Астанада құрылыс қалдықтарынан қалған қоқыс үйінділерінің саны 700-ге жетті

Жаңадан салынған үйлер көбейіп келеді, бірақ одан қалған құрылыс қалдықтары қайда кетіп жатқаны белгісіз

Елордада құрылыс жүргізу қарқынының күрт өсуін ескеретін болсақ, қаладағы қалдықтардың көбі құрылыс компанияларынан қалады. Осы саладағылар жаңа нысандар саны артып келе жатқанын сенімді айтып жүргендеріне қарамастан, Астанадағы тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған полигонға әкелінген құрылыс қоқыстарының көлемі жыл сайын азайып келеді.

Мәселен, 2022 жылы Астана билігі қала үшін рекордтық 3 миллион шаршы метр аумақтық жаңа тұрғын үйлер тапсырды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) жақында ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысында қалдықтарды басқару саласындағы сарапшы Аслан Құлмағамбетов те қалалық полигонға әкелінген құрылыс қалдықтарының көлемі жыл сайын қысқарып келе жатқандығын айтты.

Мысалы, 2017 жылы 210 мыңға жуық құрылыс қалдығы әкелінген болса, 2018 жылы оның көлемі екі есеге – 98 мыңға дейін қысқарды. Былтыр бұл көрсеткіш 50 мың тонна болса, биыл да осындай көрініс қалыптасып отыр.

Кез-келген құрылыс басталмас бұрын жұмыс жобасы жасалады, онда қоршаған ортаға әсерін бағалауға қатысты бөлім бар. Соның ішінде құрылыс жұмыстары кезінде пайда болатын қалдықтардың көлемі жазылып, қоқыстарды полигондарға дейін тасымалдауға қажет қаражат сомасы көрсетілуі тиіс.

Алайда заңнамалық экологиялық нормалар іс жүзінде жұмыс істемейтіндіктен, елорда әкімдігі бұл қоқыстарды жоюға, оның ішінде сенбіліктер өткізуге жылына 100 млн теңгеден астам қаражат бөледі.

Сарапшылардың мәліметінше, еліміздің бас қаласында заңсыз қоқыс үйінділерінің саны жыл сайын артып келеді. Егер 2017 жылы 58 үйінді болса, 2020 жылы 228-ге жеткен, былтыр 551, ал биыл оның саны 700-ден асты.

Қазіргі мемлекеттік реттеу жүйесі бұл ағдайды өзгертуге мүмкіндік бермей тұр. Айыппұлдар тиімсіз, өйткені Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жасайтын заң бұзушыларды Экологиялық кодекстің 505-бабы бойынша ғана жауапқа тарта алады. Ал бұл заң бойынша жеке тұлғалар үшін 20 АЕК (шамамен 70 мың теңге) және талапты қайталап бұзғаны үшін 30 АЕК (шамамен 100 мың теңге) шамасында ғана айыппұл салу қарастырылған. Сондықтан құқық бұзушы қоқыс таситын ұйымға заңға бағынудан гөрі айыппұл төлеу оңайырақ.

Құрылыс қалдықтарын басқару жүйесі жоқ

Қоғамдық ұйымдар елімізде құрылыс қалдықтарының пайда болуын есептейтін әдістеме жоқ деп дабыл қағуда. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды басқару бойынша мемлекеттік саясат департаменті басшысының міндетін атқарушы Динара Әжіғалиева мұны жоққа шығармайды.

Аслан Құлмағамбетовтың айтуынша, әдістеменің жоқтығы қалдықтарды кәдеге жарату үшін қанша қаражат қажет және қандай іс-шараларды қолға алған дұрыс екенін есептеуге мүмкіндік бермей тұр.

Сонымен қатар, бүгінде заңға бағынатын құрылыс компаниялары құрылыс қоқыстарын қайда алып баратынын да білмейді, өйткені Экологиялық кодекстегі 351-бапта полигондарда көмуге тыйым салынған қалдықтардың 20 түрі аталған. Олардың арасында құрылыс қалдықтары да бар.

Қалдықтарды басқару бойынша мемлекеттік саясат департаменті басшысының міндетін атқарушы 351 баптың 2016 жылы ұсынылғанын атап өтті және оның не үшін әзірленгенін түсіндірді.

«Біріншіден, біз құрылыс қалдықтары қайта өңделмейтінін және тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) полигондарының қандай күйде екенін білеміз. Тиісінше, құрылыс қалдықтары қанша пайда болды, сол көлемде ТҚҚ полигондарына апарылса, онда олар әлдеқайда жылдам толып қалатынын түсінеміз. 351-бап сол себеппен енгізілді, бірақ ол бірден күшіне енген жоқ. Бұл заң 2019 жылы күшіне енуі керек еді, бірақ әкімдіктер дайын болмағандықтан, бұл норма 2021 жылдан бастап күшіне енеді деген бастама көтерілді. Қазір әріптестер осы бапты кейінге – 2027 жылға дейін тоқтата тұру нормасын қайтадан енгізу туралы қосымша сұрақты көтеріп жатыр. Оны жасауға болады», - деді Динара Әжіғалиева.

Дегенмен, аталған департамент осы бапты Экологиялық кодекстен түбегейлі алып тастауға қарсы.

«Құрылыс және тамақ қалдықтарын көмуге тыйым салу жөніндегі 351-бапты 2027 жылға дейін кейінге қалдыру керек, яғни барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда инфрақұрылым дайын болғанға дейін тоқтата тұруға болады. Өйткені қазір бізде тек Астана мен Қостанайда ғана полигондар бар, басқа өңірлер мүлдем дайын емес», - деп хабарлады департамент басшысы.

Өз кезегінде, ЖСДП елордалық филиалының басшысы Талғат Омаров бұл норма сыбайлас жемқорлыққа жол ашып жатқанына сенімді.

«351-бапқа сәйкес полигонға тамақ, құрылыс қалдықтарын, металл мен әйнек және басқаларын қабылдауға болмайды. Осыған сүйенген кез-келген тексеруші кез-келген полигонға барып, әйнектің, металдың немесе пластиктің болғанына айыппұл сала алады. Сонда полигонға не істеу керек? Қаланың түкпір-түкпірінен сұрыпталмаған қоқыстарды қабылдамай қою керек пе? Одан да оған пара беріп, ары қарай жұмыс істей беру оңайырақ», - деп түсіндірді ол.

Қазақстанда құрылыс қалдықтарын қабылдайтын және қайта өңдей алатын полигондар жоқ

«Тәжірибеші экологтар қауымдастығының» төрайымы Лаура Мәлікованың айтуынша, құрылыс компаниялары жыл сайын қауіпті қалдықтарды түгендеу туралы есеп береді. Онда құрылыс қалдықтарының көлемі жайында ақпарат көрсетіледі.

Сол мәліметтер бойынша, 2020 жылы Астанада 398 мың тонна құрылыс қалдықтары жиналып қалған, оған бетон, кірпіш, ағаш, гипсокартон және басқа да қалдықтар кіреді.

«Біз жаңа Экологиялық кодексті қабылдау жөніндегі жұмыс тобының құрамында болдық және құрылыс қалдықтарын көмуге тыйым салуды мерзімінен бұрын енгізу туралы мәселені бірнеше рет көтердік, өйткені бізде инфрақұрылым жоқ», - деп санайды ол.

Құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу инфрақұрылымы тек Қостанай мен Астанада ғана бар, онда 2023 жылдың наурыз айында құрылыс қалдықтарын қабылдау және қайта өңдеу бойынша «Северная гряда» санкцияланған алаң іске қосылды. Оның құрылысы 2017 жылдан бері жүргізіліп келеді.

«Ресми деректер бойынша, бұл учаскеде қуаттылығы жылына 196 мың текше метр болатын ұсақтау кешені орнатылған және құрылыс қалдықтарын қабылдау үшін белгіленген тариф – тоннасына 1300 теңге. Бұл тариф ғылыми-зерттеу жұмыстарының (ҒЗЖ) ешқандай негіздемесіне сүйенбей белгіленген. Біз табиғи ресурстар басқармасына бірнеше рет хабарласып, бұл санның қайдан пайда болғанын сұрадық, алайда ешбір негіздеме жоқ», - деп нақтылады Лаура Мәлікова.

Екінші мәселе – техникалық тапсырмада №17 топқа жататын қауіпті құрылыс қалдықтарын қабылдауға лицензия болуы керек деген талап болды. «Бұл қызметті мемлекеттік сатып алу бойынша байқауға шығарған кезде әлеуетті қатысушылардан полигондардағы жұмыс тәжірибесіне байланысты біліктілігі талап етілмеді. Нәтижесінде осы тендерден бір ай бұрын ғана құрылған компания жеңіске жетті. Табиғи ресурстар басқармасында мемлекеттік қызметшілермен де үлестесу бар деп ойлаймын, бұл жерде құқық қорғау органдары білек сыбана жұмыс істеуі керек. Кім кімнің досы, кім кімнің сыныптасы? Өйткені бұл жағдай сыбайлас жемқорлыққа ұқсайды», - дейді сарапшы.

Оның пікірінше, құрылыс қалдықтарын көмуге тыйым салу – ойға қонымсыз норма.

«Егер біз кірпіш туралы айтатын болсақ, яғни қайта өңдеп, сосын одан жаңасын алуға болатын кейбір түрлерінің жайы басқа. Бірақ қайта өңдеу мүмкін емес жылу оқшаулағыш материалдар да бар ғой. Оларды не істеу керек? Көміп тастаудан басқа амал жоқ», - деді Қауымдастық төрайымы.

Қауымдастық құрылыс қалдықтарын қабылдау және қайта өңдеу тарифін қайта қарауды ұсынады, қазір оның құны – 1300 теңге. Тарифті белгілеу үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарының белгілі бір негіздемесі болуы тиіс. Алдын ала деректер бойынша, бүкіл шығын мен инфляция деңгейін есептегенде, шығын құны тоннасына кемінде 2500 теңгені құрауы керек.

KazWaste қауымдастығының төрағасы Шынболат Байқұлов тарифтік саясат бойынша бұрмалаушылық байқалып отырғанымен келіседі.

«Тоннасына 1300 теңге деген баға қалай қалыптасатыны Астана қаласының табиғатты пайдалану басқармасына қойылған жақсы сұрақ. Әкімдік байқау жариялаған кезде жұмыс істеп тұрған қоқыс шығаратын үш компанияның ешқайсысы оған қатыспады, себебі бұл өзіндік құннан төмен», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта құрылыс қалдықтарының бір тоннасын шығару құны 4,5-5,5 мың теңге, ал шын мәнінде өзіндік құны – 3,5-4 мың теңге.

«Әлбетте, қалдықты 1300 теңгеге шығару еш қисынға келмейді. Дегенмен, қандай да бір компания тендерді ұтып алып, кейіннен аралас қалдықтарға тарифті екі есеге дейін арттырып жібереді», - деп түсіндірді Шынболат Байқұлов.

Құрылыс алаңдарындағы қоқыс сұрыпталмай жатыр

Маңызды мәселе – құрылыс нысандарында қоқысты сұрыптайтын қызмет жоқтығынан қоқысты қайта өңдеуге мүмкіндік болмай тұр.

Құрылысшылардың тамағынан кейін қалған тамақ қалдықтары мен пластикалық ыдыстар кірпіш, гипсокартон, газоблок сияқты құнды фракциялары бар бір контейнерге тасталады, ал оларды кейіннен қайта өңдеп, айналымға қайтаруға болар еді.

Шынболат Байқұловтың мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 600 нысан салынуда, олардан орта есеппен жарты миллион тоннаға жуық қалдық қалады, бірақ іс жүзінде полигонға кемінде 50 мың тонна ғана жеткізіледі.

«Бұл дегеніміз жыл сайын 450 мың тонна орман алқабына апарып тасталатынын білдіреді. Рұқсат етілмеген полигондарды жою тарифінің сомасы екі есеге – 125 миллионнан 250 миллион теңгеге дейін өсті. Бұл – қала әкімдігінің полигондарды жоюға жұмсайтын сомасы. Бұл бюджетті біріншіден, «Северная гряда» полигонын және басқасын ретке келтіруге жұмсау әлдеқайда тиімдірек емес пе? Біз бұл полигонды пайдалануға беру кезеңінде де нысанға барғанбыз және сол жерде қолданылған суды өткізетін геомембранаға күмәніміз болған», - деді KazWaste басшысы.

Экологтың сөзінше, «Северной гряда» полигонында құрылыс қалдықтарын тамақ қалдықтарына бөлуге арналған жабдық жоқ. «Мысалы, арнайы вибро үстелдер, вибро грохот осы құрылыс қалдықтарын тығыздыққа немесе әртүрлі салмағына байланысты бөлшектей алады», - деді ол.

ЖСДП партиясы бұл мәселені ары қарай да бақылауда ұстайды.

ЖСДП Баспасөз қызметі