Халық жер қойнауынан қалай дивиденд алмақ?

Бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) өткізген дөңгелек үстел барысында сарапшылар осы мәселені талқылады.

Былтыр 5 маусымда өткен республикалық референдумда еліміздің негізгі Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. ҚР Конституцияның 6-бабының 3-тармағы «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп өзгертілген. (Ескі заңда «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады» деп көрсетілген еді).

ЖСДП Астаналық филиал төрағасы Талғат Омаров бұл ‒ болашақта ұрпағымызға не қалдырамыз деген сұраққа жауап беретін бап, сондықтан біз бұған бей-жай қарамауымыз қажет дейді.

Сарапшы Қанат Есжановтың айтуынша, Ата Заңда табиғи ресурстардың бәрі халыққа тиесілі екендігі нақты бекітілгенімен, заң жүзінде адамдар оның игілігін қалай көретіні туралы механизм мен сатылай алгоритм жасалмаған. Яғни, бұл бап іс-әрекет барысында қалай жүзеге асырылатыны әрі халық өз мүддесін қалай қорғай алатыны түсініксіз. Бір норманың екіншісіне сәйкес келмейтін тұсы көп.

«2017 жылдың 27 желтоқсанындағы ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексі әзірленгенге дейін қолданыста болып, қазір күші жойылған 2010 жылдың 24 маусымындағы ҚР «Жер қойнауы туралы» Заңда болашақ ұрпақтың мүддесі қорғалған еді», ‒ дейді сарапшы Қанат Есжанов.

ЖСДП Астаналық филиалы ұйымдастырған отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Асхат Рахымжанов, Ажар Сағандықова, Нұрлан Әуесбаев, Наурыз Сайлаубай және партия мүшелері қатысты. Сонымен қатар, іс-шараға келген сарапшылар мен қоғам белсенділері де ой қосты.

Мәселені қарастырғандар заңнамаға түзетулер енгізу үшін ең алдымен халық мұнайдан рента, яғни табыс алатын елдердің тәжірибесін зерделеу қажет деген қорытындыға келді. Қара алтынның игілігі халқына жетіп жатқан мемлекеттердің ішінде Норвегия мен Парсы шығанағы елдері – Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт және Катар бар.

Жиынға қатысқандар аталған мәселені алдағы уақытта кеңінен талқылау ауадай қажет деген ұйғарымға келіп, ЖСДП ішінен жұмыс тобын құру жоспарланды.

ЖСДП баспасөз қызметі