Тұрғын үй қорында қордаланған мәселе көп

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қабырғасында, Жалпыұлттық Социал-демократиялық партиясы фракциясының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының тұрғын үй қорының техникалық жай-күйі және оны зерттеу» таңырыбында дөңгелек үстел болды.

Шараға ҚР Құрлыс және өнеркәсіп министрлігі, Астана қаласының әкімдігінен, «Қазақтелеком» АҚ-нан, «KCELL» АҚ-нан, «КаР-Тел» ЖШС (Beeline) компаниясының өкілдері мен Алматы, Шымкент қалаларының тұрғын үй басқармаларының мамандыры тікелей эфир арқылы қатысты. Одан бөлек ЖСДП өкілдері де арнайы келді.

Дөңгелек үстелді тізгіндеген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Наурыз Сайлаубай жиналғандарға алғысын айта келе бірден мәселенің мәнін баяндады. Ол қазіргі таңда еліміздегі көппәтерлі тұрғын үйлердің басқарушылық құрылымы мен техникалық жағдайына байланысты сан түрлі шағымдардың болатынын сөз ете келе мәселені жылдамдатып реттеу қажеттігін айтты. «Еліміздің кез келген өңірінде көпқабатты тұрғын үйлердің бары рас. Олардың саны күн санап өсу үстінде. Кейде біздің партияға тұрғындар әр-түрлі мәселелерді айтып шағымданып жатады. Біз өз тарапымыздан түйткілдің түйінін тарқатуды көздеп, тұрғындармен кездесеміз. Кейде шаруаға жергілікті әкімшіліктерді де қатыстырып шығаруға тартуға тырысамыз. Бірақ бұлайша бір бірлеп жүріп түгел шаруамен айналысу мүмкін емес. Сондықтан арнайы құзыретті орындар ретінде өздеріңізбен бір үстел басында пікірлесіп, оңтайлы іс тындырсақ деген ойдамыз»,-деді депутат Наурыз Сайлаубай.

Шындығында ЖСДП-на Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан тұрғындар көптеп келіп, өз шағымдарыг жеткізіп жатады. Көбінің мәселесі үйлердің техникалық жағдайы мен мүлік иелерінің қауымдастығы арасындағы келіспеушіліктерге байланысты. Мүлік иелері кей жағдайда тұрғындардың басым көпшілігінің келісімін алмай түрлі әрекеттерге барып жатады. Сондықтан ең алдымен арнайы министрлік осы мәселені қолға алғаны дұрыс сыңайлы.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төраға орынбасарының міндетін атқарушы Қызғалдақ Медетова, ең алдымен тұрғындар өздеріне тиесілі міндетті сезіне отырып, баспаналарына жауапкершілікпен қарауды үйренуі керек,-деген пікірін айтты. «Министрліктің және жалпы мемлекеттің тұрғынүйлерге байланысты жүргізіп келе жатқан тұрақты саясаты бар. Соның негізінде бірнеше заң нормаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Қазіргі таңда минисртлік еліміздегі көппәтерлі үйлердің санын анықтау үстінде. Бір қызығы статистика мен біздің жинаған мәлметіміз екі басқа болып отыр. Жүргізген есебі бойынша елімізде бүгінгі таңда 57 857 көппәтерлі үй бар. Оның 2763-сінің тозығы жеткен үйлер деп есептесек 1118 үй апатты жағдайда деп танылып отыр. Ал 790-нан астам үйге жақын арада күрделі жөндеу қажет. Бір айта кетерлігі министрлік жекеменшік үйлерге саясат жүргізбейді. 2020-жылдан бері министрлік «Е-Шаңырақ» деп аталатын арнайы платформа негізінде жұмыс істейді. Бұл жерде жергілікті атқарушы билік көппәтерлі үйлермен 36 талап бойынша жұмыс жүргізу көзделген. Бұл электронды платформада әр үйдің толық сипаттамасы берілген. Кез келген тұрғын сұраныс беру арқылы өзі тұратын үйдің барлық сипаттамасына қол жеткізуге мүмкіндігі бар»,-деді өз сөзінде министрлік өкілі Қызғалдақ Медетова.

Әрине сандық жүйеде жұмыс істеу кімге болсын тиімді екені рас. Бірақ кей жағдайда сандық бақылаудан сапа мен өзге де жағдайаттарды айналып өтуге тырысатын пәтерге иелік етуші кәсіпорындардың заңсыз әрекеттері тұрғындарды тығырыққа тірейтінін айтты ЖСДП астаналық филиалының төрағасы Талғат Омаров. «Біздің есебімізше Қазақстанда 307 мыңға жуық көпқабатты тұрғын үй бар. Тұрғын үйді тексерудің нарықтық құны өте ретсіз. Есептеулер бойынша көппәтерлі тұрғын үй кешендерін түгел сараптамадан өткізу үшін 1,5 триллион теңге қажет болады екен. Бұл дегеніміз орта есеппен әр кешенді сараптауға 5 миллион теңге жұмсау қажет дегенді білдіреді. Мемлекет осы сынды сараптаулар жүргізуі қажет»,-деді Талғат Омаров.

