Білім саласындағы мәселелер талқыланды

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен, Маңғыстау облыстық Мәслихаты және Маңғыстау облысы әкімінің қолдауымен «Білім.Қоғам.Болашақ» атты республикалық Ⅰ форумы өтті.

Мұндағы мақсат – қазіргі білім жүйесінің заманауи дамуын, жастардың болашағын жарқын ету бағытындағы жұмыстарды талқылау.

Бүгінгі таңда облыста мектепке дейінгі ұйымдарға деген сұраныс күн тәртібінде тұрған мәселе. Биыл облыста мектепке дейінгі ұйымдарды дамытуға 30 млрд 550 млн теңге бөлінді. Статистистикалық мәліметке сәйкес, соңғы үш жылда өңірде туу көрсеткіші 31%-ға, яғни 6700 балаға өскен. Бүгінде 368 мектепке дейінгі ұйымда 42242 бала тәрбиеленіп жатыр. 3-6 жастағы балалар балабақшамен толық қамтылған. Ал 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 87,4%-ға жетіп отыр. Сондай-ақ, биыл 2970 жаңа орын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда барлығы 2392 жаңа орын іске қосылды.

Форумға қатысқан ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрайымы Нұрайнаш Қамалова білім ошақтарының тозғанын тілге тиек етті.

«Ата-ана үкілеген баласын үлкен үмітпен мектепке жібереді. Ал мектебіміздің көбі көнерген, салынғанына 60 жыл болғандары да бар. Мектеп тапшылығынан 3 ауысымда 30-35 минуттан оқитын баладан қандай білім талап етуге болады? Жаңаша үлгідегі мектеп салу кезек күттірмейтін мәселе. Сондай-ақ, болашағымыз бұлыңғыр болмасын десек, мектеп маңындағы ойынханалар мен алкомаркеттердің ашылуына жол бермеу керек», - дейді.

Ал ЖСДП Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы Анаргүл Әбенова өзінің өңіріндегі мәселемен бөлісті: «Батыс Қазақстан облысының білім беру саласына тоқталатын болсақ, Оралда 370 білім ордасы бар. Соның 12-сі апаттық жағдайда, 9-ында балалар үш ауысыммен оқиды. Оқу орындардың тапшылығын үш ауысымдық әдіспен шешуге тырысып жатыр. Облыста 14806 оқушы тар жағдайда білім алуда, оның 1504-і үш ауысымда оқиды. Жалпы оқу орын тапшылығы 4 мыңнан асады», - деді ол.

ЖСДП жастар қанатының жетекшісі Мақсұт Насибулов өз кезегінде ауылды жерлердегі мектептерді сақтап қалуға назар аударды.

«Білім саласына қатысты көбіне мектеп орынның жетіспеушілігін айтамыз. Неге басқа мәселелерге көңіл аудармасқа? Мысалы, біздің партиямыз ауылдық округтерге барған сайын ондағы тұрғындар сол жердегі ауылдық округтердің жабылайын деп жатқанына шағымданады. Ауылды дамыту тұжырымдамасына байланысты 2400 ауыл жабылуы мүмкін. 2400 ауыл жабылатын болса, 2400 мектеп жабылмақ. Демек, сол жерде оқып жатқан оқушы қалаға көшуге мәжбүр болады. Олар қалаға көшсе, онда тағы да мектеп жетіспеу мәселесі туындайды. Ауылдағы мектептерді қалай сақтап қалуды ешкім қарастырып жатқан жоқ.

Қанша ауыл жабылайын деп жатқанына қатысты сауал жолдағанбыз, алайда Үкімет сол ауылдардың тізімін әлі бермей отыр. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың тізімді жолдаймыз дегенінен бері 2 айдың көлемі болды. Ал халық өздерінің ауылдары жабылатынын біле ме? Мәселе осында. Мысалы, Маңғыстау облысы бойынша қанша ауылға жабылу қаупі төніп тұр? Оларды сақтап қалуға бола ма?», - деп алаңдаушылық білдірді.
Маңғыстау облыстық білім басқарма басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанованың айтуынша, облыста ауылдар жабылып жатқан жоқ, керісінше жергілікті билік сақтап қалуға тырысып жатыр. «Маңғыстау облысында 2 қала, 4 елді-мекен бар. Жетібай мен Шетпе ауылдарының арасында Бекі деген ауыл бар. Халық саны өте аз, бастауыш сынып оқушыларын есепке алмасақ, мектепке баратын бала саны небәрі 28-дің үстінде ғана.

Жыл сайын мониторинг жасаудың нәтижесінде 1200 бала оқитын мектеп салу мүмкін емес екенін білдік. Сондықтан қалалық депутаттармен бірлесе отырып, 100 орындық мектеп ашуды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Оқушылары тегін тамақпен қамту мәселесін қозғаған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубайдың айтуынша, елімізде аз қамтылған отбасыдан шыққан 1 млн 600 мың бүлдіршін тегін тамақпен қамтылып жатыр. «Үкімет білім саласына қыруар қаражат құйып жатыр. Алайда ресми ақпараттарда 800-ге жуық, ал Оқу ағарту министрінің мәліметіне сүйінсек, 591-ге жуық мектепте асхана жоқ», - дейді халық қалаулысы.

Бұған қатысты Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова: «Мектеп асханаларында шамамен 100-120 орын болса, ауылдық жерлерде 40-50 орын. 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту бүгін шығарылған нәрсе емес. Асхана жетіспегендіктен қазіргі таңда мектептегі акт залдарын асхана ретінде қарастыру мәселесін де талдау үстіндеміз. Мысалы, биыл 7500 түлек мектеп бітірсе, осы жылы бізге 19500 оқушы келді. Осыдан туу көрсеткішінің қарқынды дамуын байқауға болады.

Қазір 3-5 жылдық жоспар бойынша мүмкіндігінше асханаларды кеңейту жұмыстарын қолға алдық», - дейді.

Ал Қазақстан халық партиясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Әбдірашит Нияз алғашқы әскери дайындық пәнінің қысқарғанын оң бағаламайтынын жеткізді.

«Отанды қорғау патриотттық тәрбие мектептен басталады. Азаматтарымыздың әскерге бармауы алғашқы әскери дайындық пәнінің қысқаруынан деп ойлаймын. Бұл пән 2013-2015 жылдан бастап 1 сағат оқытылады. Ұлан-ғайыр жерді алып жатқан елімізді қорғау борышымыз. Бұл пәнді қысқарту ойланбай немесе қасақана жасалған дүние деп санаймын.

Сондықтан білім министрлігінің бұйрығына өзгеріс енгізген жөн. Алғашқы әскери дайындық пәнін ұзарту, патриоттық тәрбие беретін пәндердің қаражатын қарастыру керек», - деп атап өтті. Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова алғашқы әскери дайындық пәнінің сағат санын көбейту министрлік шешетін дүние екенін еске салды. «Жалпы, қазіргі таңда «Жасұлан» мектептерінің мәртебесі колледж деңгейіне көтеріліп, өңірлерде патриоттық мектептер ашу тапсырмасы түсті. Республика бойынша осындай мектептер ашылса, отансүйгіш азаматтарымыз көбейеді. Біздің жақта 5 жыл бойы 9-10 сынып оқушыларына «Жас сарбаз» лагерін ұйымдастырып келе жатырмыз. Қорғаныс департаметімен бірлесіп ұйымдастыру арқылы нәтиже көріп отырмыз», - деп түйіндеді сөзін.

Форум қорытындысында, ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Мыңбаев Сәкен: қазіргі таңда облыстағы өзекті мәселелердің бірі – мемлекеттік мекеме есебінен салынған жалпы білім беретін орындардың тапшылығын шешу басты мақсатымыз екенін мәлімдейміз. Бұл форумда көтерген мәселелер тек айтылып қана қоймай, іс-жүзінде шешімін табатынына сенімдімін. Жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін ұмытпайық» – деді ол.

ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалы