
Құрметті Олжас Абайұлы!
2023 жылғы 30 қарашада Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова-ның атына құдықтарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасы ережелері бойынша депутаттық сұрау жолдаған болатын.
Алайда аталмыш сауалға байланысты ешқандай да шара қабылданылмады. Осындай салғырттықтың арқасында және түрлі қауіпсіздік ережелерінің сақталмауына байланысты елімізде оқыс оқиғалар мен өлім-жітім жағдайлары әлі де тіркелу үстінде.
БАҚ-та жарияланған мәліметтерге сәйкес, жоғарыда аталған кезеңнен бері еліміз бойынша кемінде 14 адам келеңсіз оқиғалар салдарынан қаза тапқан. Бірақ бұл тек белгілі болған деректер ғана, ал шынайы жағдай әлдеқайда күрделі болуы мүмкін:
Мысал келтірер болсақ; 2024 жылдың қаңтар айының соңында Абай облысында үш жұмысшы улану салдарынан қаза тапты; 2024 жылдың мамырында Алматыда тағы да екі бірдей сантехник газдан уланып көз жұмды; 2024 жылдың шілдесінде Арыс қаласындағы әскери бөлімде бір әскери қызметкер мен бейбіт екі азамат оқыс оқиға салдарынан қаза болды; 2024 жылдың қыркүйегінде Павлодар облысында төрт адам белгісіз газдан уланды; 2024 жылдың тамызында Ақтөбе облысында екі коммуналдық қызметкер метан газынан уланып мерт болды.
ЖСДП қай кезде де қарапайым азаматтар мен жұмысшылардың құқықтары, бостандықтары мен мүдделерін қорғауды басты міндет деп санайды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Егер жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпесе және мемлекеттік органдар бұл талаптардың орындалуын бақылай алмаса, коммуналдық сала қызметкерлерінің оқыс жағдайда қаза табуы жалғаса бермек.
Өкініштісі сол, біздің осыдан екі жыл бұрын көтерген талаптарымыз әлі күнге дейін өзекті болып қалып отыр, сондықтан сізден төмендегілерді тағы да талап етеміз:
- Қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеру: кәріз жүйелері мен өзге де сантехникалық бағыттағы құдықтарды пайдаланатын заңды тұлғаларға өңірлік талдау жүргізу, олардың еңбек қауіпсіздігі нормаларын сақтауы мен жеке қорғаныс құралдары мен газдарды мәжбүрлі түрде шығару жабдықтарының болуын тексеру қажет. Осы жұмыстардың нәтижелері туралы бізге ақпарат беру;
- Кадрлық қамтамасыз ету: бұл саламен айналысатын ұйымдардың кадрлық әлеуетін зерттеу. Өңірлер бойынша білікті мамандардың жетіспеушілігі қандай деңгейде, оны шешу үшін қандай мемлекеттік шаралар қажет екенін анықтау;
- Лицензиялау мүмкіндігін қарастыру: осы қызмет түрін лицензиялау қажеттілігін талдау және зерттеу нәтижелерін бізге дәлелдеме ретінде ұсыну;
- Нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу: құдықтарды пайдаланатын ұйымдарға газдарды жою және залалсыздандыруға арналған техникалық жабдықтарды міндетті түрде ұстау талаптарын бекіту, сондай-ақ қауіпсіздік ережелерін сақтамағаны үшін жауапкершілікті күшейту.
Қазақстан Республикасының «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, бір ай мерзім ішінде жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен, ЖСДП фракциясының депутаттары
Рахымжанов А.Н.
Әуесбаев Н.С.
Сағандықова А.Б.
Сайлаубай Н.С.