Орта ғасырдағы Сарайшықтың кәріз жүйесі арман болып тұр

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына келген тұрғындар қала бойынша ассенизатор көлігінің қызметі қымбат екеніне шағым айтты. Қызмет көрсету бағасы көліктің көлеміне қарай 8-12 мың теңге арасын құрайды. Облыс орталығының 70-80 пайызы жеке тұрғын үйлер. Бұл үйлердің барлығы дерлік орталық кәріз жүйесіне қосылмағандықтан, қалдық суды үй жанындағы септикке жинап, ол толған соң айына екі рет вакуум-автокөлігі қызметіне жүгінеді. Автономиялық септик салудың құны – 200-400 мың теңге көлемінде. Тұрғындардың айтуынша, қаражат шығыны айтарлықтай.

Шағымды жеткізбек болып, жекеменшік ассенизатор-автокөлік иелерімен кездестік. Олардың айтуынша, жанар-май бағасы, көлікті жөндеу және қосалқы бөлшектердің қымбат болуы себепті таза табыстары көп емес. Сонымен қатар, қалдық суды төгу үшін әр рейске ақы төлейтіндерін, Дамбы бойы, Томарлы, Ақсай, Жұлдыз елді мекендерінен, Алға ауылынан алып төгу үшін «Сасықсай» булану алқабына дейін барып-келу 60-80 шақырымды құрайтынын айтады. Атырау қаласының сол жақ жағалауынан қалдық суды төгуге мүмкіндік жасалмаса, қызмет бағасының қымбаттауы мүмкін дейді ассенизатор-автокөлік иелері.

Қаладағы кәріз желілері «Атырау облыстық су арнасына» қарасты болғандықтан, осы мекеменің бас инженерімен кездестік. Халықтың қалтасы көтеретін баға белгілеу және сол жақ жағалаудан кәріз суын төгу мүмкіндігін білгіміз келді. Бас инженердің айтуынша, компанияға тиімсіз болғандықтан 2019 жылдан бері халыққа қызмет көрсетуді тоқтатқан, қазір бұл қызметпен жеке адамдар айналысып жатыр. Ал сол жақ жағалаудан кәріз суын төгуге мүмкіндік жоқ деп кесіп айтты.

Қаланың сол жақ жағалауында құрылысы 2017 жылдың қараша айынан басталып, 74,5 млрд теңге бюджет қаражатына кәріздік тазарту кешені салынды. Бірақ аталған нысанды ассенизаторлар пайдалана алмайды. Жеке тұрғын үйлердегі кәріз жүйесінің жалғыз шешімі, ол – барлық жеке секторды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу.

2018 жылы облыс орталығының 11 елді-мекенінде жалпы ұзындығы 112 шақырым болатын кәріз желілерін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы жасау туралы шешім қабылданып, бұл жобаны іске асыру Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына енгізілген болатын. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны 5,9 млрд теңгеге бағаланды, бірақ қаржы болмауының себебінен бұл әзірге уақыт еншісіндегі жоба. Қаражат бөлініп, бұл жоба толықтай жүзеге асқанша тұрғындар ассенизатор қызметін пайдаланады. Я болмаса, Атырау қаласындағы «Мирас» мөлтек ауданының тұрғындары сияқты өз бастамасымен өз қаражатына орталықтандырылған кәріз жүйесін салу керек болады.

Осы мәселені зерделеу барысында білгеніміздей, қаламыздағы жеке тұрғын үй иелерімен қатар, көлік жуатын, кілем жуатын қызмет көрсетушілер мен кафе-мейрамхана иелері кәріз құдықтарын тазалап шығынданбауы үшін жан-жағына жайылуына әдейі жол беріп отыр.

Қоршаған ортаға залал келтірушілерді анықтау және шара қолдану фактісін білмек болып, Атырау облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына бардық. Прокуратура қызметкерлерінің айтуынша, бұған дейін аталған дерек бойынша тұрғындар жауапқа тартылмаған. Дегенмен мұндай ықтималдылықты жоққа шығара алмаймыз.

Ағынды сулар құрамында әртүрлі улы заттар, бактериялар, вирустар және басқа қоздырғыштар болғандықтан, адам денсаулығына қауіпті. Егер мұндай ағынды сулар қоршаған ортаға алдын-ала тазартусыз енсе, олар тоғандарды, өсімдіктерді, топырақты және ауаны ластап, адамдарды ауру мен улануға әкелуі мүмкін.

Сондықтан барлық тұрғын үйлер мен нысандарды орталық кәріз жүйесіне қосу – кезек күттірмейтін мәселе.

Бүгінгі күні орта ғасырда Сарайшық қалашығында болған кәріз жүйесі мұнайлы астанаға арман болып тұр.

ЖСДП Атырау облыстық филиалы

Смотрите также: