Аягөзде жарық беру мәселесі бақылауда

Бүгінде энергетикалық инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өте өзекті мәселе.

Жалпы елімізде 222 электр стансасы жұмыс істейді. Оның ішінде қосалқылары да бар.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) Абай облыстық филиалының белсенділері Аягөз қаласының жергілікті тұрғындары арансында электр энергиясының жүйелігі туралы бірнеше рет сауалнама алды. Сайып келгенде жағдай айтарлықтай мәз емес екені белгілі болды. Себебі ауданда соңғы кездері электр энергиясы бірқалыпты жұмыс істемей тұрған көрінеді. Ажыратулардың көптігі тұрғындарды қолайсыз жағдайларға тап қылған. Шағымданушылардың бірнешеуі партия филиалына да келді.

Еске салсақ, 2024 жылы 18 желтоқсан күні Абай облысы Аягөз қаласында қосалқы стансасы өртке оранған болатын. Сол жағдайдан кейін жоғарыдағы мәселелер орын алған көрінеді. Жағдайды білмекке ЖСДП Абай облыстық филиал белсенділері Аягөз қаласына іссапармен барды. Сапар барысында партия белсенділері Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Молдабаев Ерлан Жолдыбекұлымен кездесті.

Әкім орынбасарының айтуынша қазір келеңсіз жағдайдың салдары жойылым қуат көзі қалыпты жағдайға көше бастаған. «Өрт Қабанбай көшесі бойындағы жеке тұрған трансформатордан шықты. Салдарынан Аягөз қаласы мен бірнеше ауыл жарықсыз қалды. Абырой болғанда, өрттен зардап шеккендер жоқ. Отқа оранған трансформатор «Біріккен энергетикалық сервистік компаниясына» тиесілі. Өртті сөндіруге 4 өрт сөндіру машинасы мен 15 қызметкер жұмылдырылды. Қызыл жалын түн ортасында 23:59-да толығымен сөндірілді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бірқатар елді мекендерде электр қуаты біртіндеп қалыпқа келтірілді. Оның үстіне көптеген электр таратушы жабдықтар тозған, ескірген. Аягөзде алты қазандықтың бесеуі іске қосылды.

Жөндеу жұмыстарына Үржар, Жарма аудандары мен Өскемен және Семей қалаларынан 7, сондай-ақ Аягөзден 3 бригада жұмылдырылды. Қалпына келтіру жұмысына барлығы 30-ға жуық маман тартылды.» ˗ деді әкім орынбасары.

Дегенмен, жағдайды талдау жасаған ЖСДП өкілдері мұндай келеңсіз оқиғалардың әлі де қайталануы мүмкін екенін алға тартып отыр. Сол себепті аудан әкімшілігіне тұрғындар тарапынан түскен бірнеше ескертпелерді айтып, алдағы уақытта жағдайды партия тарапынан да бақылауда ұстайтындықтары жеткізілді. Қажет болған жағдайда облыс не республикалық деңгейде мәселе көтеріп, қолдан келгенше тұрғындардың талаптарын қанағаттандыруға күш салынатындығы жөнінде сөз қозғалды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Абай облыстық филиалы