Алматы қалалық филиалы туризм саласын дамыту жөнінде дөңгелек үстел өткізді

Туризм саласы еліміздің халықаралық имиджін жасаудағы маңызды құралдарының бірі. Қазақстанның туризмі Абай облысындағы Алакөл көлімен, Алматы қаласындағы курорттармен, тау жоталары және шатқалдарымен танымал. Сондай-ақ, Астана маңындағы Бурабай демалыс орны жайлылығымен, Солтүстік Қазақстан өзіне тән ғажайып табиғатымен таң қалдырарса, Батыс өлкеміз Каспий теңізінің жағалауымен сүйсіндіреді.
ЖСДП Алматы қалалық филиалында «Бүгінде елімізде туризм қаншалықты деңгейде дамыған?» деген мәселе төңірегінде дөңгелек үстел өтті. Талқыға педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Тұран» университетінің Туризм ҒЗИ директоры Вуколов В. Н. және «Travel guide» туристік компаниясының өкілдері, ЖСДП партиясының мүшелері қатысты.

В.Н. Вуколовтың айтуынша, қазіргі таңда туризм саласындағы басты проблема – кадрлардың жетіспеушілігі. «Өйткені университеттердің көбі негізінен шет елдерге тур сатумен айналысатын туристік агенттерді дайындайды. Ал туристтік агенттіктер қазақстандық турларды жариялауға мүдделі емес. Біздің міндетіміз – ішкі нарық үшін операторлар дайындау. Бірақ институттың ресурстары аз әрі қаржыландырудың жеткіліксіздігі көлденеңнен шығады. Ал студенттерді даярлау, болашақ тау гидтерін оқыту үшін тиісті жабдықтар мен басқа да қажеттіліктерді сатып алу қажет», – дейді ол.

Партия белсенділері елімізде туризм нысандарын іздеуге арналған ортақ алаң жоқ екенін тілге тиек етті. Соның салдарынан шет елдерден келген қонақтар көп жағдайда шетелдік онлайн алаңдарды пайдаланады екен. «Сондықтан отандық туристік қызмет сайттарын ілгерілетіп, ол жерде туристік орындардың жалпы тізімін жасауымыз қажет. Сонымен қатар, онлайн сатылым мен онлайн брондау жүйесіне ерекше көңіл бөліп, сервис сапасын жақсарту бойынша жұмыс жасауымыз керек. Тағы бір мәселе – еліміздің туроператорларының бытыраңқылығы. Ол үшін туроператорларды, тур агенттерін және туристік қызметпен айналысатындардың барлығын біріктірген жөн», - деп ой қосты Алматы қалалық филиалының төрағасы Берік Ағыбаев. Жиын барысында туризм саласын дамыту жөнінде түрлі ұсыныстар ортақ талқыға салынып, қатысушылар жеке пікірлерімен бөлісті.

ЖСДП Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі