«Қайсар» ЖШС пайшылары өз жерлері үшін күресте ЖСДП қолдауына жүгініп отыр

Ақмола облысы Аршалы ауданы Арнасай ауылындағы (бұрынғы «Вячеславский» кеңшары) «Қайсар» ЖШС-нің үлескерлері өздеріне тиесілі пайлары шеңберіндегі заңсыздықтардың орын алуына байланысты Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына (ЖСДП) жүгініп әділдік орнатуға көмектесуді сұраған.

Кеңестік дәуірден қалған кеңшар тарағаннан кейін мемлекет жер мен мүлікті тұрғындарға бөліп берген болатын. Ал 2004 жылы ауыл тұрғындары өздеріне тиесілі пай үлестерімен «Қайсар» ЖШС құрамына кіреді. Алайда содан бергі 20 жыл уақыт аралығында пай иелері жоғарыда аталған серіктестіктен бір де бір рет дивиденд алмаған. Осыған байланысты пай иелері 2023 жылы серіктестіктен шығу туралы шешім қабылдап, екі рет жалпы жиналыс өткізеді. Алайда серіктестік басшылығы тұрғындардан «Қайсар» ЖШС-нің басындағы барлық қарыздарының 50%-ын өз мойындарына алуды талап етеді. Ал тұрғындар болса 20 жыл бойы жұмыс істеп, бір адамға өтем бермеген «Қайсар» ЖШС-нің мойынына 1,2 млрд теңге қарыздың қалай пайда болғанын білмейді дал.

– 2023 жылға дейін дивиденд төленген жоқ. 20 жыл бойы үлескерлердің басын қосқан бірде-бір жиналыс та болған жоқ, қаржылық есеп те, басқа мәлімет те берілмеді. Халық қандай сұрақпен жүгінсе де, жауап болмады. Сол себепті 2023 жылы біз «Қайсардан» шығып, өз жер үлестерімізді алып, жеке шаруашылық жүргізу бастамасын көтердік. Бірақ бізге мүмкіндік бермеді. Содан соң тиісті мекемелерге жүгіне бастадық. Ақыр соңында ЖСДП-дан көмек сұрадық, – дейді пай иелерінің өкілі Наталья Морозова.

2025 жылғы 13 сәуірде пай иелері үшінші рет жиналыс өткізеді. Жиналысқа серіктестіктің атқарушы директоры, жергілікті билік өкілдері және ЖСДП өкілдері де шақырылды. Алайда серіктестіктен де, жергілікті әкімдіктен де төбе көрсеткен адам болмады. Сонымен, билік өкілдері құлықсыздық танытып келмей қойса да жиынның күн тәртібіне 14 мәселе көтерілді. Соның ішінде шаруашылықтың қаржылық есебі де бар тұғын. Бірақ серіктестік өкілі жиналысқа келмегендіктен есеп тағы жабулы қазан күйінде қалды. Ауыл тұрғындарының сөзінше, серіктестіктің құрылтайшысы, қазіргі таңда қамауда отырған көрінеді. Ал бүгінгі күні атқарушы директор болып оның жары жұмыс жасап жатқан көрінеді.

Пай иелері атқарушы директордың атына да бірқатар сұрақтар қойып отыр. Өйткені ол «Қайсар» ЖШС-нің жарғылық капиталының 89%-ына иелік етеді екен. Алайда пай иелері бұл үлестің атқарушы директорға тиесілі емес екенін айтып дау көтеріп отыр.

– Бастапқыда Татьяна Немцан өзін құрылтайшымын деп мәлімдегенімен, ол қандай мүлікпен кіргенін нақты көрсетіп бермеген. 2023 жылы біз бұл мәселені көтерген болатыбыз. Аудит барысында кезіндегі «Вячеславский» өндірістік кооперативіне тиесілі барлық мүлкі орынында екенін анықтадық. Бірақ қазір мүліктің көп бөлігі зым-зия жоқ болып кеткен көрінеді. Мүліктер қатарында түрлі техника бірлігі, мал мен дәнді-дақылдардың көп мөлшердегі тұқымдары да болған. Тұрғындардың айтуынша қазір бұл мүлік олардың жеке меншігіне айналған көрінеді. Шындығанда бұл мүліктердің дені кезінде совхозда жұмыс істеген адамдарға тиесілі болуы керек тұғын. Мемлекет бөліп берген мүлікті серіктестік басшылығы иеленіп алған, – дейді Морозова.

