
ЖСДП-ның астаналық филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы ақбөкен популяциясын реттеу» тақырыбына дөңгелек үстел өткізілді. Отырыс барысында Қазақстандағы ақбөкен популяциясын қорғау мен оның санын реттеу саласындағы проблемалар талқыланып, шешу жолдары қарастырылды.
Мемлекет ақбөкен мәселесімен қанша жерден айналысып келе жатқанымен әр уақытта сан түрлі жағдайаттар салдарынан түрлі келеңсіздіктер орын алып отырғаны жасырын емес. Соның бірі түз тағысының жаппай қозғалысын реттеу десек артық айтқандық болмас. Құзырлы орындардың құзыретсіздігі, сыбайлас жемқорлық пен жүйелі әрекетсіздікте көп жағдайда шаруаға кесірін тигізуде. Ақбөкеннің санын реттеудің классикалық әдістері болып саналатын квота, мониторинг, фермерлерге өтемақы төлеу сынды тәжірибелер нәтижесіз болып отыр. Себебі белгілі.
Бұған байланысты Жалпыұлттық социал-депократиялық партиясының астаналық филиалының сарапшысы Аслан Мұхтарұлы былай дейді. «Үкіметтің ақбөкен популяциясын сақтау және көбейту шараларының арқасында соңғы жылдары бұл жануарлардың саны күрт өсті. Дегенмен, біз басқа мәселеге тап болдық. Бүгінде ақбөкеннің көбеюі ауыл шаруашылығының дамуына тікелей қауіп төндіріп отыр. Ең алдымен ауылшаруашылық жерлерінің тарылуына байланысты ауыл тұрғындарының наразылығы артып келеді. Екінші; қазіргі қолданыстағы қылмыстық заңнаманың нормалары, ақбөкендерді қорғау мақсатында ғана бір жақты жасалған. Салдарынан кей жағдайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша тұрғындар шарасыздықтан түрлі әрекетке барған кезде, не даладан тауып алған мүйіз үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуға алып кетіп отыр. Үшінші; ақбөкеннің санын тез арада реттемесек тым көбею кезінде аңның жаппай апаттық қырылу жағдайы орын алып, өзге де жануарлар популациясына зиян әкелуі ықтимал. Сондықтан мемлекет реттеуді қолға алу керек»,-деді.
Шын мәнінде сарапшының айтып отырғаны ойға қонымды. Түптеп келгенде туризм саласын түбегейлі қолға аламыз десек, даламызда босып жүрген бөкеннен де пайда көруге болатын сыңайлы. Өз кезегінде бұл, экологиялық туризмнің және аңшылық туризмінің дамуына жол ашып бермек. Сонымен қоса республикадағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ақбөкенді ұстауға арналған орындар салып, аңшылықтың эстетикалық әлеуетін де қарыштатуға мүмкіндік жасалса деген ой санаға оралады.
Бірақ ақбөкенді оңды-солды ату былай тұрсын, оны заңмен реттеуге де мемлекеттің мүмкіндігі жоқ екен. Мұны «Охотзоопром» РМКҚК – Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жабайы тұяқтылар мен киіктердің сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқаруға маманданған өндірістік бірлестігінің Орталық Өңірлік филиал басшының орынбасары Шындос Елдесұлы айтып отыр. «Біздің міндетімізге тек өзімізге тиесілі аймақты бақылау ғана кіреді. Сонымен бірге аңдар мен құстарды қорғау мен бақылау да міндеттеледі. Ал оны ату мен санын реттеу мәселесіне мемлекеттің өзінің күші жетпей отыр. Себебі дүние жүзілік жан-жануарлар мен жабайы табиғатты қорғау ұйымының ықпалы өте күшті. Олар әлем елдерінде жабайы табиғат пен аң-құсты қорғауға келгенде ерекше қауқарлы. Тіпті біз ақбөкен санын реттеу туралы сұраныс жасағанымызда көрші монғолия келісім бермей қойды. Өйткені ол елде киік өте аз. Олар үшін аңның бұл түрі жойылып бара жатқан жануарлардың тізбесіне енген. Ал одан пайда табу тетігі заңдық тұрғыда көзделмеген. Ия ақбөкенді браконьерлер мүйізі үшін аулайтынын білеміз. Тіпті кейбір тұрғындардың қолында талай мүйіздің бары жасырын емес. Мүйіз аса үлкен сұрансықа да ие. Осыдан екі жыл бұрын жануарлардың саны тым көбейіп халықтың жерін жаппай талқандай бастаған соң атуға бұйрық берілді. Енді қазір сол атылған бөкендердің мүйізі охотзоопромның қоймасындағы арнайы камерада әлі сақталып тұр»,-дейді.
Білуімізше мүйіздің бұлайша қоймада тоңазытылған қалыпта тұруының өзіндік сыры да бар екен. Ақбөкеннің мүйізінен түрлі дәрі-дәрмектер мен өзге де құнды бұйым жасаушылар, мүйіздің балғын күйде болуын талап етеді. Ал ескі мүйіздің қажеттілігі шамалы. Ғалымдар ақбөкеннің балғын мүйізі белгілі бір уақытқа дейін тірі организм ретінде болатындықтан оның құны да сонша жоғары екенін айтады. Сондықтан қоймадағы ауа кірмейтін тоңазытқышта сақтаулы тұруының маңызы ерек. Шындос Елдесұлының айтуынша қоймада қазір ұзын саны 42161 мүйіз тұрған көрінеді. Бұл мүйіздер арнайы бұйрық негізінде 2023 жылы атылған 43503 бас киіктен жиналған. Осы жерде бір ескеретін дүние, біздің елде не табиғаттың тосын мінезі мен кәріліктен не болмаса аурудан қырылған ақбөкендердің мүйізін жинауға болмайды. Бұған да байланысты арнайы заң нормалары да жоқ. Сондықтан өлексе дене түгел жойылады.
Санақ бойынша өткен жылдың күзінде қазақ даласында 4 млн 100 мыңнан астам киік бар деп есептелген. Көктемдегі су тасқыны мен ауа темтературасының күрт төмендеуі салдарынан осы көктемде 24 мың бас ақбөкен қырылған. Енді бөкен саны күзде тағы да нақтыланытыны анық.
AYALA «Ұлттық аңшылар мен балықшылар» палатасының президенті Батыр Сейкеновтің айтуынша киіктердің санын реттеу саласындағы өзекті мәселелерді шешу, бөкен санын басқару мен реттеуді жеке қолға алатын ереже қажет,- дейді. «Атап айтқанда киіктің санын реттеуді аңшылық шаруашылықтарға беру қажет. Бір сөзбен айтқанда бизнеске өткізу маңызды. Осылайша аңшыларға атуға квота беру мәселесін қолға алу маңызды болмақ. Ол үшін заңға арнайы норма енгізуді көздеу дұрыс. Сол кезде барып біз бөкеннің санын да ретпен бақылап, қоршаған ортаға лайықты ете аламыз.»,-дейді.
Шындығында мәселені бизнеске өткізу арқылы көп жағдайда оң шашімдер орын алатыны белгілі. Тіпті дамыған елдердің де тәжірбибесі бұл.
Осы тұста Батыр Сейкенов тағы бір түйткілді сұрақтың басын ашты.
Арқаның Бетпақ деген даласы бар,
Бетпақ шөл, ойлы-қырлы панасы бар.
Сол жерде ел жоқ, көл жоқ өсіп-өнген,
Жәндіктің киік деген баласы бар,-деп Сәкен ақын жырға қосқан Бетпақтан бүгінде ақбөкен ауып кеткен. Соңғы 10 жылдықта осы Бетпақтың даласынан киік байқала бермейтін болған.
«Киік адамы аз суы мол жерді мекен ететін аң. Ол қандай бір жерге қоныс аударатын болса алдымен үйірдегі барлаушы топ қолайлы жерді таңдайды. Міне Бетпақта қазір су жоқ. Дала эрозияға ұшырап жатыр. Еліміз ауылшаруашылығын қорғайтын, қолдайтын болса алдымен осы Бетпақты ретке келтіруі керек. Ондағы тоғандар мен көлдерді қайта зерттеп, өзендерді қалпына келтіруі маңызды. Сол кезде барып киік біткен тарихи орынына оралады. Өкініштісі сол біз олай жасай алмай отырмыз. Қазір сан түрлі жобалар шығып жатыр. Ақбөкенді ресейге көшіреміз, жасыл дәліз жасаймыз,- деп әуреге түсіп кеттік. Бұл дұрыс та шығар. Бірақ біле білсек бөкен аяқты жануар. Олар үшін жерде шекара жоқ, оны неше жерден шет елге асырғанымызбен ол өзі таңдаған жеріне, мекеніне апта өтпей қайта оралады»,-дейді Батыр Сейкенов.
Түсінгенге сарапшылардың сөзінде үлкен мән бар. Мәселеге тереңнен үңіліп, түбінен бастап зерделесек шешімін таппайтын түйіннің тарқауы сынды шаруа да ретке келері сөзсіз.
Отырысты қорытындылаған қатысушылар, ел Үкіметі мен құзырлы министрліктерге және ҚР Парламентіне арнайы ұсыныс хаттар әзірлеп, жоғарыда айтылған мәселелердің шешімін талап етпек. Не дегенмен де ақбөкен мәселесін кегжектете берудің мәнінен қаупі басым екені анық.
Б. Қабай ЖСДП