Астанада жылма-жыл қоқыс үйінділері көбейіп келеді

Сарапшылар елорда әкімдігінің бұл мәселемен күресуге бейнебақылау камераларын орнату мүмкіндік береді деген пікірімен келіспейді.

Бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның елордалық кеңсесінде қалдықтарды утилизациялау тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны ашқан ЖСДП Астаналық филиалының төрағасы Талғат Омаровтың айтуынша, партия бұл мәселеге ерекше назар аударады.

Экология бойынша сарапшы Аслан Құлмағамбетов көптеген құрылыс жұмыстарын ескере отырып, Астанада қалдықтарды тастайтындардың шамамен 90 пайызы құрылыс компаниялары, қалғаны қоқыс таситын компаниялар екенін атап өтті. Мәселен, былтыр елордада 3 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй тапсырылған, қала үшін бұл рекордтық көрсеткіш. Алайда соған қарамастан, қоқыс полигонына шығарылған құрылыс қалдықтарының мөлшері өспеді, керісінше айтарлықтай азайған. Есесіне рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс үйінділерінің саны артып келеді.

«Мысалы, 2017 жылдың ішінде қалалық полигонға 210 мың тонна құрылыс қалдықтары әкелінді (тұрмыстық қатты қалдықтарды есептемегеннің өзінде). Ал 2018 жылы қалдықтың мөлшері 98 мың тонна ғана болды. Бұл көрсеткіш жылма-жыл азая берді. Былтыр және биыл шамамен 50 мың тоннаға дейін түсіп кетті», - деді ол.

Сарапшының айтуынша, кез келген құрылыста ҚОӘБ (қоршаған ортаға әсерді бағалау) бөлімі жазылған жұмыс жобасы әзірленеді. Онда қандай да бір тұрғын үй кешенін салу кезінде қанша қоқыс қалатыны ескеріледі және тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған полигондарға дейін тасымалдауға қажет қаражат есептеледі. Бұл қаражат жаңадан салынған тұрғын үйден пәтер немесе кеңсе сатып алушы тұрғындардың қалтасынан шығады. Яғни, баспана салған құрылыс компаниясы қоқыс тастау үшін сатып алушыдан ақша алып тұрып, қоқысты полигонға жеткізбейді. Демек, компания қаражатты өзіне қалдырып, заңсыз табыс тауып отыр. Есесіне, рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс үйінділері көбейіп жатыр.

Көзделген экологиялық шаралар іс жүзінде жұмыс істемейтіндіктен, Астана әкімдігі жылына 100 млн теңгеден аса соманы осы қоқыстарды жоюға, оның ішінде сенбіліктер өткізуге бөліп келеді.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған полигонның қоқыс үйіндісінен айырмашылығы – қоқысты инертті материалмен сыртқы ортадан жабу (оқшаулау) жолымен орталықтандырып жинауға және залалсыздандыруға арналған.

Экобелсенді Шасалим Шагалимовтың айтуынша, қала бойынша рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісінің саны жыл сайын артып келеді: 2017 жылы 58 болса, 2020 жылы – 228-ге жетті, былтыр 551 болса, биыл 700-ден асатын шығар деп пайымдайды.

«Осы жылы «Қазақстан гарыш сапары» 246 қоқыс үйідісі бар дейді, бірақ мен бұл көрсеткішке сенбеймін, 300-ден астам қоқыс жайжан-жай жоқ болып кетуі мүмкін емес», - деді ол. Шасалим Шағалимов мәселені шешу үшін Астана әкімі «Елорданың мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізіп, бизнесті тексеруге рұқсат бермейтін мораторийдің күшін жойып, құрылыс алаңдарына тексеру жүргізуі қажет деп санайды.

Аслан Құлмағамбетовтың пікірінше, құрылыс нысандарын салушылар мен қалалық полигон арасында келісім шарт жасалуын міндеттеген дұрыс.

«Полигонда аванстық төлем жүйесі жұмыс істеуі тиіс. Олар жарна төлейді және оның орнына құрылыс салушылар жалға алатын немесе қоқыс шығаруға жұмылдыратын газель жүргізушілеріне берілуі тиіс талондарды алады. Талон қатаң есептілік құжаты болуы керек, бір бөлігі полигонда қалып, сол жерде өзінің мәліметтер базасы жүргізіледі. Сәйкесінше, барлық бақылау-қадағалау органдары құрылыс компаниясының қаншалықты заңнама шеңберінде жұмыс істейтінін көре алады. Егер оның бағанында «нөл» саны болса, онда оған қандай да бір шара қолдану керек және барлық рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі жойылады»,-деді ол.

Өз кезегінде, Қалдықтарды реттеу жөніндегі KazWaste қазақстандық қауымдастығының басқарма төрағасы Шынболат Байқұлов жаңа экологиялық кодексті әзірлеуге қатысқанын түсіндірді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ластаушы заттардан эмиссиялар республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар әкімдіктерінің жергілікті бюджетіне түседі, олар қоршаған ортаны қорғау жөніндегі үш жылдық іс-шаралар жоспарын қабылдауға міндетті. Кодексте бұл қаражатты не нәрсеге жұмсау керектігі егжей-тегжейлі жазылған.

«Бірақ біздің әкімдіктер ағаш отырғызуға бейім екенін көріп отырмыз. Әрине, бұл топырақты қорғау, Экокодексте қарастырылған жерлерді қорғау үшін маңызды, бірақ одан қоқыстарды реттеудің ең өзекті мәселесі шешілмейді. Қалдықтардың қауіп туғызуы ең әлеуметтік маңызды мәселе. Олар бактериялардың, әртүрлі қоздырғыштардың және кеміргіштердің көбеюіне алып келеді. Егер қоқысты үш күннің ішінде шығармасаң, әсіресе жаз мезгілінде, эпидемия таралып, аурудың даму ошағы пайда болуы мүмкін. Сондықтан коммуналдық басқару – өте өзекті мәселе», - деп сөзін қорытындылады ол. Партия экологтармен тұрақты режимде диалог жүргізіп, оның ішінде ЖСДП партиялық фракциясы арқылы заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу үшін бұл тақырыпты назардан тыс қалдырмайтын болады.

ЖСДП-ның баспасөз қызметі

Смотрите также:
Депутатские запросы