Таңдау жасалды...

Бүгін еліміз үшін аса маңызды қадам жасалды. Ел тарихының жаңа парағы ашылды. Бұл жалпыұлттық референдумға ел халқы жоғары белсенділікпен қатысып, өз көзқарасын айқын таныта білді. Бүгін, 15 наурыз күні, осы тарихи үдерістің нәтижесі дауыс беру науқаны арқылы қорытындыланып отыр. Бір сөзбен айтқанда, әр азамат өз болашағын бағамдап, келешегіне жол салды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия үшін де бұл тек дауыс беретін науқан ғана емес, жылдар бойы табандылықпен күрескен Әділетті Қазақстанның келешегі үшін ұстанған бағытын тағы бір мәрте дәлелдейтін маңызды сәт болды деп айтуға болады.

Референдумда дауыс беруге Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның барша мүшелері, төрағасы, депутаттары Асхат Рақымжанов, Нұрлан Әуесбаев, Ажар Сағандықова және Наурыз Сайлаубай мен партия белсенділері келіп, өз таңдауларын жасады. Сонымен қатар дауыс беруге Астана мен Алматыдан бөлек, өңірлердегі барлық филиалдар да белсене қатысты.

Партия төрағасы Асхат Рақымжанов өзі бекітілген сайлау участкесіне алдыңғылардың бірі болып барды. «Мен үшін және еліміз үшін бұл маңызды күн. Еліміздің жаңа Конституциясының тағдыры сарапқа салынып жатқаны анық. Отбасыммен бірге келіп Астанадағы №332 сайлау участкесіне келіп өз дауысымызды бердік. Байқауымша ел азаматтары өте белсенді. Қазірдің өзінде кезекке тұрып жатқанын байқадым. Барлығы заң аясында болып жатыр»,- деді.

Әрбір дауыс – еліміздің ертеңіне деген жауапкершіліктің белгісі. Сондықтан бүгінгі күн тек саяси науқан емес, азаматтық ұстанымның көрінісі нақтыланытын шақ. Астанадағы №210 сайлау участкесіне келіп дауыс берген ЖСДП төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай да бүгінгі күннің маңызды екенін айтты.

«Бүгінгі 15 наурыз шынымен өте маңызды күн. Бақылап көріп отырғанымыздай Астанадағы және еліміздің өзге де өңірлерінде сайлау қалыпта жағдайда жүріп жатыр. Жалпы сайлау науқаны жақсы ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Ал мен өз дауысымды беріп, таңдауымды жасадым»,-деді.

Ал ЖСДП Орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов та ел қатарлы келіп дауыс берді.

«Бүгінгі күннің маңыздылығын барша отандастарымыз шынайы сезініп таңдауларын жасауы керек деп ойлаймын. Мен де елмен бірге келіп дауыс бердім. Міне көріп тұрмыз дауыс беруге келіп жатқан жандардың да қарасы қалың»,-деді.

Сонымен қатар ЖСДП Орталық аппаратының атқарушы хатшысы Нұрлан Жабаев та өз таңдауын жасады.

«Азаматтардың сайлауға көптеп келуі шынымен халықтың сайлауға деген белсенділігін көрсетіп отыр. Жалпыұлттық референдум болған соң, барлығы әділ әрі шынайы болуы маңызды. Мен де Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өз таңдауымды жасадым», - деді ол.

Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Астана қаласы филиалының төрағасы Талғат Омаров дауыс беруге түгел әулетімен бірге келді.

«Ата Заң – мемлекет пен қоғамның берік іргетасы. Ол әр азаматтың құқығы мен еркіндігін қорғап, ел дамуының бағытын айқындайды. Бүгін халық өз таңдауын жасап, елдің ертеңіне сенім білдірді. Мен де өз әулетіммен бірге келіп, таңдауымызды жасадық», – деді.

Жаңартылған Конституция жобасына ЖСДП-ның бірқатар ұсыныстары енгізілгенін бұған дейін де айтқан болатынбыз. Қашанда Ата Заң ел азаматтары үшін қорған болуы тиіс. Ал бүгінгі дауыс беру – әр азаматтың азаматтық борышы, ел бірлігі мен болашағына жасалған сенімді қадам екені анық.

Ең бастысы - таңдау жасалды!

ЖСДП баспасөз қызметі