Жаңа кезең, үлкен жауапкершілік: ЖСДП Құрылтайға ұсынылған сегіз кандидатты таныстырды

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлаудағы дауыс берудің қорытынды нәтижелерін жариялаған болатын. Дауыс беру қорытындысы бойынша Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) сайлаушылардың 5,11% дауысын жинады. Партияны 469 058 Қазақстан азаматтары қолдады.

Енді ЖСДП Саяси кеңесі Президиумының отырысының қорытындысы бойынша партияның Қазақстан Республикасы Құрылтайында өкілдік ететін кандидаттарының тізімі бірауыздан қолдау тапты.

Сонымен ЖСДП атынан Құрылтай құрамына келесі сегіз кандидат кіреді:

  1. Асхат Рахимжанов – ЖСДП төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты. Социалистік интернационал халқаралық ұйымының вице-президенті.
  2. Мақсұт Насибулов – ЖСДП Орталық аппаратының басшысы.
  3. Нурайнаш Камалова – ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрағасы.
  4. Лариса Ли – ЖСДП мүшесі, «PANA» партиялық жобасының жетекшісі.
  5. Аслан Кульмагамбетов – ЖСДП Астана қалалық филиалының экологиялық саясат мәселелері жөніндегі сарапшысы.
  6. Арман Ақылбай – ЖСДП мүшесі, ҚР Әділет министрлігі Персоналмен жұмыс департаментінің директоры.
  7. Наурыз Сайлаубай – ЖСДП Жастар қанатының жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты.
  8. Ажар Сагандыкова – ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, ЖСДП Әйелдер қанатының жетекшісі.

ЖСДП өз сайлаушыларына білдірген сенімі үшін алғыс айтады. Партия Қазақстан азаматтарының мүдделерін Құрылтайда одан әрі қорғауға және әлеуметтік-демократия саласындағы бастамаларын іске асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуге дайын екенін растайды.

Құрылтайға ұсынылған тұлғалардың өмірбаяндық анықтамалары

ЖСДП-дан Қазақстан Республикасы Құрылтайына ұсынылған тұлғалар тізімі Қысқаша өмірбаяндық анықтамалар

РАХИМЖАНОВ АСХАТ НУРМАГАМБЕТОВИЧ

ЖСДП төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, Социалистік интернационал халқаралық ұйымының вице-президенті Туған күні: 1983 жылғы 10 маусым Саясаттанушы. Республикалық деңгейдегі партияны қалыптастыруға үлес қосқандар қатарында болды. ЖСДП қатарына 2010-жылдардың басында қосылып, Астана қалалық филиалының басшысынан партия төрағасына дейінгі жолдан өтті. 2019 жылдан бері төрағалық қызметті атқарып келеді. 2023 жылдан бастап – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейді. Азаматтардың әлеуметтік және экономикалық мүдделерін қорғай отырып, партиялық институттарды жүйелі түрде дамытуға үлес қосып келеді. «Құрмет» орденімен марапатталған.

НАСИБУЛОВ МАҚСҰТ БЕЙБІТҰЛЫ

ЖСДП Орталық аппаратының басшысы Туған күні: 1992 жылғы 16 қараша «Ақ жебе» және SMM-бизнестен Испания, Түркия және Қытайдағы халықаралық мінберлерге дейін жетіп, Қазақстан атынан сөз сөйлеген. «Ақ жебе» жастар қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқарған, кейін жеке SMM-бизнесін дамытқан. ЖСДП құрамында – 2013 жылдан бері. Партияның Жастар қанатын басқарды, Саяси кеңес Президиумының құрамына кірді, партияның сайты мен «Социал-демократ» газетін редакциялады. 2015 жылдан бастап шартты жер үлестері мәселесі бойынша ауылдық елді мекендермен жүйелі түрде жұмыс істеп келеді: еліміздің барлық өңірлеріндегі 100-ден астам ауылды аралап, 10 мыңға жуық үлес иесіне кеңес берді. 2021 жылы елімізде алғаш рет осындай үлес иелерінің деректер базасы – «Үлес иелерінің тізілімін» құру бастамасын қолға алды. 2024 жылы осы мәселеге қатысты заңнамалық бастаманың авторларының бірі болды. Испания, Марокко, Түркия және Мальтада өткен Социнтерн Кеңесінің отырыстарында, сондай-ақ Бейжіңде өткен Қытай – Орталық Азия партияаралық диалогында партия атынан өкілдік етті.

КАМАЛОВА НУРАЙНАШ БАЛТАБАЕВНА

ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрағасы Туған күні: 1977 жылғы 18 сәуір Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдігінен өңірдегі партия көшбасшыларының біріне айналды. Білімі бойынша филолог. кәсіптік-техникалық білім беру мектебінде мұғалім болып бастаған. 2000-жылдардың басынан бастап партиялық қызметте. Партия аппаратының маманынан филиал басшысына дейінгі жолдан өтті. 2019 жылдан бері ЖСДП Атырау облыстық филиалына жетекшілік етеді және облыстық Қоғамдық кеңестің әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссиясының төрағасы.

ЛИ ЛАРИСА ЮРЬЕВНА

«PANA» партиялық жобасының жетекшісі Туған күні: 1978 жылғы 8 желтоқсан Халықаралық құқық саласының маманы, әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған жалпыұлттық жобаны қалыптастырған тұлға. Қоғамдық-саяси және кәсіпкерлік қызметте мол тәжірибесі бар. Қазақстан әйелдері күштері альянсының басқарма мүшесі ретінде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытын басқарады. Ал «PANA» жобасының авторы ретінде дағдарыстық жағдайларда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған практикалық шешімдерді енгізіп келеді. Астана әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен өзара тығыз байланыс жасайды. Әйелдердің саяси көшбасшылығы мектебінің (2024–2025 жылдар) түлегі.

КУЛЬМАГАМБЕТОВ АСЛАН МУХТАРОВИЧ

ЖСДП Астана қалалық филиалының экологиялық саясат мәселелері жөніндегі сарапшысы Туған күні: 1978 жылғы 27 желтоқсан Қазақстанда ең үздік деп танылған ҚТҚ полигонын қалыптастырды. Еңбек тәжірибесі бойынша инженер-эколог. Он жылдан астам уақыт бойы қоршаған ортаны қорғау мәселелері бройынша маман, сарапшы. «Эко полигон Астаны» ЖШС-ін басқарды. 2022 жылы полигон Green Energy and Waste Recycling форумында еліміздегі үздік полигон деп танылды. 2023 жылдан бері ЖСДП құрамында, партияның Астана қалалық филиалындағы экологиялық саясат бағытына жетекшілік етеді.

АҚЫЛБАЙ АРМАН СЕРІКҰЛЫ

ҚР Әділет министрлігі Персоналмен жұмыс департаментінің директоры. ЖСДП мүшесі. Туған күні: 1983 жылғы 27 қаңтар Еліміздің әділет саласы жүйесіндегі кадр саясатында тәжірибесі мол. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 21 жылдан асады. Прокуратура органдарында жұмыс істеді, судья және Астана қаласы соттарының төрағасы болды. Кейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқықтық бөлімінде сарапшы қызметін атқарды. 2021–2025 жылдары Астана қаласы Әділет департаментін басқарды, ал 2025 жылғы шілдеден бастап ҚР Әділет министрлігінің кадр саясатына жетекшілік етеді. Бірқатар мерейтойлық және ведомстволық наградалармен, оның ішінде «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен марапатталған.

САЙЛАУБАЙ НАУРЫЗ САЯТҰЛЫ

ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, ЖСДП Жастар қанатының жетекшісі Туған күні: 1994 жылғы 4 наурыз Дінтану саласынанда елдік деңгейде тәжірибелі жас атқарған.
ҚР Қарулы Күштерінде мерзімді әскери қызмет өткерді. Алматы облысы мен Жетісу өңірінде діни мәселелерді зерттеу және жастар саясаты салаларында жұмыс істеді. Мемлекеттік және жергілікті өзін өзі басқару саласы бойынша магистр. ЖСДП Жастар қанатын басқарады және партияның Саяси кеңесі Президиумының құрамына кіреді. Әлеуметтік әділеттілікті және азаматтармен ашық диалогты қолдайды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

САГАНДЫКОВА АЖАР БАХИТОВНА

ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, ЖСДП Әйелдер қанатының жетекшісі Туған күні: 1971 жылғы 16 тамыз Математика пәнінің мұғалімі әрі заңгер, сайлаушылармен кабинеттен емес, тікелей жүздесіп сөйлесетін депутат. Білімі бойынша педагог-математик және заңгер. Парламентте «Инклюзивті парламент» және «Бір ел – Бір мүдде» депутаттық топтарының құрамында жұмыс істеді. ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы инклюзивті білім беру жөніндегі комиссияның мүшесі. Экология, еңбек құқықтары, әйелдер, балалар мен отбасыларды қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөледі, азаматтарды тұрақты түрде жеке қабылдайды. «Құрмет» орденімен марапатталған.