Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қарағанды облыстық филиалы табиғи бұлақтар мен көздерін сақтау және тазарту мәселесіне ерекше назар аударып, өңірде осы тақырыпқа арналған маңызды іс-шара өткізді.
«Сарыарқа бұлақтарын сақтайық» атты экологиялық дөңгелек үстелге Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің экология мәселелері жөніндегі комиссиясы, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, Жастар саясаты басқармасы, «ECOEXPERT» ЖШС, еріктілер, ЖСДП мүшелері, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты. Мақсат – аймақтағы табиғи бұлақ көздерін ластанудан тазарту бойынша бірлескен бастамаларды талқылау және нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу.
Талқылау барысында мынадай мәселелер көтерілді: бұлақтардың қазіргі жай-күйі мен ластану себептері; табиғи көздерді құқықтық және экологиялық тұрғыда қорғаудың жеткіліксіздігі; жастар мен еріктілерді табиғатты қорғау ісіне тарту жолдары; ведомствоаралық және қоғамдық әріптестікті дамыту мүмкіндіктері.
Қоғам белсенділері Сәкен Келдібаев пен Қорлан Молбасова акцияны қолдап, өз тәжірибелерімен бөлісті:
«Сарыарқа бұлақтарын сақтайық» экологиялық акциясын қолдаймын, бұл өте керек дүние. Елімізде мұндай бұлақ пен бұлақ көздері мыңдап саналады. Менің айтарым, біз де осындай шараны бастаған болатынбыз. Шет ауданына қарасты Үңірек ауылында осы аттас өзен өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін буырқанып ағып жататын. Кейін тартылып, ағыс бәсеңдеп қалғаны тағы бар, – деді Сәкен Келдібаев.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген атаумен ауыл тұрғындары игілікті істі қолға алып, өзен бойындағы бұлақ көздерін ашты.
Ауылымыздағы бұл өзеннің бойында бұлақ көзі жетерлік. Әрине, тіршілік көзі болғандықтан сақтап қалуымыз керек. Бұрындары өткел бермей ағып жатқан өзеннің кенезесі кеуіп тұр. Алдағы бес-он жылда мүлдем айырылып қалуымыз да мүмкін. Сондықтан, Жер-Ананың бізге берген сыйы – мөлдір бұлақтарды ашып, өзен-көл арнасын кеңейтуіміз керек. Үңірек өзені бойындағы екі бұлақтың көзі ашылып, жағасы таспен қоршалды. Мөлдір де таза су арнасын өзенге бұрды, – деді Қорлан Молбасова.
Экологиялық акция бір күндік емес, ұзақ мерзімді жоба ретінде жалғасады. Ол үшін қоғамдық қолдау аса қажет. Бұл туралы ЖСДП Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Әубәкіров мәлімдеді:
Жұмысымызды бастап кеттік. Алдағы уақытта ЖСДП Қарағанды облыстық филиалы жоғарыда атап өткен ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер және бастамашыл топтар өкілдері кіретін ведомствоаралық жұмыс тобын құрамыз, – деп қорытындылады.
Жуырда партияның Қарағанды облыстық филиалы Қарағанды қаласының шетінде гидрогеологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, болашақ тазарту шараларына дайындық басталды.
Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарды, экологтар мен еріктілерді тарта отырып, бірінші кезекте тазартуды қажет ететін табиғи көздердің картасы әзірленеді. Одан басқа, 2025 жылдың шілде–қыркүйек айлар аралығында билік өкілдерінің, еріктілер мен белсенді азаматтардың қатысуымен «Сарыарқа бұлақтарын сақтайық» экологиялық акциясын кең ауқымда өткізу жоспарланып отыр. Жоспар бойынша ЖСДП Қарағанды облыстық филиалы Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Шет аудандары мен Қарағанды қаласына қарасты ауылдық аумақтарда және тасжол бойындағы бұлақтар мен көздерді тазалау, қоршау жұмыстарын жүргізу көзделген.
Кездесу қорытындысы бойынша «Сарыарқа бұлақтарын сақтайық» атты экологиялық акцияны қолдау және оны тұрақты өткізу жөнінде қаулы қабылданды.
ЖСДП Қарағанды облыстық филиалының баспасөз қызметі