Пай иелеріне маңызды құжаттардың көпшілігі көрсетілмейді. Мысалы, «Агромир» ЖШС-мен жасалған келісімшарт туралы ешкім ештеңені білмеген. «Агромир» ЖШС қазіргі таңда «Қайсар» ЖШС-не тиесілі жерлерді пайдаланып отыр. Екі серіктестік арасындағы келісім туралы түрлі құжаттарды пай иелері прокуратураның араласуы негізінде ғана көре алған. Белгілі болғандай құжатта екі жақты келісім негізінде барлық табыстың 95%-ын «Агромир» иеленеді екен.

13 сәуірде болған жалпы жиналыста Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мүшелерінің қатысуымен бірқатар шешімдер қабылданды. Олардың қатарында: ревизиялық комиссия құрылып, атқарушы директор қызметінен шеттетілді. Туындаған мәселелерге байланысты пайшылар сотқа жүгінетін болды. Сонымен қатар, пай иелері мемлекеттік органдардан ЖШС қызметі туралы ақпарат сұрап мән-жайды нақты білу керектігі туралы шешім қабылдады. Жиналыста ЖСДП Саяси кеңесінің мүшесі – Максут Насибулов, Талғат Омаров және сарапшы Қанат Есжан пайшыларға алдағы уақытта аса сақтыңпан заң нормалары негізінде әрекет жасау керектігін түсіндірді.

Максут Насибулов өз сөзінде мұндай мәселелер тек аталмыш ауданда ғана емес бүкіл Қазақстанның көпдеген жерлерінде кездесетін келеңсіздік екенін айта келе ЖСДП «Қайсар» ЖШС-не байланысты туындаған мәселені бақылауда ұстап отырғанын атап өтті.

– 10 жылдың ішінде біз осы сынды өте көп мәселелермен бетпе бет келдік. Қазір Жер кодексі мен «ЖШС туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынып отырмыз. Парламенттегі 4 депутаттан тұратын ЖСДП фракциясы бұл ұсынысты міндетті түрде көтеретін болады. Біздің басты талабымыз – әділеттілік. Бір адам – бір дауыс принципін енгізу. Мысалы, сіздерде 150 пай иесі бар, бірақ құрылтайшы 89% дауысқа ие. Бұл жерде ешқандай әділдік жоқ, – деді Насибулов.

ЖСДП өкілдері «Қайсар» ЖШС-нің пай иелеріне алдағы уақытта да заңгерлік кеңес беруді жалғастырмақ. Сонымен қатар, Арнасайлықтар ауыл маңынан инертті материал өндіретін карьер ашуға қарсы екендіктерін айтып мәселе көтерді. Бұл карьер Астана су қоймасының маңында орналасуы мүмкін екен. Білетініміздей аталмыш су қоймасы елорданы ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Енді су қоймасының маңына карьер салу қаншалықты ақылға қонымды дүние болмақ? Арнасай ауылдық округі мен Аршалы ауданы әкімдіктері де карьер құрылысына қарсы. Бірақ оны салмақ болып жүрген компания сотқа жүгініп, жер теліміне байланысты түрлі талаптар қойған.

– 2016 жылдың 9 қыркүйегінде карьер ашу туралы қоғамдық тыңдау өткен екен. Протоколға сәйкес, халық қарсы болмаған. Тыңдаудың ұйымдастырушысы – Аршалы ауданының әкімдігі екені көрініп тұр. Ал хаттамадағы қол қойған адамдардың кейбірі қазір бұл өмірде жоқ. Енді қалғандары аталмыш жиынға қатыспағандарын, ештеңеге қол қоймағандарын айтып отыр. Біз сотқа бұл хаттаманы жалған деп тану туралы шағым түсірдік, бірақ сот шағымымызды қарамады. Бірнеше адам құзырлы органға жекелей жүгініп, арыз жазғанымызбен мерзімнің өтіп кетуіне байланысты іс қараусыз қалды, – дейді ауыл тұрғыны Виктория Яременко.

– Егер аталмыш карьер су қоймасы маңында іске қосылса, 1966 жылы салынған бөгеттің бұзылып кету қаупі жоғары. Бұл жағдайда Астана су астында қалуы әбден мүмкін. Жоқ дегенде Астананың сол жағалауы мен әуежайын су шайып кететіні анық. Неліктен бұл мәселемен «Қазводхоз», бассейндік инспекция, прокуратура мен әкімдік айналыспайды? – деп ашынды ЖСДП мүшесі Талғат Омаров.

ЖСДП бұл мәселені де партиялық бақылауға алып, алдағы уақытта жұмыс жүргізетінін жеткізді.

ОСДП баспасөз қызметі

Смотрите также:
Депутатские запросы