Жетісу облысында туризмді дамыту бүгінде жай ғана салалық бағыт емес, өңірдің экономикалық дамуын айқындайтын маңызды стратегиялық мәселе ретінде қарастырылуда.
«2026 жылы Жетісу облысында туризмді дамыту векторлары» тақырыбындағы дөңгелек үстелде бұл саланың әлеуеті жоғары екенімен қатар, бірқатар жүйелі проблемалардың бар екені де ашық айтылды. Туризм – жаңа жұмыс орындарын ашатын, шағын және орта бизнесті дамытатын, инфрақұрылымды ілгерілететін маңызды экономикалық драйвер. Жетісу үшін Алакөлдің мен Жаркенттың табиғи тартымдылығы, шекаралық аймақтардың мүмкіндіктері және ойын-сауық индустриясын дамыту бағыттары үлкен перспектива береді. Алайда, Казино операторларының ұлттық қауымдастығының өкілі Баекенов Камбар Абдысаттарович атап өткендей, бұл әлеует толық пайдаланылып отырған жоқ. Оның айтуынша, өңірде жаңа жұмыс орындарының тапшылығы, әсіресе ауылдық жерлерде, әлі де өзекті мәселе болып отыр. Сонымен қатар ойын бизнесіне қатысты жоғары салықтық жүктеме инвесторлардың қызығушылығын төмендететін негізгі факторлардың бірі саналады. Сарапшы салық мөлшерлемесін төмендету, тіпті белгілі бір кезеңге салықтық каникул енгізу қажеттігін ерекше атап өтті. Бұдан бөлек, тиімді локацияларды анықтау мәселесі де күрделі күйінде қалып отыр. Қорғас бағыты шетелдік туристерді тартуға қолайлы болғанымен, геосаяси тәуекелдер, әсіресе Қытай тарапындағы шектеулер бұл бағыттағы жобаларға тікелей әсер етуде. Сонымен бірге Қытайдың құмар ойындарға қатысты қатаң саясаты да бизнес үшін қосымша қауіп тудыратынын жеткізді.
Алакөл өңірінің маусымдық сипаты да инвестициялық тартымдылықты төмендетеді, өйткені туристік ағын көбіне жаз мезгілімен шектеледі. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі – ірі жобаларды іске асырудағы басты кедергілердің бірі. Бұл бағытта шамамен 1,2 млрд теңге көлемінде қаржы қажет екені айтылғанымен, нақты қаржыландыру мәселесі әлі шешілмеген.
Соған қарамастан, ойын-сауық индустриясы өңір экономикасына серпін беретін маңызды бағыт ретінде қарастырылып отыр. Мысалы, Қонаев қаласында бұл сала мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, жанама түрде одан да көп тұрғынның табысына әсер етуде. Бұл оның мультипликативтік әсерінің жоғары екенін көрсетеді. Яғни бір сала арқылы бірнеше экономикалық бағыт қатар дамиды.
Панфилов ауданының кәсіпкерлік бөлімі ММ басшысы Асанбаев Ильяс Касымбекович атап өткендей, дөңгелек үстелде ұсынылған шешімдер нақты әрі іске асыруға бағытталған. Оның айтуынша, ойын бизнесіне салықтық жүктемені төмендету, 3–5 жылдық салықтық жеңілдіктер енгізу, өңірде ойын аймақтарын дамыту бойынша нақты жол картасын қабылдау және инженерлік инфрақұрылымды мемлекет тарапынан қолдау маңызды қадамдар болып табылады. Сонымен қатар ол жобаларды орналастыру кезінде геосаяси және құқықтық факторларды ескерудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, оның пікірінше, Панфилов ауданындағы Нұркент елді мекені перспективалы бағыттардың бірі болып табылады және бұл аумақта инвесторлар үшін нақты әрі тұрақты шарттар қалыптастыру қажет.
Бұл бағыттың әлеуметтік маңызы да зор. Туризм мен ойын-сауық индустриясы халықты жұмыспен қамтуға, әсіресе жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді. Осы тұрғыда Талдықорғанда іске қосылған оқыту орталығы оң қадам ретінде бағаланды. Сонымен бірге лудоманияның алдын алу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу де маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Қорытындылай келе, туризм және ойын-сауық индустриясын дамыту Жетісу облысы үшін нақты экономикалық мүмкіндік болып табылады. Бұл бағыт инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің әл-ауқатын арттыруға жол ашады. Алайда бұл үшін тиімді мемлекеттік саясат, тұрақты инвестициялық орта және нақты аймақтық даму стратегиясы қажет. Осындай жүйелі тәсіл арқылы Жетісу өңірі экономикалық өсудің жаңа нүктесіне айнала алады. 🖋 ЖСДП Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі