2026 жылғы 1 тамызда Қарағанды қаласында «Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті» КЕАҚ Химия факультетінің мәжіліс залында сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) ұйымдастырған «Лайықты еңбек және жайлы қалалық орта» атты ашық азаматтық тыңдаулар өтті. Іс-шараға ТҮКШ саласының, еңбек ұжымдарының, қоғамдық ұйымдардың, БАҚ өкілдері және қала мен облыс тұрғындары жиналды.
Жиынды ашқан ЖСДП төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Асхат Рахымжанов еңбек пен қалалық орта туралы ашық әңгіме қозғау үшін Қарағанды қаласының таңдалуының символдық мәні бар екенін атап өтті:
«Қарағанды – бұл Қазақстан индустриясының жүрегі, шахтерлер мен металлургтер қаласы. Қуатты мемлекеттің құрылуы еңбек адамына деген құрметтен басталатыны дәл осы жерде айқын көрінеді. Біз бұл алаңды жай ғана есеп үшін емес, қарағандылықтардың нақты ұсыныстары Құрылтайдағы жұмысымыздың негізіне айналуы үшін құрып отырмыз», – деді Асхат Рахымжанов.
Құрылтай депутаттығына кандидат Талғат Татиков өз сөзін тұрғын үй-коммуналдық саласының жүйелі проблемаларына арнап, бейінді мемлекеттік орган құру бастамасын көтерді:
«Бүгінде ТҮКШ пен МИБ мәселелерімен бір-бірінен бөлек, сан түрлі ведомстволар айналысады, соның салдарынан соңында жауапты жанды таппайсың. Біздің ұсынысымыз — дербес ТҮКШ және МИБ палатасын құру. Аталған бейінді құрылым тариф саясатын реттеуді, күрделі жөндеу жұмыстарын, мүлік иелері бірлестіктерінің жұмысын қадағалауды және бұқара халықтың құқығын қорғауды тұрақты түрде өз мойнына алатын болады. Мұндай жүйелі жұмыс жолға қойылмайынша, проблемалар қарша борап, үдей береді», –деп мәлімдеді Талғат Тәтіков.
Қарағандылықтардың мұң-мұқтажын жақсы білетін Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Әубәкіров кибералаяқтық пен аймақтың экологиясы тақырыптарын қозғады:
«Алаяқтардың құрығына түсіп, қаржысынан айырылған қарағандылықтар маған апта сайын жүгінеді. Алаяқтық тәсілдер күн санап айлакерленіп барады, ал адамдарда ешқандай қорғаныс жоқ. Бұл ретте қатаң реттеу де, тұрақты түсіндіру жұмыстары да ауадай қажет. Экология мәселесі де дәл солай: Қарағанды ондаған жылдар бойы өндірістік қалдықтардың зардабын тартып келеді. Тұрғындар есеп үшін жасалған құрғақ баяндамаларды емес, ауа мен судың күйі туралы ашық мәліметтерді талап етуге толық құқылы», – деп қадап айтты.
Құрылтай депутаттығына кандидат Мақсұт Насибулов өз сөзінде билік пен қоғам арасындағы тікелей әрі адал диалогтың қажеттілігіне тоқталды:
«Мұндай кездесулер тек сайлауалды науқанда ғана емес, тұрақты негізде өткізіліп тұруы тиіс. Біз бүгін айтылған әрбір ұсынысты хаттап жатырмыз және қарағандылықтардың үнін Құрылтай мінберіне жеткізуді өз мойнымызға аламыз. Нағыз социал-демократия дегеніміз – кабинеттен емес, адамдармен тікелей тілдесуден басталатын саясат», – деп атап өтті Мақсұт Нәсібулов.
Тыңдау барысында айтылған барлық ұсыныстар – ТҮКШ және МИБ палатасын құру, азаматтарды кибералаяқтықтан қорғауды күшейту және аймақтың экологиялық ашықтығын арттыру мәселелері заңнамалық тұрғыдан одан әрі пысықталуы үшін хатталып, ЖСДП сайлауалды штабының тізіліміне енгізіледі. Партия өкілдері Қарағанды қаласы мен облыс тұрғындарын белсенді азаматтық ұстаным танытып, алдағы 23 тамызда өтетін сайлауда ЖСДП-ға қолдау көрсетуге шақырды. Еске сала кетейік, 5 тамыз күні Құрылтай депутаттығына кандидат Мақсұт Насибулов Республикалық дебатта ЖСДП атынан сөз сөйлейді.
ЖСДП сайлауалды штабының баспасөз қызметі