
Бұл күн 2007 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген 2 сәуір – бүкіл әлемде Аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні (World Autism Awareness Day) ретінде атап өтіледі. Оның мақсаты – қоғам назарын аутизммен өмір сүретін адамдарға аударту және оларды мен қамқорлықты арттыру.
Аутизм бұл ауру емес, баланың ерте жаста (көбіне 3 жасқа дейін) байқалатын тұрақты дамуының бұзылысы. Бұл — мидың ерекше жұмыс істеуінен туындайтын нейроәртүрліліктің көрінісі. Аутизм адамның жынысына, ұлтына немесе әлеуметтік жағдайына байланысты емес. Бүгінде әлем бойынша миллиондаған отбасы аутизмі бар балаларды тәрбиелеп отыр және олардың әрқайсысы қолдауға зәру.
2015 жылы БҰҰ 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін қабылдады. Онда басты бағыттардың бірі — инклюзия, яғни әр адамға, оның ерекшеліктеріне қарамастан, өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қоғам құру болып табылады.
Ақмола облысында аутизмі бар балаларға қолжетімді білім беру ортасын құру жұмыстары 2018 жылдан бастап қолға алынған. ҚР Премьер-Министрінің 2018 жылғы 21 қарашадағы тапсырмасына сәйкес аутистік спектрдің бұзылыстары бар балаларды кешенді қолдау жөніндегі жоспар әзірленіп, жұмыс тобы құрылған болатын.
Бүгінде облыста 13 500-ден астам ерекше білім беруді қажет ететін балалар тұрады. Олардың 824-і – аутизм диагнозымен тіркелген. Бұл жай ғана статистика емес – әрбір санның артында күрделі өмірлік жағдайға тап болған отбасы тұрғаны анық.
Соңғы жылдардағы облстағы маңызды жетістіктің бірі – инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері желісінің дамуы көңіл қуантады. Бұл кабинеттер 2020 жылы бекітілген 2020–2025 жылдарға арналған жол картасы аясында ашылып жатыр. Алғашында орталық аудандар мен қалаларда ашылса, бүгінде ауыл мектептерінде де жұмыс істей бастады. Қазіргі таңда облыста 90 кабинет жұмыс істеп тұр.
Бұл кабинеттердің мақсаты – мұғалімдер мен ата-аналарға кеңес беру және әдістемелік көмек көрсету, сондай-ақ диагнозы бар балаларды түзету мен олардың дағдысын дамыту жұмыстарын жүргізу міндеттелген. Бұл жай ғана сынып емес – бұл ерекше балалар өз қабілеттерін аша алатын, ал ересектер оларды түсінуді үйренетін орталықтар.
Жыл сайын сәуір айында облыста аутизм туралы халықты ақпараттандыру айлығы өткізіледі. Бұл кезеңде білім беру ұйымдарында, қоғамдық бірлестіктер мен жеке кәсіпкерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Ата-аналар, балалар мен педагогтердің қатысуымен шеберлік сағаттары, дөңгелек үстелдер, көрмелер мен тренингтер өткізіліп, қоғамдағы стереотиптерді жоюға барынша жағдай жасалады.
2023 жылдан бастап ЖСДП республикалық деңгейде үкіметтік емес ұйымдармен инклюзивті мәселелері бойынша ірі көлемде шаралар мен кездесулер өткізіп келеді. Бұл кездесулерде АСБ бар балалар мен олардың ата-аналары тап болатын өзекті мәселелер мен шешу жолдар қарастырылады.
Сонымен қатар, Ақмола облыстық филиалы серіктестерімен бірге аутизмі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қоғамдық орындарда кездестіргенде қалай әрекет ету керектігі туралы ақпараттық жұмыстар жүргізуді қолға алған. Облстық партия белсенділері түрлі плакаттар мен жадынамалар әзірлеп, халық көп жиналатын орындарға барып таратуда. Бұл — қарапайым, бірақ өте маңызды кеңестер деп айтуға болады. Белсенділер адамдарға басты қағидаларды баяндап, оларды қабылдай отырып құрметтеу және қолдау көрсетуді де насихаттайды.
«Аутизм – үкім емес. Бұл – өмір жолы». Бұл – ерекше жандармен бірге өмір сүруге дағдылану маңызды. Қоғам тарапынан қолдау, түсіністік пен жүйелі көмек артқан сайын, аутизмі бар балалар да мектепте, ұжымда, өмірде өз орнын таба алары анық.
Аутизм жойылмайды. Бірақ кедергілер жойылады. Егер олардың жанында үнемі түсіне жандар болса, қоғамның ашықтығы айқындалып мұндай жандардың сауатты білім алуына жол ашылмақ.
Жанғали Ә., ЖСДП Ақмола облыстық филиалы