайымен танысуды жөн көріп, арнайы барған. Бұл қатарда сол кездегі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев, партияның сол уақыттағы Орталық аппаратының басшысы қызметін атқарушы Мақсұт Насибулов және партия белсенділері мен өкілдері болды.
«Қоянды – Астананың іргесіндегі қарқынды өсіп келе жатқан ауыл. Ауылдың ахуалын біздің партия өзінің назарында ұстап отыруды партиялық міндет санағандықтан, біз осы жолы да ауыл халқымен кездесіп, бұған дейінгі күрделі болған мәселелердің шешімін табу жолдары төңірегінде білмек ниетте келіп отырмыз. Одан бөлек, кеше ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты өзінің кезекті Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауда ауыл халқы мен елдің әлеуметтік саласын оңтайландыруға байланысты бірнеше ауқымды басымдықтарға назар аударды. Осы және өзге де жағдайлармен танысып, ауылдың тұрғындары мен әкімшілік тарапынан айтылар ұсыныстарды тыңдап, мәселелерді өз көзімізбен көріп, қажетінше заң аясында қолдау көрсету үшін келіп отырмыз», – деді депутат Мақсұт Насибулов кездесуде.
Кездесуге ауыл әкімі Хабдыжалел Хасымхан, Целиноград ауданының әкімшілігінен аудан әкімінің орынбасары Айдос Нақыпұлы, ауданның тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ермек Серікұлы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Манас Қанатұлы және ауылдың тұрғындары мен қоғамдастық мүшелері қатысты. Ауыл әкімі Хабдыжалел Хасымхан қазіргі таңдағы ауылдың ахуалымен таныстыра келе, ел игілігі үшін жүзеге асырылуы тиісті бірнеше мәселені тізіп өтті.
«Ауылымызды мүлде инфрақұрылымнан кенде қалып жатыр деп айтудан аулақпыз. Қазір Қояндыға газ тарту жұмыстары толық аяқталу үстінде. Ауылдың негізгі көшелеріне асфальт жолдар төселді. Енді екінші және үшінші кезеңін күтіп отырмыз. Абаттандыру жұмыстары да қолдан келгенше жүргізіліп жатыр. Бірақ әлі де болса қордаланған мәселе бар. Әсіресе, ауылды жарықпен, ауыз сумен қамту жағдайлары толық аяқталмай отыр. Қаражат мәселесі қолбайлау. Ауылымыз ауқымды болғаннан кейін, сәйкесінше, бюджет мәселесі де ауқымды болатыны шын», – деді.
Қазіргі таңда ауылда 50 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Бірақ тұрғындардың тек 20 мыңға жуығы ғана тұрақты тіркеуге тұрып, ауылдық бюджетті толтыруға үлес қосып отырған көрінеді. Әкімдік өкілдерінің сөзінше, Қоянды халқының басым бөлігі тұрақты тіркеуге тұрып, салықты ауылға төлейтін болса, қоржындағы қаржы бірнеше есе ұлғаятынын жасырмады. Дегенмен мемлекет тарапынан қолдау ауадай қажет дейді Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нақыпұлы.
«Ауыл күн сайын өсу үстінде. Біз бұл қарқынын еш шектей алмаймыз. Азаматтар көшіп келе береді. Ол – заңды құбылыс. Бірақ аудан үшін ауылдың қарқынды өсуі үлкен салмақ болып отыр. Біздің Целиноград ауданы Астананы қоршап тұрған аудан болғандықтан, тек Қоянды ауылы ғана емес, барлық дерлік ауылдар үлкен әрі ірі ауылдардың қатарына жатады. Сондықтан барлық ауылды аудандық бюджетпен түгел игеру мүмкін емес. Проблемалар уақыт өткен сайын қайталанып, алдымыздан шығып жатыр. Қолдан келгенше мәселені шешудеміз. Облыстан қаражат сұраймыз. Республикалық бюджетке де сұраныс жолдап жатырмыз. Өкінішке орай, біздің сұраныстарымыз үнемі қанағаттандырыла бермейді», – деді.
Инфрақұрылым мәселелері және қаржы тапшылығы
Қазіргі таңда ауылда ауқымды жұмыстардың жүргізіліп жатқанын және аяқталғанын көзбен көруге болады. Дегенмен кейбір басталған жобаларды аяқтау мүмкін болмай отырғанын жиналған қоғамдастық мүшелері де айтты.
«Жол, ауыз су, жарық мәселесі қазір ауылымызда ең өзекті болып отыр. Ауыл уақыт өткен сайын өсіп, шеті созылу үстінде. Ал ауыл өскен сайын оған сай су, жарық, жол салу әкімдіктің арқасына аяздай батады. Одан бөлек, қыста қар тазалау мен жаңбырлы маусымда қарғын судың жағдайы да оңай соқпайтыны рас. Сондықтан Қоянды ауылына қажетті инфрақұрылымды толық болмаса да, жартылай орындау үшін мемлекет тарапынан тікелей болмаса да, аудандық деңгейде қаржы мәселесін шешіп берулеріңізді сұраймыз. Ең бастысы, қаржы қолбайлау болып тұр. Сосын басқа шаруаларды бірлесіп шешуге дайынбыз. Одан аянып отырғанымыз жоқ», – деп мәселені депутаттарға төтесінен қойды ауылдың қоғамдастық мүшелері.
Сөзге араласқан депутат, Құрылтайдың қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Наурыз Сайлаубай аудан әкімінің орынбасары мен ауыл әкіміне қайырылып, қажетті сметалық құжаттар барысын сұрады. Олардың айтуынша, барлық құжаттар саралаудан өтіп, Ақмола облысы арқылы республикалық бюджеттің қарауына жіберілгенін айтты. Жергілікті әкімшіліктің айтуынша, тек Қоянды ауылындағы ауыз су мәселесін толыққанды аяқтап шығу үшін кемінде 13 млрд теңге қажет болып отырған көрінеді.
«Егер ауызсу мәселесіне ғана осынша қаражат қажет болатын болса, басқадай инфрақұрылымды жүзеге асыру бұдан да үлкен соманы қажет ететінін сезіп отырмын. Әрине, бұл аудан үшін өте үлкен қаражат. Дегенмен Президентіміз осы жолғы Жолдауында ауылдардағы инфрақұрылымды оңтайландыру үшін қазынадан қыруар қаржы бөлінетіндігін айтты. Сондықтан сол қаражаттың бір бөлігі Қоянды ауылын да айналып өтпейтініне сенімім мол. Дегенмен мен мәселенің мәніне үңіліп, қолдан келгенше ауылдың инфрақұрылымын оңтайландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар барысымен танысатын боламын. Қажет болса, облыстың жауапты адамдарымен кездесіп, ортақ шешімге келуді ЖСДП фракциясы болып күш салуды ойластыратын боламыз», – деді Наурыз Саятұлы.
Бұған дейінгі мәселелердің шешілу барысы және алдағы міндеттер
Бұған дейін Қояндыда қордаланған мәселелер қатарында:
- Ауыз су;
- Ауыл ішінің жол мәселесі;
- Күз бен көктемдегі тасқын судың мәселесі (тасқын су ауыл тұрғындарының кейбірінің үйлерін шайып, апатты жағдайлар орын алған);
- Жарық пен электр желісінің күрделі мәселелері;
- Астанаға қатынау мен қоғамдық көлік мәселесі;
- Газдандыру мәселесі;
- Медициналық мекемелердің мәселесі;
- Білім беру мен мектеп мәселесі;
- Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының мәселесі аса өзекті болды. Қазіргі таңда бұл жағдайлардың басым көпшілігі өз жүйесін тапқан. Ендігі мәселе екінші деңгейлі оңтайландыру жағдайлары болып отыр, – дейді ауылдықтар. Айтылған өзге де жекелеген мәселелерді ауыл мен аудан әкімшілігі деңгейінде орындау бойынша жұмыстар жүргізілетіні жеткізілді. Әсіресе, ауыз су мен электр желісімен қамту жағдайы күрделі тұрған көрінеді.
Қорытынды
Қоянды ауылының қарқынды өсуі инфрақұрылымға түсетін жүктемені арттырып, бірқатар мәселені шешуді қажет етіп отыр. Кездесу барысында ауыз су, электр желісі, жол және өзге де коммуналдық мәселелер көтеріліп, оларды шешу үшін қажетті қаржы мен сметалық құжаттар жайы талқыланды. ЖСДП фракциясының депутаттары ауылдағы жағдаймен танысып, көтерілген мәселелердің шешілу барысын назарда ұстап, тиісті деңгейде қолдау көрсетуге күш салатынын жеткізді.
ЖСДП баспасөз қызметі