Тұрғын үй қорын сақтап қалу басты мақсат.

Министрлік өкілдерінің сөзінше мемлекет көппәтерлі тұрғынүйлерді сараптау жұмысын жергілікті атқарушы орындар арқылы зерделеп, ортақ базаға тіркеу үстінде екен. Ал оларды жөндеу мен абаттандыру мақсатында қазынадан қыруар қаражат бөлініп келе жатқаны белгілі болды. Тіпті 2019 жылдан бері қазынадан пәтерлерді күтіп ұстау мен жөндеуге 45 млрд теңге жұмсалған. Бір қызығы қайтарылуы тиіс қаражатты құзырлы орын осы күнге дейін толық қайтарып ала алмай, әуре-сарсаңға түсіп отырған көрінеді. «Мемлекеттің басты мақсаты еліміздегі тұрғын үй қорын сақтап қалу. Бірақ сақтап қалу керек екен деп мемлекет тұрғынүйлердің кез келген ұсақ-түйек мәселесін шешіп бере алмайды. Сондықтан бұл жерде тұрғындардың көмегі және жауапкершілігі ауадай қажет.

Елдегі тұрғын үй қорын сақтап қалу мақсатында оны қайта жөндеу мен күрделі жөндеуге деп жоғарыда айтылғандай мемлекет 45 млрд тг қаражат жұмсап отыр. Бұл қаражат мүлікті басқарушы, Меншік иелері қауымдастықтары арқылы жүзеге асырылып, нәтижесінде өте жақсы жағдайда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оны тұрғындардың өздері де растап отыр. Бірақ сол тұрғындарымыз қаражатты мемлекетке қайта қайтаруға келгенде құлықсыздық танытуда. Бір сөзбен айтқанда біз қаржымызды қайтара алмай қалдық. Бюжет созылмалы емес. Кезекте тұрған келесі көппәтерлі үйлерді жөндеуге жұмсалуы керек. Өкініштісі сол жағдай біз ойлағандай болмай шықты. Енді кінәні кім арқалайтыны тағы белгісіз. Жоғарыда айтылған меншік иелерінің қауымдастығы не пәтер иелері кооперативі ме, әлде тұрғындар ма? Сондықтан ең алдымен жауапкершілік тұрғындардың өзінде болуы керек деп ойлаймын»,-деді Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төраға орынбасарының міндетін атқарушы Қызғалдақ Медетова.

Қазынадан тұрғын үй нысанын жөндеуге деп субсидия берілгенде ол қаражат пәтер иелерінің келісімі арқылы 7 жылға деп ұсынылады. Сол уақыт ішінде пәтер иелері бөліп төлеу арқылы қаражатты мемлекетке қайтаруы қажет. Түйткіл осы тұстан пайда болып отыр. Себебі тұрғындар түрлі себептерді желеу етіп, ақшаны кері қайтарудан бас тартады. Зерттеу бойынша көп жағдайда қоныс аударулар себеп болатын көрінеді.
Сөзге тікелей көрсетілім арқылы араласқан Алматы қаласы әкімдігінің Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Маусымбаев Дастан да көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу мен күрделі жөндеу ісінде қйындықтар барын сөз етті. «Алматыдағы тұрғын үйлердің 40 пайызы ескірген. Барлығына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Жыл сайын қазынасынан 100 үйге орта деңгейде жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Ал тұрғын үй саясатына байланысты қабылданған жаңа заңға сәйкес көп нысандарға төлқұжат жасату жұмыстары басталған. Алдымен төлқұжаттарын жүйелеп алу қазіргі басты шаруа. Одан кейін жұмыстың келесі бағдарлары жүргізілмек. Мұның барлығын тұрғындардың тікелей араласуымен қолға алу көзделуде. Бастама жаман емес»,-деді Маусымбаев Дастан.

Қолдарды кім қоятыны белгісіз?

Кез келген әрекет тұрғындардың келісімі негізінде жүзеге асырылуы керек. Тұрғындардың келісімінсіз жүргізілген шаруа кейде үлкен келеңсіздіктерге алып келетіні бар. Талғат Омаров жиналғандар алдына тағы бір күрделі мәселені шығарды. Оның сөзінше меншік иелерінің қауымдастығы деп танылған жеке шаруа қожалығы кей жағдайда түгелдей тұрғындардың келісімін алмай жатып түрлі шешімдер қабылдайды екен. «Бізге шағымданып келетін тұрғындар көп жағдайда тұрғын үйге жасалған жөндеулер мен орнатылған өзгеде нысандар пәтер иелерінің келісімінсіз жүргізілетінін айтады. Мысалы жалға беру мен үйлердің төбесіне орналатылып жататын байланыс антенналары мен интернет таратушы құрылғылардан түсетін қаражат мәселесі төңірегінде болып отыр. Мысалы тұрғындар антенналардан түсетін қыруар қаржының кімнің қалтасына кетіп жатқанын білмей отыр.

Олар түрлі орынды жалдау дан түскен қаражат ашық әрі бейнелі түрде тұрғындарға түсінікті болса дейді. Мысалы, бөлмелерді жалға беруден бастап қабырғаларға ілінген жарнамалар мен антенналар да бар. Бұлардан түсетін жалдау құны ай сайын түсіп отыратыны белгілі. Сол қаражаттан тұрғын үйді жөндеу мен күтіп ұстау, абаттандыру жұмыстары жүргізілсе дейді. Шындығында бұл іспен құзырлы орындар айналысуы қажет. Себебі байланыс операторлары орнатқан әр антеннадан кем дегенде айына 200 мың теңге түседі»,-дейді ЖСДП Астана филиалының төрағасы Талғат Омаров. Омаровтың сөзі шын мәнінде өте орынды. Егер қаражат жеке адамның қалтасына кетіп жатқан болса оны мемлекеттің құзырлы орындары тергеп, тексеріп қаражатты пысықайдың өз қалтасына басуына тосқауыл болуы керек. Мәжіліс депутаты Наурыз Саятұлы да, ЖСДП-ның өзге мүшелері де құзырлы орын өкілдері бұл іске келгенде дәрменсіздік танытып отырғанын айтты. Себебі заңда дәл мұндай әрекеттік жағдаймен қаражат игеру мәселесі толық нормалар негізінде нақты шешілмеген. Десе де пәтер иелеріміз деп ЖШС құрып алып майшелпек жеу заңға томпақ екені рас.

Осы жерде тағы бір сөз болған дүние тұрғындардың атынан өзгенің құжатқа қол қойып жіберуі мәселесі. Себебі нысан жалға беріліп не шатырға антенна орнатылып қойғанын білген тұрғындар өз наразылығын білдіріп құзырлы орынға шағымданған шақта, өзінің бұл әрекетке келісім бергені туралы қолы бар құжаттар ұсынылады екен. Тұрғындар бұл әрекеттерді де заңмен шектеп беруді сұрап отыр. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі Қызғалдақ Медетованың сөзінше жоғарыда айтылған «Е-Шаңырақ» платформасының негізінде әрекеттердің барлығын сандық жүйеге өткізу көзделуде. Ол үшін ең алдымен аталмыш платформаға тұрғын үйлерді түгел тізіп барлығы талапқа сай жүктелмек. Сол кезде барып кез келген әрекет ашық әрі шынайы жүзеге асырылатын болмақ. Бір қызығы мұндай ашық жүйнің болғанын байланыс операторлыры да қалайды екен. Айтуларынша тұрғындар алдында олардың да жүзінің жарқын болуы, компанияның танымалдылығына да тиімді. «Әрине біз де мұндай нақтылықты қалаймыз. Қолдан келгенше бірге жұмыс жүргізуге бармыз. Себебі біздегі басты талап сенімді әрі сапалы қызмет көрсету. Нәтижесін халық көреді. Сондықтан бізге де барынша ашықтық керек, біз де қолдаймыз»,- деді «КаР-Тел» ЖШС-ның реттеуші және құқықтың мәселелер бойынша аға сарапшысы Артур Киекбаев.

Отырыста көтерілген мәселелердің күрделі екені шындық. Кез келген тұрғын өз баспанасының қирап не бүлініп кетуін қаламайтыны да анық. Сонымен бірге мемлекеттің тұрғын үй қорын сақтап қалудағы саясаты да үлкен жұмыстарды қамтып отыр. Тек шашыраңқылық пен жүйесіздік ілгерлеуді болдырмай отырғаны анық. Бұл бір ғана жиынның не бір ғана дөңгелек үстелде түгел шешілетін шаруа емес екені белгілі. Сондықтан сарапшылар мен құзырлы орын өкілдері отырыс негізінде біраз ой қортып оң шешім жасауға қадам жасайтынына біз сендік. Ал дөңгелек үстелді қорытындылаған депутат Наурыз Сайлаубай, жиналысқа қатысқандарға алғыс айта келе алдағы уақытта мәселенің мәніне тағы да үңіліп, бұдан да көлемді, бұдан да ауқымды отырыс жасау керектігі жөніндегі ойын ортаға тастады.

ЖСДП Бердібек Қабай