Мембюджет қаражаты есебінен жасалатын барлық зерттеуді халыққа жария ету керек – депутат Рахымжанов

Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми консалтингтік және талдамалық зерттеулердің нәтижелері ресми сайттарға жариялануы керек деп отыр ҚР Парламенті Мәжілісіндегі ЖСДП фракциясы.

Мұндай ұсынысты Мәжілістің жалпы отырысында ЖСДП фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов айтты.

«Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы алдағы жылға бюджетті мақұлдайды. Алайда бізде бірқатар ұсыныс бар. Біз көптеген шешімнің атүсті қабылданатындығына жиі тап боламыз», - дейді депутат.

Мәселен, көптеген мемлекеттік органдар республикалық бюджет қаражаты есебінен ғылыми консалтингтік және талдамалық зерттеулер, оның ішінде мемлекет қаражатын тиімді пайдалануға қатысты зерттеулер жүргізеді. Тек осы мақсатқа 2022 жылғы бюджетте Ұлттық экономика министрлігіне 1,5 триллион теңге бөлінген.

«Біздің ойымызша, бұл зерттеулердің бәрі ашық болуы керек және барлық қоғамдық ұйымдар, ҮЕҰ, БАҚ, ғылым қайраткерлері, партиялардың, салалық жеке құрылымдар мен мемлекеттік секторлардың өкілдері еліміздегі бүкіл бағыттағы ахуалды жақсарту үшін оны пайдалана алуы тиіс. Я болмаса, осы зерттеулерді жүргізетін мамандардың қабілетсіздігі туралы қорытынды жасауы үшін зерттеу нәтижесін көре алуы қажет. Әйтпесе, бұл мемлекеттік қаражаттың тиімсіз пайдаланылып жатқанынан хабар береді», - деп атап өтті Асхат Рахымжанов.

Оның айтуынша, министрліктер, ведомстволар мен квазимемлекеттік секторлар жанындағы барлық ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) мен АҚ (акционерлік қоғамы) жасаған зерттеулерін өздерінің ресми сайтында жариялауы тиіс. Өйткені халық өз ақшасына асырап отырған мұндай мамандардың штатын көбейткеннен қандай «пайда» бар екенін көре алуы керек. Бірақ, біздің байқағанымыз, содан кейін белгісіз бір себептермен халықаралық қаржы институттары мен түрлі сарапшылардың көмегіне жүгініп, соларға осындай зерттеулер жасауға тапсырыс беріп жатамыз.

«Алайда, тағы бір парадокс, олардың кейбіреуі бұл деректерді өзінің зияткерлік меншігі саналатынын айтып, жасырады. Бұл зерттеудің бәрін Қазақстан халқы қаржыландырып жатқанын ұмытпайық, сондықтан біз бұл зерттеулерді көпшілікке қолжетімді қылуды талап етеміз. Сонымен қатар, өңірлердің бюджеті қаншалықты біркелкі бөлінгендігі жөнінде үнемі зерттеу жүргізіп отыру қажет деп санаймыз. Біздің болжам бойынша, біз біртұтас мемлекет екендігімізге қарамастан, бұл мәселеде үлкен теңгерімсіздік бар және көп нәрсе белгілі бір облыс әкімінің немесе республикалық маңызы бар қала әкімінің пысықайлығы мен қоғамдағы «салмағына» байланысты болып тұр», - дейді депутат.

Қазақстандықтардың бәріне бірдей тұрғылықты жеріне қарамастан, республикалық қаражат қолжетімді болуы керек, өйткені Конституция бойынша ешкімнің құқығы шектелмеуі тиіс.

Асхат Рахымжановтың сөзінше, бюджет заңнамасының жетілдірілмегеніне қатысты мәселелер жылдан жылға қайталанып отыр. Мемлекеттік органдардың басшылары әдемілеп жазылған баяндамаларды оқып бергенімен, «мемлекеттік аппарат» деп аталатын орасан зор машина мемлекеттік қаражатты пайдалану кезінде айтарлықтай тиімділік көрсетпей отыр. Баяғы жартас сол жартас.

«Бюджеттік өтінімдерде өтірік сандар болмауы үшін қандай шара қабылданды? Бұл сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымын орындау үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр? Жергілікті жерлерде тексеру комиссиясының қорытындысын біреу тыңдай ма? Олардың есептері де ашық болуы керек және тұрақты түрде депутаттық корпусқа ұсынылуы қажет. Бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылып жатқаны жайында бір мысал келтіргім келеді. Мысалы, соңғы үш жылда еңбек икемділігі (мобильділігі) бағдарламасы бойынша еңбек күші артық өңірлерден еңбек тапшылығы бар өңірлерге 48 мың адам қоныс аударды, оның ішінде 1480 адам кері оралды. Нәтижесінде бағдарлама ешқандай нәтиже көрсетпеді, өйткені тек екі жыл ішінде еңбек тапшылығы бар аймақтардан 50 мыңға жуық адам көшіп кетті. Жұртшылық бұл облыстардан неге «қашатынына» зерттеу жүргізіп, оның себептерімен күресудің орнына, біз бұл мәселені жасанды түрде шешуге тырысып, бюджет ақшасын әдейі ысырап етіп отырмыз. Егер бұл ресурстар жолдарды, әлеуметтік нысандарды, инженерлік коммуникацияларды салуға, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыруға бағытталса, еңбек тапшылығы бар өңірлердің тұрғындары өз өлкесінен кетуге мәжбүр болмас па еді», - дейді халық қалаулысы.

Сондай-ақ, ЖСДП фракциясы ең төменгі жалақы мөлшері мен ең төменгі күнкөріс деңгейімен келіспейтінін де атап өтті. ЖСДП партиясы ай сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жүргізеді. Белгілі болғандай, орташа өмір сүретін қазақстандық өзінің бүкіл табысының 55%-на жуығын азық-түлікке жұмсайды. Сондықтан еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері шамамен 200-210 мың теңге болуы тиіс екенін алға тартты.

«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының шығыстарынан 37,5% немесе 8,4 трлн теңге әлеуметтік салаға бағытталатыны қуантады. Жалпы алғанда, ЖСДП фракциясы бюджетті қабылдауға дауыс береді, бірақ ескертулері бар, ол: ашықтықты арттыру және жұртшылықты осы мәселелерге жұмылдыра отырып, сараптамалық және ғылыми құрамдас бөліктерді күшейту», - деді депутат.

Смотрите также:
Депутатские запросы
22.04.2024
Депутатский запрос Ажар Сагандыковой Премьер-Министру РК Олжасу Бектенову по вопросам водного канала имени К. Сатпаева
22.04.2024
Наурыз Сайлаубайдың Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа ипотекалық бағдарламалар жөнінде жолдаған депутаттық сауалы
13.03.2024
Біздің депутаттық сауал Премьер-Министр О.А.Бектеновке
13.03.2024
Депутатский запрос А.Сагандыковой Премьер-министру О.А.Бектенову
31.01.2024
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевқа депутаттық сауал
31.01.2024
Депутатский запрос члена фракции ОСДП Ажар Сагандыковой Министру просвещения РК Гани Бейсембаеву
24.01.2024
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ Р. СКЛЯРҒА ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
17.01.2024
Депутатский запрос А.Рахимжанова Министру труда и социальной защиты населения РК Жакуповой С. К.
27.12.2023
Депутатский запрос Ажар Сагандыковой Министру здравоохранения. Министру труда и социальной защиты