Атыраудағы сервистік мекемелер реформаларға дайын ба?

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында Парламент депутаттары заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізіп, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына жолданғаны белгілі. Аталған Заң жобасы–көппәтерлі үйлердің тұрғындарын сапалы және ашық қызметтермен қамтамасыз етуге бағытталған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жұмыстарды реформа негізінде жаңаша ұйымдастыру туралы Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Атырау облыстық филиалында Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Ж. Мұқашев және облыс орталығындағы көппәтерлі үйлерге қызмет көрсететін сервистік мекемелер төрағалары мен қаладағы көпқабатты үйлердің тұрғындары қатысқан кездесу өтті. Кездесуге келген Атырау қаласының тұрғындары көппәтерлі үйлеріне сервистік қызмет көрсететін пәтер иелері коопертивтерінің сапасыз жұмысына және жұмсалған қаражат туралы тұрғындарға ақпарат берілмейтіні туралы шағымдарын айтты. «Басқарушы мекеме, сервистік компаниялардың және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының басқару нысандары қауымдастығы» заңды тұлғалардың бірлестігінің кеңесшісі Г.Салықова облыс орталығындағы көппәтерлі үйлерге сапалы қызмет көрсетуге кедергі келтіретін жағдайлар мен қиындықтарға тоқталды. Осылайша ол ЖСДП Атырау облыстық филиалы түйткілді мәселелерді көтеріп, оның шешім табуына көмектесуді сұрады. Пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары Атырау өңірінде газ-техникалық инспекцияның құрылмауы, Атырау қаласындағы көппәтерлі үй аулаларындағы ағаштардың санитарлық талаппен кесілмейтінін және аулаларды зиянкестерден улайтын мекеме жұмысының алдын-ала жоспарсыз, жүйесіз жұмыс жүргізетіндігініне шағымданды. Сонымен қатар, ескірген электр желілері мен тозығы жеткен жылу, газ, су, кәріз құбырлары, жертөлелердің үнемі суға толуы және тағы да басқа ондаған жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер бар екенін жеткізді. Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Ж.Мұқашевтың айтуынша ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң жобасының жаңа толықтыруларына сәйкес көппәтерлі тұрғын үйді басқарушы компания басшысы кондоминиум объектісін басқару үшін арнайы сертификат алулары керек екенін, ол сертификаттарды беру тәртібі туралы аталған заң күшіне енгеннен кейін хабарланатынын айтты. Аталған заң жобасында Тұрғын үй инспекциясы өкілеттіліктерін кеңейту қарастырылған. Бірақ Атырау қаласында маманның жетіспеушілігінен Тұрғын үй инспекциясы дербес бөлім емес, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің құрамында,-деді Мұқашев Ж. Кездесуге қатысушылар көппәтерлі үйлерді басқарудың тиімділігін арттыру, күтіп ұстау, тұрғын үй-коммуналдық қызмет жұмысының сапасын жақсарту, орын алған мәселелерді шешу жолдары туралы пікірлерімен бөлісті. ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрағасы Нұрайнаш Камалова жиынды қорытындылап, кездесуде айтылған ұсыныстар мен пікірлер жергілікті атқарушы билік органдарға жолданып, көппәтерлі үйлерге қызмет көрсететін сервистік мекемелер төрағалары айтқан мәселелерге ЖСДП Атырау филиалының қызметкерлері зерделеу жүргізіп, жауапты құзырлы мекемелермен кездесу ұйымдастыратынын жеткізді.

ЖСДП Атырау облыстық филиалы