Үйсіз жүрген жастардың келешегін кім ойлар

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Жамбыл облыстық филиалы «Отбасы Банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалымен бірлесіп «Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары» тақырыбында кеңес беру шарасын өткізді.

Бұл жиынға ZOOM платформасы арқылы ЖСДП фракциясынан ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай қатысты. Алғаш болып сөйлеген Наурыз Саятұлы тұрғын үй бағдарламалары жайында сөз қозғап, өз ұсыныстарын білдірді. Одан бөлек, әр өңірдегі тұрғын үй мәселелері бойынша деректерді келтірді. «Отбасы Банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалының бизнес дамыту бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейрманова қазіргі күнгі өңіріміздің жастарына арналған бағдарламалармен таныстырып, артықшылықтары мен ерекшеліктері жайын баяндады. «Ең маңыздысы – «Әулиата жастары». Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, дін және бұқаралық ақпарат құралдары салаларында қызмет атқаратын жандар үшін бұл бағдарлама үшін нағыз мүмкіндік. Негізге алатын жайт – қатысушының «Отбасы Банк» АҚ-да шоттағы бастапқы жарна сомасының қалдығы өтінім беру сәтіндегі қарыз сомасының кемінде 5% мөлшерінде жинақ шотының болуы және қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша соңғы 5 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің немесе меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы шарт»,-деді ол.

Тұрғын үй – еліміз үшін өзекті мәселелердің бірі. Осы мәселeге қатыcты тұpғын үй нарығында бірқатар ипотекалық бағдарламалар бар. Соның ішінде «жастар» санатындағы тұлғалар үшін арналған ипотекалық бағдарламалар саны соңғы уақытта арта түскен. Бүгінгі күні кез келген тұрғынға қаржы жинап, баспана алу оңай дүние емес. Әсіресе, жаңадан диплом иеленіп, енді ғана кәсіби маман атанған жастар үшін тұрғын үй мәселесі тіптен қиынға тиеді.

Жас мамандарға арналған тұрғын үй бағдарламалары үлкен өмірге қадам басып, өз мансабын енді бастаған жастар үшін өмірлік тірек болатын бастамалар. Алайда, шындыққа тура қарайтын болсақ – бұл бағдарламалар негізінен өз мақсатын орындамай, жастардың алдында тұрған мәселелерді шиеленістіріп жатқанын көреміз. Жастарға айтарлықтай кедергі болар дүние – баспананың қымбаттығы. Экономикалық тұрақсыздықтың артуы жағдайында жас мамандар бастапқы жарна құнын жинай алмай отыр. Салдарынан олар баспана сатып алуға шамасы жетпейді. Ал, қазіргі уақытта жас қауым мансап қуып, үлкен шаһарларға ағылып жатқанын ескерсек, жағдайдың шынайы бет-бейнесін көреміз. Шалғай аймақтарда пәтер ұсынатын бағдарламалар жастар үшін әрқашан тартымды бола бермейтіні хақ. Көптеген жас мамандар ипотекалық несие алуда тап болатын қиындықтардың түп-төркіні несие тарихының бұзылғандығы мен мансаптың бастапқы кезеңіндегі төмен табыс жол байлап отыр. Төлем қабілеттілігін растай алмай жүрген жастарға ипотекалық несие мөлшерлемесінің жоғарылауы жығылғанға жұдырық болып отыр. Біздегі банктер көбінесе жастар үшін ипотеканы қолжетімсіз ететіні тағы бар.

Жиынға қатысушы тұрғындар мамандарға бағдарлама мен тұрғын үйге қол жеткізу мәселесіне қатысты сауалдар қойылып, өз тілектерін жолдады. Мәселен, әлеуметтік салаларда еңбек ететін жандар үшін бағдарламалардың саны артып, шарттарын қайта қараса екен,- дейді жастар. Бүгінде жеңілдетілген ипотеканы тек «Отбасы банкінде» рәсімдеуге болады. Бірақ оны алу үшін көптеген тиісті шарттарды орындауға тура келетіні көпшілікті қынжылтып отыр. Бұл қағида онсыз да, жалақы мөлшері аз қызметкерлерге қолбайлау болып тұрғаны анық.

«Отбасы Банк» АҚ ұсынатын өңірлік бағдарламалар барлық саланың қызметкерлері үшін қолжетімді емес, көп жағдайды тек мемлекеттік қызметкерлерді қамтыған. Осындай жағдайда жекеменшік мекемелерде немесе өзге салаларда тер төгетін отандастар қайтпек? Сұрақ көп, жауап жоқ. ЖСДП фракциясынан ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай жақында үкіметке жлджаған депутаттық сауалы барысында осы мәселелерді жіпке тізгендей етіп атап берген еді. Тұрғын үй бағдарламаларының шарттарын өзгерту, алғашқы жарна құнын төмендету, ортақ бағдарламаның болуы – проблемаларды түгелдей шешпесе де, жас мамандарға едәуір көмек болары анық.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Жамбыл облыстық филиалының маманы Аяулым Бақберген

Смотрите также:
Депутатские запросы