
ЖСДП парламенттік фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жобаларының инвесторларына кәдеге жарату ақысы ретінде «Жасыл Даму» АҚ-на қаражаттың бөлінуіне наразы болды.
Бұл мәселені Рахимжанов Мәжіліс депутаттары әзірлеген экологиялық мәселелерге қатысты заңнамаға енгізілетін түзетулер пакетін таныстыру кезінде көтерді. Сонымен қатар, ЖСДП төрағасы утилизациялық алымның мақсаттылығы туралы да арнайы сұрақ қойды.
«Менің сұрағым ескі болса да өзекті – утилизациялық алым жайында болмақ. Бұл алым қанша жылдан бері төленіп келе жатқанымен өкінішке орай оның әсерін көріп отырған жоқпыз. Бізде қайта өңдеу өнеркәсібі дамымаған күйінде қалып отыр. Қоқыс полигондары да сол күйінде қалуда. Ал сіздердің көрсеткен презентацияларыңызда утилизациялық алым есебінен қалдықтарды жою ерекше жағдайда ұйымдастырылуда деп көрсетілген. Осы нысандарды жою үшін қандай қаражат жұмсалмақ, және бұл науқан қаншалықты ауқымды болмақ?» – деп сұрады Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасы Асхат Рахимжанов.
Бұл сұраққа экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Алиев төмендегіше жауап берді. «Жасыл даму» АҚ-на жинақталған және қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласын дамытуға бағытталған утилизациялық алым қаражатын бөлу мәселесі қоғамның ерекше назарында тұрған өзекті мәселе. Өкінішке қарай, бұл – жедел түрде шешуге келмейтін күрделі процесс. Өткен жылы үкімет қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы инфрақұрылымдық жобаларға жеңілдетілген қаржыландыру тетігін бекітті. Бүгінгі таңда әкімдіктермен мен жергілікті атқарушы органдар бірге жалпы құны 200 млрд теңгені құрайтын 94 жобаны іріктеді. Оның ішінде алғашқы кезеңде 65 жоба мақұлданып, Экологиялық кодексте бекітілген қалдықтар иерархиясына сәйкес жүзеге асырылуда. Олардың 5 жобасы бойынша “Жасыл даму” түпкілікті қарыз алушыларға қаражат бөлді, ал 11 жоба қаржыландыру туралы келісімшарт жасасу кезеңінде тұр.
Бұл қаржыландыру механизмі болмаса, аталмыш үдерісті іске асыру мүмкін емес.
Дегенмен, “Жасыл даму” жинақталған қаражаттың нақты мақсатты түрде инвесторларға қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін бөлінетін болады», – деді Алиев.
Вице-министрі Жомарт Алиевтің жауабына байланысты ЖСДП Асхат Рахимжанов қосымшасұрақ қойды.
"Яғни, «Жасыл даму» утилизациялық алымнан түскен қаражатты инвесторларға береді, ал олардың өз қаражаты жоқ па? Бұл өз-өзін ақтайтын сала ғой. Біз оларға жобаларын іске қосу үшін ақша бөлеміз, олар кейіннен пайда табады, ал халық тұрмыстық қалдықтарды өңдеу үшін тағы да ақша төлеуі керек. Бұл инвесторлар үшін тым қолайлы жағдай емес пе?" – деді. Рахимжанов. Вице-министр инвесторлардың өз қаражаттарын да салуға міндетті екенін айтты.
«Жеңілдетілген қаржыландыру жүйесі келесідей жағдайда жұмыс істейді. Мысалы, жылдық 3% мөлшерлемемен 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімде несие беріледі. Егер тек қайта өңдеу саласын қарастыратын болсақ, бизнес үшін бұл тартымды бағыт болмақ. Алайда қалдықтарды басқарудың басқа кезеңдері де бар. Мысалы, – жинау, тасымалдау сияқты қызметтер. Бұлар өте төмен табыс әкеледі. Сондықтан бұл циклге жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған. Алайда сіз айтқан, барлық қаражат толықтай инвесторларға бөлінбейді. Мысалы, егер инвестор белгілі бір жобаға 100 млн теңге қажет етсе, міндетті шарт бойынша – оның 20%-ы өзінің қаражаты болуы керек. Осылайша, жеңілдіктер беру арқылы біз инвесторлардың өз қаражатын салуға ынталандырамыз. Бұл үкімет бекіткен және қазіргі уақытта қолданыстағы тетік. Қазіргі таңда қаржыны қарыз алушыға беру бойынша алғашқы кезең басталды», – деп түсіндірді вице-министр.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін де ЖСДП депутаттары үкіметке утилизациялық алым мөлшерлемесін төмендету бойынша бірнеше рет ұсыныс жасаған болатын.
ЖСДП баспасөз қызметі