Іс-шараға кибералаяқтықтың құрбандары, заңгерлер, киберқауіпсіздік саласының мамандары, құқық қорғау органдары және қоғамдық белсенділер қатысты.
Аталмыш отырыста интернеттегі алаяқтықтың кең тараған түрлері, соның ішінде фишинг, онлайн банкинг арқылы алдау арқылы несие рәсімдеу және жеке аккаунттарды бұзу мәселелері жан-жақты талқыланды.
«Киберқылмыс – біздің заманымыздың ең өзекті мәселелерінің бірі. Кез келген адам оның құрбаны болуы мүмкін. Сондықтан, біз азаматтарымызды қорғау үшін заңнаманы жетілдіруді және заманауи шешімдерді енгізуді қолға алуымыз керек», – деді Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов.
Сонымен қатар депутат, осыған дейін кибералаяқтық мәселесі бойынша оншақты кездесу және екі депутаттық сауал жолдағанын атап айтты.
Сарапшылар онлайн несие рәсімдеуге мораторий жариялауын және азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын депутаттқа ұсынды. Оған қоса ЖСДП Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы Анаргүл Абенова: «Цифрлық қауіп-қатерлердің алдын алу үшін әрбір азамат интернетте қалай қауіпсіз әрекет ету керектігін білуі тиіс. Бұл тек техникалық мәселелер ғана емес, сонымен қатар қоғамның жалпы мәдениеті», – деді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар қаржылық және жеке деректерді техникалық қорғауды күшейту, онлайн-платформалар пайдаланушыларының қауіпсіздігі үшін жауапкершілігін арттыру және білім беру бағдарламаларын енгізу бойынша нақты ұсыныстар берді.
Кездесу соңында депутат Рақымжанов барлық ұсыныстарды жиып, үкіметке жолдайтынына уәде берді.
ЖСДП баспасөз қызметі