«PANA – Құтқар мені»: адам өмірін сақтауға бағытталған маңызды жоба

Адам өмірін сақтау мен оны қорғау ешқашан тоқтамайтын үдеріс болуы керек. Бірақ уақыт озып, заман алға жылжып, өркениет өрге басқан сайын адамдардың өмірі қауіп-қатерге толы бола бастады. Адамды қорғау мен құтқарудың түрлі жолдары да бар екені рас. Бірақ өкінішке қарай, мұндай қорғау тетіктері көп жағдайда формальді түрде әрекет етеді не әкімшілік кедергілердің салдарынан үдеріске үнемі төтеп бере алмай жатады. Осы жағдайларды ескерген Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) «PANA» атты жаңа әлеуметтік жобаны жалпыұлттық деңгейде іске асыруды бастады. Жобаның басты мақсаты – ел көлемі бойынша әйелдер мен балаларды қорғауға арналған «қауіпсіз орындар» желісін қалыптастыру.

2026 жылғы 19 ақпанда ЖСДП «PANA» әлеуметтік жобасын ресми түрде іске қосып, осы бастаманы таныстыру мақсатында Қазақстанда алғаш рет республикалық форум өткізді. Аталған жобаға бастамашы болған, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы (ҚІӘҚ) екенін айта кеткен абзал. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және әйелдер мен балаларға төнетін қауіптердің жолын кесуге бағытталған бұл жобаның маңыздылығы ерекше, деді ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов өз сөзінде.

«Қазіргі жағдайды бәріміз білеміз. Мәселе бар. Сондықтан жағдайдың алдын алуға бағытталған «PANA» жобасы нағыз “сенім нүктесі”, қауіпсіз орын болуы керек. Кез келген қиын жағдайда пана бола алатын орындар жүйесін қалыптастыру аса маңызды. Жобаның бастамашылары ретінде біз маңызды істі қолға алуды жөн санадық. Басты мақсат – PANA жүйесі қауіп төнген сәт пен полиция келгенге дейінгі аралықтағы уақытты қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету. Өйткені кез келген оқиға алғашқы минуттарда аса қауіпті болуы мүмкін. Ал мұндайда жедел көмек әрдайымм дер кезінде, сол сәтте жете бермейді. Сондықтан адамға сол мезетте паналайтын жер мен көмек маңызды. Адам өзін қауіпсіз сезінетін орын қажет», – деді.

Шындығында, кез келген жағдайда паналайтын, қол ұшын созатын адам іздеу – барлығымыздың бойымызда еріксіз жүзеге асатын құбылыс. Бұл жағдайда партия шынымен үлкен бастама көтеріп отырғаны рас. Сондықтан аталмыш жобаға партия мен бастамашыл топ ең алдымен бизнес құрылымдарын тартуды жөн санаған. Бұл туралы Асхат Рахымжанов былай деді:

«PANA - тек есікке жапсырылған белгі емес. Жоба аясында бірыңғай әрекет алгоритмі енгізіледі. Оның қатарында жәбірленушіні жасыру, көмек шақыру және оқиғаны тіркеу бар. Алдымен қатысушы нысандар арнайы қысқаша нұсқаулықтан өтеді. Реестрге тек талаптарға сай, дайындықтан өткен бизнес орындар ғана енгізіледі», - деді.

Сонымен бірге партия төрағасы елімізде қауіп-қатердің алдын алатын мемлекеттік органдардың бар екенін тілге тиек етті. Бірақ бұл құзырлы орындардың кей жағдайда оқиғаға салғырт қарауы мен әкімшілік рәсімдерге байланысты әрекет етуі тым кешеуілдеп кететіні жасырын емес. Бұл мәселе төңірегінде «PANA» жобасының бастамашысы Лариса Ли былай деп отыр:

«Құрметті әріптестер! Біз үкіметтің ауқымды жұмысын көріп отырмыз. Еліміз бойынша осындай көмек қолын созатын 17 әлеуметтік нысан бар екен. Оларға қатысты мықты заңдар да қабылданды. Бірақ сол заң тек жәбірленуші қашып шығып, арыз жазған кезде ғана жұмыс істей бастайды. Ал оған дейінгі зорлық-зомбылық әрекеттеріне еш құзыры болмайды екен. Сұрақ көп. Сол үшін біз осы бастаманы қолға алдық», - дейді.

