Атырау облысында білім сапасын арттыру үшін бірнеше жоба іске асуда

Білімді, жан-жақты сауатты, заман ағымына бейімделе алатын, бәсекеге қабілетті, білікті ұрпақ тәрбиелеу мемлекетіміздің басты міндеті. Сондықтан балаларға сапалы білім беру қажеттілігі зор.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Атырау облыстық филиалының өкілдері өңірдегі білім беру мәселелері мен білім сапасының көрсеткіші, сапасын арттыру бойынша жасалып жатырған жұмыстар туралы пікірлесу үшін Атырау облыстық Білім беру басқармасының басшысы М.Әбуовпен кездесті.

М.Әбуовтың сөзінше, Атырау облысында 0 мен 6 жасқа дейінгі бала саны–73 104. Оның ішінде 2 мен 6 жас аралығындағылар саны 42 736. Мектепке дейінгі ұйым саны 237. Балабақшалардың 151 мемлекеттік, 86 жекеменшік болса оның 100-і шағын орталықтар. Бұл мекемелердегі педагогтардың жалпы ұзын саны 3967. Балабақша қызметінің сапасын арттыру мақсатында ұтымды іс жүргізетін балабақшалар мен әлсіз балабақшалар анықталған екен. Дегенмен әлсіздер саны ә ұтымдыларға қарағанда екі есеге көп көрінеді.

Қазіргі таңда облыста мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық жобасында көрініс тапқан қағида бойынша баласын отбасында ұстап балабақшаға жіберуге асықпайтын ата-аналар үшін консультациялық пунктердің желісі жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Сонымен қатар, облыс мектептерінде 152 174 оқушы білім алуда. Оның ішінде ауыл мектептерінде 40 472 оқушы оқып жатыр. Бұл жалпы көрсеткіштің 26,6 пайызы. Ал қала мектептерінде 111 702 оқушы оқып, 73,4 пайызды құрайды екен.

МБілім басқармасының хабарлауынша өңірдегі мектептер саны 230 болса, оның 207-сі мемлекеттік, 20-сы жекеменшік. Одан бөлек мемлекеттік санатта 3 арнайы мектеп оқушыларға білім беруде. Оның ішінде 132 ауыл мектептері, 98 қала мектептері деп бөлінетін көрінеді.

Бүгінгі күні Атырау қаласында 9 үшауысымды мектеп бар екен. Облыстық Білім беру басқармасы басшысының айтуынша мектептердің үшауысымды болуы сабақ кестелері реттеліп жасақталғандықтан білім сапасына айтарлықтай әсер етпейді.

Білім сапасының PISA-2018 халықаралық зерттеулеріне сәйкес Атырау облысы ең қазір ел бойынша соңғы 15 орынды иеленген. PISA-2022 нәтижесімен математикалық сауаттылықтан 14, оқу сауаттылығынан 11, жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтан 12-ші орынға көтерілді. Бұл енді өңірдің сәл болса да жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетсе кетек. Бірақ қуанатын шаруа емес екені анық.

Білім сапасын арттыру мақсатында облыста «Мақсатты мектептер», «Атырау Jana мектебі», «Жасанды интеллект арқылы цифрлы білім ортасын құру» жобалары, «Nazar» оқу-тәрбие процесін дамыту жобасы және «Aman sultan» цифрлы платформаларын қолдану жүзеге асу үстінде.

2024-2025 оқу жылында Білім беру ұйымдарындағы білім сапасын арттыруда мектеп оқушыларының бір немесе екі пәндерден үштігі (төрттігі) бар оқушыларға пәндік әдістемелік бағытта қамқорлық көрсетуді жүзеге асыруда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті бірлескен меморандум жасақталды, меморандум аясында «Студент-оқушы» жобасының іс-шара жоспары жасақталды. Үздік студенттер мектептерде болып мектеп басшысымен, сынып жетекшісімен және ата-ана келісімімен оқушыларғы көмек беру мақсатында кездесіп өзара келісім негізінде қосымша сабақтар жүргізілуде. Бұл бір ұтымды тәжірибе деп түйдік.

Облыстағы мектептердің жетіспеушілігі турасындағы негізгі мәселе апатты жағдайдағы жеті мектептің, үш ауысымды оқытылатын тоғыз мектептің болуы. Аталған мәселелерді жою үшін 2025 жылы 5100 орындық 6 жайлы мектеп құрылысын аяқтап, іске қосу күтілуде.

2025-2029 жылдары мемлекеттік әріптестік есебінен 2000 орындық бір мектеп, жергілікті бюджет есебінен–9380 орындық 20 мектеп салынады деп жоспарлануда.

Білім сапасын көтеру бағытында облыста жасалып жатырған жұмыстар мен жобалар ұстаздардың біліктілігін арттырып, бала бойындағы қабілетті жетілдіріп нәтижелі болады деп сенеміз.

Өңірдегі жұмыста ЖСДП Атырау облыстық филиалының басты бағыттарының бірі болып табылатын білім саласының мәселелерін зерделеуді филиал қызметкерлері жалғастыра беретін болады.

ЖСДП Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметі