Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал

Сауал, Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің импортын алмастыру тақырыбында болмақ.

Құрметті Олжас Абайұлы, бүгінде Қазақстан азық-түлік тауарлары бойынша бірнеше негізгі бағытта импортқа тәуелді елдердің қатарында. Бұл бағыттарға өндірісті дамыту үшін қазынадан миллиардтаған қаржы бөлінгені де рас. Соңғы жылдары кейбір өнімдер бойынша еліміздің баға көрсеткіштері айтарлықтай жағдайда төмендегені байқалады.
Мысалы, отандық қант өндірісінің ішкі нарықтағы үлесі біршама төмендеп кеткен. Бір сөзбен айтқанда бүгінде халық тұтынып отырған қанттың тең жарымынан астамы шетелден импортталуда екен.

Осыдан біраз уақыт бұрын Үкімет шикізат базасын дамыту үшін қазынадан 495 миллиард теңге инвестиция бөлінетінін жариялады. Осылайша материалдық-техникалық ресурстарды субсидиялауға 168 миллиард теңге қарастырылды, оның ішінде қант зауыттарының негізгі және айналым қаражаттарын толықтыруға – 39,3 миллиард теңге бөлінген болатын. Бірақ осыншама мол қаржының қаншалықты тиімді жағдайда жұмыс істегені бізге беймәлім болып отыр.

Ал қантты былай қойғанда, отандық алма нарығында да жағыдай көңіл көншітпей отырғаны белгілі. Қазірдің өзінде дүкен сөрелері мен базарларда алма құны тым қымбаттап кеткенін байқап жүрміз. 2022 жылы алма өнімі жалпы ішкі нарықтың 73,7%-ын қамтамасыз еткен болса 2025 жылы 60 не 65%-ын ғана қанағаттандырған.
Дегенмен, базарлар мен дүкен сөрелерінен біз негізінен алма өнімінің тек шет елдік түрлерін көп байқап жүргеніміз салада бір олқылықтың барын аңғартады.

Мұндай жағдай ірімшік пен сүзбе және сүт өнімдері бойынша да орын алып отыр. Шындап келгенде азық-түліктің бұл түрлері халық үшін маңызды себетте болатын негізгі өнім. Бұлайша халық тұтынатын негізгі өнімдер мен азық-түлік түрлеріне селсоқтық танытуға болмайтынын Үкімет пен тиісті құрылым басшылары жақсы түсінеді деп ойлаймыз.
Әрине жүргізіліп жатқан баға саясатының оң нәтижесін де байқап отырмыз. Біздің зерделеуімізше өнімдердің жоғарлауы шұжық өнімдері мен құс еті сынды негізгі тауарларда да байқалған. Атап айтқанда Шұжықтар 56,4%-дан 63,8%-ға көтерілсе, құс еті 66,2%-дан 75,8%-ға өскен.

Осыған байланыстты ЖСДП фракциясы төмендегідей нақты шараларды ұсынып отыр:

  1. Субсидиялар мен мемлекеттік қолдау тетіктерін толық цифрландыру қажет. Субсидия алған барлық шаруашылықтардың атауы, БСН (Бизнес сәйкестендіру нөмірі)-ін, қолдау сомасы мен түрі көрсетілуі тиіс. Бұл ақпарат ай сайын жарияланып отыруы керек.

  2. Мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдаланғандарды жыл сайын арнайы «қара тізімге» енгізіп, оларды қайта қаржыландырудан шектеу қажет.

  3. ҮЕҰ мен журналистерді агроөнеркәсіптік кешенге (АӨК) қоғамдық бақылау жүргізуге тарту маңызды. Шағымдар мен тексерістерді жолдауға мүмкіндік беретін арнайы платформа құрылуы қажет. Ауыл шаруашылығы саласындағы журналистиканы дамыту, тергеу материалдары мен сараптамалық есептерді жариялап отыру маңызды.

  4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің шекті бағаларын реттеу жүйесін ашық ету қажет. Қандай фермерге қанша көлемде мемлекеттік қолдау көрсетілгені, қай супермаркетке, қандай өнім жеткізілгені сынды мәліметтердің барлығы нақты бір базада ашық көрсетілуі тиіс.

Жоғарыда айтылған мәселелер бойынша ҚР «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, бір ай ішінде ресми жауап берулеріңізді сұраймыз.

Құрметпен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының депутаттары Ауесбаев Н.С. Рахимжанов А.Н. Сағандықова А.Б. Сайлаубай Н.С.