
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесу кезінде: «Экология мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Біз жасыл экономикаға көшу, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу ісін жетілдіру арқылы қоршаған ортаны қорғауға баса мән беруіміз керек. Табиғат ресурстарына жауапкершілікпен қарау және қоршаған ортаға қамқорлық таныту қоғамдық сананың құрамдас бөлігіне айналуы қажет» - деп атап өткн болатын. Бұл мәлімдеме Президенттің экологиялық тұрақтылық пен ғылымға негізделген экологиялық саясатты қолдау бағытын нақты көрсетеді.
Осыған байланысты 25 маусым күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Тараз қаласындағы өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру аумағына сапар. Қалада қоқыс өңдеу кәсіпорнын ұйымдастыру перспективаларын талқылау», тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесуге қаланың тазалығына жауапты «Жасыл ел - Тараз» ЖШС басшысы, Жамбыл облыстық экология департаменті маманы, Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Қоғамдық Бірлестік мүшелері және эко-белсенділер қатысты.
Қазіргі таңда Жамбыл облысындағы ең өзекті экологиялық проблемалардың бірі – тұрмыстық қатты қалдықтардың (ТҚҚ) дұрыс жиналмауы мен өңделмеуі. Бұл мәселе әсіресе облыс орталығы – Тараз қаласында ерекше байқалып тұр. Қаланың дамуына және тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін бұл түйткіл жүйелі және жан-жақты шешімді талап етеді. Облыс аумағында ресми тіркелген бірнеше қоқыс полигоны бар. Алайда олардың басым бөлігі экологиялық және санитарлық талаптарға сай келмейді. Көптеген полигондардың техникалық жағдайы сын көтермейді, қалдықтар бей-берекет төгіледі, ал сұрыптау мен қайта өңдеу ісі мүлде жолға қойылмаған. Кейбір жерлерде қоқыс өртеніп, зиянды газдар ауаға таралып, атмосфералық ластану жағдайы да тіркелген. Қазіргі таңда қаладан күн сайын 400-ден астам тоннаға жуық тұрмыстық қалдық сол толып кеткен полигорндарға шығарылады. Алайда бұл қалдықтардың тек 5-10%-ы ғана қайта өңдеуге жіберіледі екен. Мұндай жағдайлар әсіресе қаланың шеткері аудандарында кең таралған. Бұдан бөлек, жеке тұрғын үйлер мен шағын бизнес нысандарынан шығатын қалдықтар рұқсат етілмеген жерлерге төгіп, стихиялық қоқыс орындарының пайда болуына себепкер болуда.
2023 жылғы дерек бойынша облыс бойынша экологиялық ластанған аймағы – 1,74 млн га, ал апат аймақтары – 0,75 млн га құраған. Қала сыртында қалдықтарды сорттау және жағу зауыттарының жоқтығы экологиялық қызметтің әлсіздігін көрсетеді. Осы жөнінде эко-белсенді, «Таза табиғат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айгүл Сейітқызы былай дейді. «Жамбыл облысындағы қоқыс полигондарының қазіргі жағдайы — экологиялық апат шегіне жақын. Полигондардың көбі толып кеткен, әрі санитарлық талаптарға сай келмейді. Қалдықтар арнайы сүзгіден өтпей, жерге сіңіп, топырақ пен жер асты суларын улайды. Бұл ауыл шаруашылығына да, адамдардың денсаулығына да тікелей қауіп төндіреді. Бізге қажеті — қоқысты қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыру, мектептен бастап экологиялық сауаттылықты үйрету және әрбір тұрғынның осы жауапкершілікті сезінуі. Мемлекет пен қоғам бірігіп әрекет етпесе, бұл мәселе одан сайын ушығуы мүмкін»,-дейді.
Қалдықтарды бастапқы көзінен бөлек жинау – бұл қалдықтарды тиімді қайта өңдеудің алғашқы әрі маңызды сатысы. Әдетте Қазақстанда қалдықтардың тек 3–5%-ы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Дегенмен, бөлек жинау арқылы бұл көрсеткішті 40%-ға дейін арттыруға болады. Бұл үшін тұрғын үйлер мен мекемелерде арнайы контейнерлер орнатып, пластик, әйнек, қағаз және органикалық қалдықтарды жеке-жеке жинау жүйесін енгізу қажет. Сондай-ақ, мектептер мен ЖОО-ларда экологиялық мәдениет қалыптастыратын арнайы бағдарламалар жүргізілуі тиіс. Батыс Еуропа елдеріндегі тәжірибелер көрсеткендей, ақпараттандыру және экономикалық ынталандыру (мысалы, қайтарымды бөтелке жүйесі) арқылы халықтың белсенді қатысуын қамтамасыз етуге болады. Мұндай тәсілдер тек қалдықтарды азайтып қана қоймай, қайта өңдеу саласын дамытып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға зор ықпал етері де анық.
Осы орайда «Жасыл ел - Тараз» ЖШС басшысы Елмурат Рыскулбекович былай дейді. «Қалдықтарды өңдеу, жағу және сақтау бойынша инфрақұрылымның дамуы – қалалық және облыстық экологиялық қауіпсіздіктің негізі. Тараз қаласында қазіргі уақытта қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін заманауи зауыттардың жетіспеушілігі жөнінде мәселе бары рас. Бұл жағдай қаланың санитарлық жағдайына және тұрғындар денсаулығына кері әсер етеді. Осы орайда, жаңа сорттау және жағу қондырғылары бар кешендер салып, оларды халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкес жабдықтау қажет. Мұндай нысандар тек қалдық көлемін азайтып қоймай, одан алынатын екінші реттік ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді»,-деді «Жасыл ел - Тараз» ЖШС басшысы.
Өткен кездесуде қоқыс қалдықтарын басқару және Тараз қаласында қалдықты қайта өңдеу зауытын салу мәселелері талқыланды. Қатысушылар өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту жолдарын ұсынып, тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді жинау, сұрыптау және қайта өңдеу қажеттігі туралы мәселелерді талқыға салды. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс — қаламыздың тазалығы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруда маңызды қадам болмақ.
ЖСДП Жамбыл облыстық филиалы