Депутаттық сауал, Қазақстан Республикасының Премьер-министрдің орынбасары Дүйсенова Тамара Босымбекқызына жолдаймыз

Құрметті Ерлан Жақанұлы, құрметті әріптестер!

Менің бүгінгі сауалым әдеттегідей еліміздің жастарының мәселесі, Бұл туралы сөз қозғауыма жуықта өңірлерге барып сайлаушылармен кездесу кезінде жастар тарапынан жолданған біршама сауалдар түрткі болып отыр.

Елімізде жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында 2014 жылдан бастап өңірлерде «Жастар ресурстық орталықтары» ашылған болатын. Бүгінгі күні еліміздегі ЖРО-ның жалпы саны 231. Ал 2013-2019 жылдар аралығында жастар саясаты өте қарқынды жұмыс істеді. Сол кезде жастар мәселесімен арнайы басқарма айналысқан болатын. Кейін бұл жұмысты Қоғамдық даму басқармасына біріктірді. Бұл шешім жастар саясатының айқын бағыттары мен мүмкіндіктерін шектеуге алып келді. Осыдан кейін еліміздегі жастар ұйымдарының шаруалары өнбей кеткенін өңір жастарының өздері айтып отыр.

Жұмыстарының тоқырап, шаруаларының қожырай бастағанына налыған жастарымыз өздеріне қолдау көрсетуді сұрайды. Ол үшін ең алдымен ел жастары ресурстық орталықтарды арнайы басқарма етіп қайта жасақтап, тиісінше статус беруді өтінуде. Себебі орталығында жұмыс істейтін жастардың ерекше статусы болмаса олардың рөлін мойындау мен жастардың кәсіптік дамуын қолдауда маңызды қадам болмай қалуда. Мұндай статус жастар орталығында қызмет ететін жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсартуға, кәсіптік өсуге ықпал етуге, сондай-ақ, қоғамдағы жастар мәселелерін шешуде өзіндік ықпалының болатыны шындық.

Мәселен қазіргі таңда жастар саясаты басқарма ретінде тек Шымкент, Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларында ғана бар. Бұл сырт көзге ала қойды бөле қырққанмен бірдей көрініс берері де анық. Демек мемлекеттік саясаттың да бір ізділікпен жүзеге асырылмай жатқанының дәлелі деген сөз.

Өңір жастары алабөтен, шексіз жағдай жасауды сұрап отырған жоқ. Олар тек мемлекеттің саясаты мен жастарға арналған бағдарламаларды тиімді пайдаланып, елдің дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік жасап беруді сұрайды.

Айтпағым, жастарымыздың ұсынысына құлақ асып, өңірлердегі Жастар ресурстық орталықтарына пәрмен беріп, қажет болса басқарма ретінде жасақтау маңызды болмақ.
Қазіргі жастар – біздің ертеңгі болашағымыз. Оларға барлық мүмкіндіктерді ұсынып, даму жолындағы кедергілерді жою – біздің міндетіміз. Әр аймақта жастарды қолдайтын сапалы орталықтардың болуы елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына да оң әсер етері анық.

Құрметпен, ЖСДП фракциясы