
Қоғамның денсаулығы мемлекеттің стратегиялық әлеуетінің айнасы. Осы мақсатта Қызылорда қаласында денсаулық сақтау нысандарына қоғамдық мониторинг жүргізу жөніндегі Штаб отырысы өтті. Жиынға Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Дәуренбеков те сала мамандарымен бірге стол басына жайғасты. Басқосу барысында алғашқы медициналық көмектің жай-күйі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жедел жәрдем қызметінің тиімділігі, ана мен бала денсаулығы, онкологиялық және жұқпалы аурулармен күрес шаралары сияқты өзекті мәселелер ашық форматта талқыланды. ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Сағатұлы денсаулық сақтау – тек салалық мәселе емес, бұл – қоғамдық сенімнің көрсеткіші екенін айтып, кездесуге бақылаушы емес, жауапты әріптес ретінде келгенін айтты.
Ауылдан басталған – халық денсаулығының өзегі
Ауыл-аймақта тұратын халықтың денсаулығы, өмір сапасы, ем алу мүмкіндігі қалалықтармен тең болуы тиіс. Алайда қағаздағы уәде мен жергілікті жағдайдың арасы әркез бірдей бола бермейтіні рас. Денсаулық сақтау нысандарына қоғамдық мониторинг бойынша штаб отырысында осы мәселе кеңінен көтерілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сарманова Динара Сардарбековна өз баяндамасында ауыл медицинасындағы ахуалды жан-жақты ашып көрсетті. 2025 жылдың 1-тоқсаны бойынша облыстағы тұрғындардың медициналық қызметке қанағаттану деңгейі 60,4%-ға жеткен. Бұл – өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,6 пайызға артық. Қазір облыста 29 стационарлық (оның ішінде 18-і мемлекеттік), 25 амбулаториялық-емханалық ұйым, 101 дәрігерлік амбулатория, 27 фельдшерлік-акушерлік пункт және 93 медициналық бекет халыққа қызмет көрсетуде. – Облыста маман тапшылығын жою үшін соңғы жылдары 176 резидентке және 177 жалпы медицина мамандығы бойынша облыс әкімінің гранты тағайындалды. Биыл ауылдық елді мекенге барған әр дәрігерге 8,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз көтерме көмек ұсынылды, – деді баяндамашы Динара Сардарбековна. Маман тапшылығы, сақтандырылмаған азаматтар үлесі және ауданаралық теңсіздік әлі де бар. Бұл – алдағы қоғамдық бақылау мен билік тарапынан бірлесіп шешілуі тиіс міндеттердің бірі.
Қоғамдық бақылау – уәде мен шындықтың арасы
Мемлекеттің кез келген саласына сенім мен ашықтық керек. Бірақ бұл екі құндылық тек ресми баяндамалармен емес, тәуелсіз қоғамдық бақылау арқылы бекемделмек. Осы орайда өткен штаб отырысы – бір жағынан, сала ішіндегі сандарды сүзгіден өткізу болса, екінші жағынан, жүйенің шынайы бет-бейнесін айқындауға бағытталған маңызды алаң болды.
Жиында сөз сөйлеген Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрбек Дәуренбеков саланың жүйелі проблемаларын батыл көтерді. Ол өз сөзінде:
«Қоғамдық мониторинг – бұл тек есеп тыңдау емес, нақты мәселелерді ашық айтып, бірлесе шешудің алаңы деп түсінуіміз керек», – дей келе, саланың шешілмеген түйткілдерін тізбектей отырып, азаматтық сараптама мен шынайы өзгеріс арасындағы байланысты айқын көрсетті.
Мәселен, алғашқы медициналық көмек инфрақұрылыммен қаншалықты жабдықталса да, кадр тапшылығы – өңірдегі басты проблемалардың бірі. Ресми мәлімет бойынша, Қызылорда облысы бойынша дәрігер тапшылығы 112 маманды құрайды, оның 34,3%-ы аудандық жерге тиесілі. Бұл – ауылдағы медициналық қызметтің сапасына тікелей әсер ететін фактор.
– Ауылдардағы жүрек-қан тамырлары, қант диабеті және көру қабілетінің бұзылуы сынды созылмалы сырқаттар дер кезінде анықталмаса, ол қауіпті асқынуға ұласады. Ал жылжымалы кешендер бұл олқылықтың орнын толық жаба алмайды, – деді Нұрбек Дәуренбеков.
