
Бүгінгі таңда табиғатты сақтау мен қоршаған ортаны қорғау – жаһандық маңызы бар мәселе. Осы тұрғыда экотуризм мен биоалуантүрлілікті сақтау өзара тығыз байланысты бағыттар болып табылады. Экотуризм табиғи ресурстарды ысырапсыз пайдалануға, жергілікті экожүйеге зиян келтірмей, табиғатпен үйлесімді өмір сүру мәдениетін қалыптастыруға негізделеді. Биоалуантүрлілік – тіршілік атаулының байлығы. Түрлік әртүрлілікті сақтау арқылы біз табиғи тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, климаттық өзгерістерге қарсы тұру қабілетімізді арттырамыз. Сондықтан, табиғи байлықтарды танып, оларды сақтау мәдениетін жастардың бойына сіңіру — келешек ұрпаққа жасалған маңызды қадам. Осы орайда 2025 жылғы 15 мамырда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы, партия офисінде Жамбыл облысында табиғатты қорғауға арналған маңызды кездесу өткізді. Бұл іс-шара Жамбыл облысының бай биологиялық әртүрлілігін сақтау, сирек кездесетін өсімдіктер мен жер асты суларының жай-күйін сараптау мақсатында ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге «Жабағлы-Манас» Тау клубы» ҚБ коориданторы Сабитов Рауф Кабиевич пен «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалінің ұйымдастырушыларының бірі Искандер Торебеков қатысты. Кездесудің басты мақсаты — өңірдегі экологиялық мәселелердің өзектілігін арттырып, оны шешудің тиімді жолдарын ұсыну болды. Әсіресе, Жамбыл облысында таралған сирек кездесетін және Қызыл кітапқа енген өсімдіктерге ерекше назар аударылды. Соның ішінде, Қаратау мен Талас Алатауының бөктерлерінде өсетін қызғалдақ түрлері мен жабайы алма ағашы — Сиверс алмасы туралы мәселелер кеңінен көтерілді. Бұл өсімдіктер — тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның ерекше табиғи мұрасы. «Жабағлы-Манас» Тау клубы» ҚБ коориданторы Сабитов Рауф аталмыш мәселе жайлы мынандай пікір айтып отыр. «Грейг пен Кауфманнан бөлек, облысымызда оннан астам қызғалдақ түрі өседі. Айталық, өңірімізде Зинаида, Альберт, Регель, Колпаковский және Островский қызғалдағы сияқты түрлер кездеседі. Ал әлем бойынша жалғыз Жуалыда өсетін «Берікқара терегі» туристердің қызығушылығын арттырып отырған мақтанышымыз десем болады. Сондықтан ерекше қорғауға алынған. Ал Мойынқұм, Байзақ секілді бірді-екілі ауданнан ғана таба алатын тораңғы ағашының сиреуі қоңыр кептер құсының жойылуына әкеліп соғуда. Алайда қанша рет дабыл қаққаныммен жанайқайымызды естір құлақ табылмай жатыр»,-деді. Кездесуде көтерілген тағы бір өзекті мәселе – Жамбыл облысының кейбір аудандарында жер асты суларының ластануы. Бұл су көздерінің сапасы ауыл шаруашылығы мен тұрғындардың денсаулығына тікелей әсер ететіні анық. Сарапшылар экологиялық мониторингтің әлсіздігін, бақылаудың жеткіліксіздігін атап өтіп, химиялық тыңайтқыштар мен өндірістік қалдықтардың салдарынан су құрамының өзгеріп кетіп отырғанын айтады. Кездесу қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар дайындалып, оларды жергілікті және республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдарға жолдау туралы шешім қабылданды.
ЖСДП Жамбыл облыстық филиалы маманы Әбуәлі Мұхтарәлі Мұратұлы