Үкімет Семей полигонынан зардап шеккендердің мәселесіне қатысты жауап берді

Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, 24 мамырда Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдаған болатын.

«Биыл Семей полигонының жабылғанына 32 жыл толады. 40 жыл ішінде онда 468 ядролық сынақ өтті. Барлық жарылыстардың қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2500 есе көп болған еді. Яғни, аймаққа орны толмас экологиялық залал келтірілді. Біздің алдымызда әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер қалуда. Өкінішке орай, біздің еліміздің аумағында тұратын полигон қызметінің нәтижесінен зардап шеккендердің саны туралы нақты деректер әлі жоқ. Әр түрлі ақпараттар бойынша 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен. Полигонға жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары әлі де радиациядан туындаған аурулардан зардап шегуде, сәулеленудің салдары олардың ұрпақтарына әсер етуде», - деген еді депутат.

Сондықтан Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының фракциясы атынан әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді, ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды персоналды есепке алуды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтардың санаттарын айқындау өлшемшарттарын қайта қарау мәселесін қарастыруды, ведомствоаралық жұмыс тобының жұмыс нәтижесін ұсынуды, радиациялық ластанған аумақтарды оңалту жөнінде шаралар қабылдауды сұрады.

Депутаттық сауалға жауап берген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жоғарыда аталған санаттағы азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңмен (бұдан әрі – СЯСП туралы заң), сондай-ақ Қазақстан Республикасының зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы басқа да заңнамалық актілермен реттелетінін айтып отыр.

«СЯСП туралы заңда зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қолдаудың бірқатар басқа шаралары көзделген. Зардап шеккен халықтың болжамды саны 1,438 млн адам. Ядролық сынақтарды жүргізу кезінде радиациялық әсерге ұшыраған аймақтарда тұрған және тұратын азаматтарға ядролық сынақтардан келтірілген залал үшін 1949 жылдан 1990 жылға дейінгі кезеңде Семей ядролық сынақ полигонының аумақтарында тұрған әрбір толық жыл үшін радиациялық тәуекел аймақтары бойынша біржолғы ақшалай өтемақы беріледі», - дейді Әлихан Смайылов.

Премьер-министрдің жазбаша жауабында қазіргі таңда 1,1 миллионнан астам азамат біржолғы ақшалай өтемақы алғаны, өтемақы мөлшері тұратын аймағы мен кезеңіне байланысты жеке анықталатыны айтылған. Сондай-ақ, зардап шеккен азаматтардың көпшілігі осы әлеуметтік қолдауды енгізудің алғашқы жылдарында айтарлықтай мөлшерде өтемақы алған, бұл көптеген адамдарға материалдық жағдайды жақсартуға мүмкіндік бергенін хабарлады.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңда 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығында төтенше және ең жоғары радиациялық тәуекел аймақтарында кемінде 5 жыл тұрған азаматтардың жасына байланысты зейнетақы төлемдерін жеңілдікпен тағайындауға құқығы бар (ерлер – 50 жас, әйелдер – 45 жас). Сонымен қатар «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес себеп-салдарлық байланыс белгіленген жағдайда ядролық жарылыстар мен сынақтар жүргізу кезінде радиациялық әсер ету салдарынан, олардың зардаптарынан мүгедектігі бар адамдарға, айлық мөлшері халықтың басқа санаттарынан жоғары мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады (бірінші топ үшін – 3,22 күнкөріс деңгейі (ЕТКД), екінші топ үшін – 2,75 ЕТКД, үшінші топ үшін – 2,31 ЕТКД). Аталған азаматтарды әлеуметтік қолдауды одан әрі жетілдіру шаралары есептеулерді зерделеп, жүргізгеннен кейін қабылданатын болады», - делінген жауап хатта.

Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтар СЯCП туралы Заңға сәйкес кешенді медициналық тексеруден өтеді. Осыған байланысты, олар тұрғылықты жері бойынша емделуден басқа, ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) және (немесе) МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесі шеңберінде тіркелген жеріндегі емхананың жолдамасы бойынша «Семей медициналық университеті» КЕАҚ қарасты Радиациялық медицинаны және экологияны ғылыми-зерттеу институты шартымен консультациялық-диагностикалық және стационарлық көмек ала алады.

Сондай-ақ, радиациялық аурудан басқа, иондаушы сәулеленумен байланысты аурулардың тізіміне жедел және созылмалы лейкемия, қатерлі ісіктер, жүрек-қан-тамыр жүйесінің, қан және қан түзуші органдардың аурулары (агранулоцитоз, гипопластикалық және апластикалық анемия), қалқанша без (аутоиммунды тиреоидит, диффузды түйіндік зоб), травматикалық, тамырлы және инфекциялық генездің энцефалопатиясына байланысты емес ақыл-ой кемістігі, микроцефалия, бет бас сүйегінің ақаулары, тірек-қимыл жүйесінің ақаулары кіреді.

Аталған аурулары бар пациенттер тұрғылықты жері бойынша көп бейінді қалалық, облыстық ауруханалардың мамандандырылған бөлімшелерінде немесе еркін таңдау құқығы бойынша аурудың бейініне сәйкес республикалық ұйымдарда ем ала алады. Үкімет басшысының мәлімдеуінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен (бұдан әрі – Министрлік) Семей полигоны қызметінің салдарынан зардап шеккен халықты және олардың ұрпақтарын медициналық-әлеуметтік қорғаудың атаулылық қағидатын іске асыру үшін 2017 – 2019 жылдар аралығында «Семей ядролық сынақ полигоны қызметінің салдарынан иондаушы сәулелену әсеріне ұшыраған халық үшін қорғау және оңалту іс-шараларының тиімділігін бағалау» тақырыбында зерттеу жұмысы жүргізілген. Зерттеу нәтижелері бойынша халықтың және олардың ұрпақтарының денсаулығына келтірілген залалды бағалау сәулеленудің жеке дозасына негізделуге тиіс, осыған байланысты медициналық-әлеуметтік көмек көрсетудің көлемі мен сипаты радиациялық қауіп аймағына емес, сәулеленудің жеке дозасының мөлшеріне байланысты және атаулы сипатта болуға тиіс.

Осылайша ғылыми сарапшылар сәулеленудің жеке дозасының мөлшеріне байланысты медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұсынды. Бұл алынған жеке сәулелену дозалары бойынша әлеуметтік қолдау көрсетуге атаулы түрде жақындауға мүмкіндік береді. Бұл ретте әлеуметтік қорғау жөніндегі әрбір іс-шараны жүзеге асырудың алдында сәулелену дозаларын білікті сараптамалық бағалау жүргізілуі тиіс, осыған байланысты Мемлекеттік ғылыми автоматтандырылған медициналық тіркелім (бұдан әрі - МҒМЖ) әзірленген. МҒАМТ-де тіркелген және бүгінде ел аумағында тұратын зардап шеккендер мен олардың ұрпақтарының арасында үш жас топтары қалыптасты:

  1. зардап шеккендердің I буыны – полигонда атмосфералық және жер үсті сынақтарын жүргізу кезеңінде СЯСП-ға іргелес аумақтарда тұратын және тиісінше неғұрлым маңызды радиациялық әсер алған адамдар.

  2. зардап шеккендердің II буыны – полигонда жерасты сынақтарын жүргізу кезеңінде СЯСП-ға іргелес аумақтарда тұратын адамдар.

  3. зардап шеккендердің III буыны – СЯСП сынақтар тоқтатылғаннан кейін туған адамдар. Алдын ала нәтижелер бойынша бүгінгі күні Қазақстан Республикасында аталған санаттарға жататын 1 438 523 адам тұрса, оның ішінде 607 241 адам (42,2%) полигон қызметінің нәтижесінде дозалық жүктеме алған жоқ. Сондықтан МҒАМТ-нің толыққанды қызметі үшін тиісті шаралар қабылдануда екен.

«Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заң жобасы қаралуда. Ол бұрынғы СЯСП және оған жақын жатқан жерлердің аумағында радиациялық және экологиялық қауіпсіздіктің тиісті дәрежесін, бұрынғы СЯСП жерлерін пайдалану мәселелеріндегі мемлекеттік бақылауды күшейтуді қамтамасыз ету, аумақты оңалту, елдің ғылыми әлеуетін дамыту, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының ұстанымдарын нығайту мақсатында әзірленді. Заң жобасын қабылдау СЯСП аумағын қауіпсіз күйге келтіруге қажетті шараларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп қорытындылады сөзін Әлихан Смайылов.

ЖСДП Баспасөз қызметі

Смотрите также:
Депутатские запросы
22.05.2024
Су айдындарында браконьерлікке қарсы күрестің проблемалық мәселелеріне қатысты өзінің депутаттық сауал
22.05.2024
Депутатский запрос касательно проблемных вопросов борьбы с браконьерством на водоемах
02.05.2024
Н.Сайлаубайдың Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа ауыл шаруашылығы техникасы бағасының өсуіне қатысты жолдаған депутаттық сауал
22.04.2024
Депутатский запрос Ажар Сагандыковой Премьер-Министру РК Олжасу Бектенову по вопросам водного канала имени К. Сатпаева
22.04.2024
Наурыз Сайлаубайдың Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа ипотекалық бағдарламалар жөнінде жолдаған депутаттық сауалы
13.03.2024
Біздің депутаттық сауал Премьер-Министр О.А.Бектеновке
13.03.2024
Депутатский запрос А.Сагандыковой Премьер-министру О.А.Бектенову
31.01.2024
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевқа депутаттық сауал
31.01.2024
Депутатский запрос члена фракции ОСДП Ажар Сагандыковой Министру просвещения РК Гани Бейсембаеву