Одан бөлек, дәрі-дәрмекпен қамтудың теңсіздігі – әлеуметтік әділеттілікке кері әсер ететін фактор. Бүгінде 41 нозология бойынша тіркелген науқастардың тек жартысы ғана қажетті дәрілермен қамтылып отыр. –
Бұл – әрбір екінші пациент өз қалтасынан емделуге мәжбүр деген сөз. Цифрлық жүйе мен қойма мониторингі маңызды, бірақ басты нәтиже – науқастың қолындағы дәрі болуы керек, – деді ЖСДП-ның филиал басшысы.
Жедел жәрдем қызметі де жиында қызу талқыға түсті. Қала мен ауыл арасында әлі де айырмашылық бар. Ауылдық аймақтарға санитарлық көліктің небәрі 37%-ы тиесілі. Бұл көрсеткіш ДДСҰ ұсынған 8 минуттық стандарттан жиі ауытқиды. Осы орайда Н.Дәуренбеков пилоттық авиациялық жедел жәрдем жүйесін енгізудің өзектілігін көтерді.
– Тағы бір өткір мәселе – медицинаға деген сенімнің деңгейі. Аймақта жылына 20 мыңнан астам ресми шағым түседі. Арыздардың дені – диагноз дәлдігі, қызмет сапасы, және емханалардағы келеңсіз жағдайларға байланысты. Мұндай жағдай жүйенің ішкі сапасына қатысты бақылау тетіктерінің әлсіздігін көрсетеді. “Пациент дауысы” сияқты кері байланыс жобаларын кеңейту қажет, – деді ол.
Нұрбек Сағатұлының пікірінше, ана мен бала денсаулығындағы жетістіктер – қуанарлық құбылыс. Бірақ өңірлер бойынша теңсіздік сақталған. Перинаталдық көмектің сапасы әлі де ауылдық жерлерде кенжелеп тұр. Бұл бағытта кадрлар даярлау, арнайы жабдықтармен қамту, скрининг пен бақылауды күшейту – алдағы күннің маңызды міндеттері.
Ал онкологиялық және туберкулезге қарсы күрес бағытында да жүйелі проблемалар бар. Статистикаға сүйенсек, обыр ауруларының тек 31%-ы ғана ерте кезеңде анықталады. Бұл – скринингке деген сенімнің аздығы мен диагностикалық жабдықтардың жетіспеушілігіне байланысты. Мультирезистентті туберкулез түрлерінің көбеюі – алдын алу шараларының әлсіздігін көрсетеді. Біз бұл мәселені жай есеппен емес, әрекетпен шешуіміз керек, – деді ЖСДП ҚОФ Төрағасы өз сөзінде.
Отырысты ана мен бала денсаулығы – қоғамның келешегі тақырыбында да біршама тартысты әңгіме өрбіді.
Қазіргі таңда өңірде 846 мыңнан астам халық тіркелсе, соның 174 670-і – ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер. Осы әлеуметтік топтың денсаулығын қорғау – аймақтың басты басымдығы.
Мәселенің өзектілігіне тоқталған Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айгүл Төлегенова:
2025 жылдың алғашқы төрт айында ана өлімі бойынша 1 жағдай тіркелді. Нәресте өліміне келсек, жағдай аса күрделі. 2024 жылы облыс бойынша 17 873 тірі нәресте дүниеге келіп, 150 нәресте шетінеп кетті. Бұл – әрбір 1000 тірі туған сәбиге шаққанда 8,4 промилле. Ал 2025 жылдың алғашқы төрт айында 41 нәресте қайтыс болған. Бұл көрсеткіш те былтырғы кезеңмен салыстырғанда бір деңгейде болғанымен, мәселеге бейжай қарауға болмайтынын аңғартады,-деді ол.
Осылайша, аймақтағы мониторинг нәтижелері мен орталық деңгейдегі нормативтік шешімдердің үндесуі – жүйелік өзгерістерге бастайтын нақты платформа қалыптастырды. Алдағы уақытта ұсынылған шаралар жүзеге асып, Парламент бекіткен міндеттер тиімді орындалатын болса, халықтың сенімі мен саланың сапасы қатар көтеріледі деген үміт зор.
Бұл бағытта ЖСДП-да жоспарлы түрде шаралар ұйымдастырмақ.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ ЖСДП ҚОФ хатшысы