Рас, байқауымызша, біздің елдегі заң бойынша зорлық-зомбылық құрбаны тек ресми түрде арыз-шағым түсірген кезде не өзге біреудің хабарламасы негізінде ғана жүйелі жұмыс іске қосылады. Бұл көп жағдайда дер кезінде құтқаруға, қорғауға алуды жеделдете алмайды. Сондықтан сарапшылар ең алдымен алғашқы қол ұшын беріп, алғашқы сәттен қорғап қалу мәселесін көтеріп отыр.

«Дағдарыстағы адам психологиялық стресс жағдайында болады. Ол өз әрекетіне де жауап бере алмауы мүмкін. Сондықтан кез келген адам мұндай жағдайға тап болмай тұрып-ақ құтқарушы орындардың ең жақын жерде бар екенін қарапайым өмірде де білуі қажет. Егер ол қайда қашу керектігін нақты білмесе, көп жағдай шиеленіспейді. Жәбірленуші көп жағдайда мұндай мүмкіндіктің жоғынан пәтерінде қалып, соңғы сәтке дейін шыдайды. Әсіресе бұл жағдайға балалар тап болады. Ал осы жерде неге олар ресми мекемелерге жүгінбейді? деген заңды сауал туындайды. Біріншіден, мұндай ресми мекеме тұрғын үйден тым қашық орналасқан. Ол әр үйдің бұрышында не ауласында тұрған жоқ. Ең жақын деген полиция бөлімшесі кемінде екі шақырым жерде орналасқан. Ал кез келген жәбірленушінің қолында байланыс құралы болады деген пікір де дұрыс емес», – дейді «PANA» жобасының бастамашысы Лариса Ли.

Лариса Лидің айтуынша, жуықта ғана ел бойынша резонанс тудырған Нұрай оқиғасы да осы жағдайлардың салдары. Сондықтан мұндай бастамалар уақытша болмауы керек. Олар үнемі жүзеге асырылып, жетілдіріліп отыруы тиіс. ЖСДП да осыны көздеп отыр. Алдағы уақытта бұл жоба адам құқықтары жөніндегі заңға толықтыру ретінде ұсынылатынын партия депутаттары айтты. Форумға канадалық SDP Inc. компаниясының вице-президенті Янник Ганье мырза да арнайы келіп қатысты. Ол өз сөзінде жобаның маңыздылығын айта келіп, Канададағы қазіргі жағдайлармен таныстырды.

«Канадалық SDP – коммерциялық емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдарды қолдау үшін құрылған технологиялық компания. Біз 25 жыл бойы қиын жағдайларға тап болған адамдарға күнделікті көмектесетін және қолдау көрсететін ұйымдармен жұмыс істеп келеміз. Тек Канада ғана емес, бүкіл әлем бойынша түрлі ұйымдармен кездесіп, олардың тәжірибесінен сабақ алуға тырысамыз. Қазір біздің елде төтенше жағдайдағы қауіпсіз орындар, бейімделу орталықтары, сенім телефондары, заңдық және соттық қолдау қызметтері, кеңес беру орталықтары, балаларды қолдау орталықтары жұмыс істейді. Мұндай мекемелердің ұзын саны Канадада 500-ден асады. Бұлардың барлығы - үкіметтік емес ұйымдар. Ерекше айта кететін жайт - осы 500 мекеме бір ғана платформа жүйесінде жұмыс істейді. Тіпті арнайы мобильді қосымша да енгізілген. Халықтың кез келген өкілі қиын жағдайда қайда бару керектігін және оны кім қорғайтынын білуі тиіс. Қазіргі таңда осы қолдау орталықтарына хабарласатындардың 25%-ы - тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары. Сондықтан әлем бойынша тұрмыстық ахуал жақсы деп айта алмаймыз. Осы мақсатта біз сіздермен барынша мол тәжірибе алмасып, бір-бірімізге қолдау білдіруіміз қажет», – деді Канадалық сарапшы.

Енді қолға алынған жоба бойынша кез келген коммерциялық ұйым не мекеме өзін «PANA қауіпсіз орын» ретінде таныту үшін арнайы ана мен бала бейнесіндегі белгіні нысанның көрінетін орнына ілсе болғаны. Сол арнайы белгілер арқылы қай жерден көмек алуға болатынын кез келген адам бірден біле алады. Сонымен қатар, жоба қатысушылары ортақ цифрлық чат-бот арқылы жедел байланыс орнатуды қолға алмақ. Әрине, бұл да дұрыс шешім болар еді. Ең бастысы – бұл жоба мемлекеттен не республикалық бюджеттен ешқандай қаржы талап етпейді. Бұл туралы ЖСДП Орталық Аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов айтты:

«“PANA” - Қазақстанда бұрын болмаған жаңа әлеуметтік бастама. Сондықтан оны түсіндірудің маңызы ерекше. Себебі өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда кез келген адам, әсіресе әйелдер мен балалар, шұғыл түрде қауіпсіз орын іздейді. Мұндай да алғашқы көмек нүктесі ретінде ең жақын тұрған кәсіпкерлік нысан, яғни дүкен, дәріхана, сұлулық салоны және басқа да қоғамдық орындар болмақ. Қазірдің өзінде жобаға 20 шағын кәсіпкерлік нысаны ынта білдірді. Бұл үлкен жетістік. Сонымен қатар жоба ешқандай ірі бюджет талап етілмейді», – деді ол.

Ал Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының Астана қаласы бойынша төрағасы Оксана Босько да ең алдымен қорған болу аса маңызды екенін айтты.

«Бағанадан бері әйел мен баланы қорғауымыз керек деп айтып жатырмыз. Әрине, PANA жобасы олқылықтың орнын толтыруға көмектеседі. Біз дәріханалар мен дүкендер желісін және өзге де коммерциялық нысандарды жобаға көптеп тартуды көздейміз. Себебі олар ең жақын әрі ішіне кіруге қолайлы орындар. Сонымен бірге бұл қатарға Қазақстандағы пәтер иелері кооперативтері (КСК) мен меншік иелері бірлестіктерін (ОСИ) қосуды да мақсат етіп отырмыз. Біздің “PANA – құтқар мені” белгілеріміз барлық жерде болуы керек. Сонымен бірге бұл бейненітұрғындардың жадында сақталуы үшін түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу аса қажет», – деді ол.

Әрине, кез келген жағдайда көмек қолын созу маңызды. Қазір балалар мен жасөспірімдердің жоғалуы және түрлі қатерге ұшырау фактілері жиілеген. Кей жағдайда құқық қорғау органдарының өзі әрекетсіз қалып жатады. Себебі оқыс жағдайдың қашан және қай уақытта орын алатынын ешкім болжап білмейді. Сондықтан ұсынылып отырған жоба жалпы халықтық сипат алуы аса маңызды. Сонымен бірге форумды дағдарыс орталықтарының маңыздылығы да сөз болды. Қазақстанда қазіргі таңда 33 орталық жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Илья Скуб баяндады.

«Мұндай орталықтардың саны - 33. Ол жерлерде қазір 3000-нан астам адам түрлі қолдаулар алып жатыр. Олардың 2000-нан астамы балалар. Әрине, біз де бұл бастаманы барынша қолдаймыз. Бірақ жобаны заң аясында қосымша жетілдіру қажет құсайды. Мысалы, азаматтардың жеке деректерінің құпиялылығын сақтау аса маңызды. Біздің халық дәстүр мен салтқа бейім. Кей жағдайда “ұят болады” деген түсінік көптеген мәселенің алдын алуға кедергі келтіреді. Дегенмен мемлекеттік орган ретінде “PANA – құтқар мені” жобасын толығымен қолдаймыз», – деді.

Жобаға ерікті түрде қосылған кәсіпкерлік нысандарға алдымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оған қоса әрекет ету нұсқаулығы беріледі. Сонымен бірге арнайы қызыл түсті белгі (ана мен бала бейнесі бар пин) ілінеді. Осындай белгісі бар орынға көмекке мұқтаж кез келген жан кіріп, жағдайын түсіндірген сәттен бастап, аталған нысан жедел қызмет өкілдері келгенге дейін қауіпсіз орын бола алады. Форум аясында Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) және Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығымен бірқатар нысан басшылары арасында арнайы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Атап айтқанда, тәуелсіз дәріханалар қауымдастығы, меншік иелері бірлестіктері (ОСИ) өз келісімдерін беріп, жобаға атсалысатындықтарын білдірді. Шара соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова «PANA» әлеуметтік жобасын іске қосу туралы форум Қарарын көпшілікке таныстырды.

Онда «PANA» жобасын қауіпсіздік саласындағы үдерістерге енгізіп, адамды қорғау мен құтқарудың жаңа үлгісін насихаттау және жобаны мемлекеттік органдарға ұсыну көзделетіні айтылды. ЖСДП және Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы әйелдер мен балаларды қорғайтын әрі еститін мемлекетті қолдайды. PANA жобасы – қауіпсіз елдің болашағына жасалған маңызды қадам, – деді Ажар Бақытқызы.

Бердібек Қабай, ЖСДП баспасөз қызметі