Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік жасау міндет-ақ…

Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауды, олардың құқығын қорғау, қоғамның толық мүшесі екенін сезіну үшін кедергісіз орта жасап, оларға көмек көрсету дамыған қоғамның белгісі. Мұндай азаматтарды мемлекет өз қамқорлығына алып, әлеуметтік көмек беріп, білім алып, жұмыс жасауына жағдай жасауы тиіс. Мүмкіндігі шектеулі жандарға байланысты талай дүние жасалып жатыр дегенімізбен Атырау қаласында қозғалуы қиын жандар үшін стандартқа сай жабдықталмаған ғимараттардың саны көп.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының өкілдері мен Атырау қалалық прокуратурасы және «Біз де адамбыз!» қоғамдық қорының мүшелерімен бірлесіп, қаладағы мемлекеттік нысандар мен халық көп келетін орындарды араладық.

Алғашқы болып қаладағы Авангард мөлтек ауданында орналасқан «Sulpak» тұрмыстық техникалар дүкеніне келгенде дүкенге кіретін пандустар ыңғайсыз, жеделсатының жоқтығы және нысан шақыру нүктесімен жабдықталмағандығы анықталды. Аталған дүкен қызметкерлерінің айтуынша, олар нысанды жалға алғандықтан, стандартқа сай жабдықтау ғимарат иесінің жауапкершілігінде екенін айтып ақталды.

«Біз де адамбыз» қоғамдық қорының жетекшісі Г. Қосмурзиева: кейбір нысандар орналасқан жерлердің тарлығынан толығымен жабдықтау мүмкін болмаса, көмекші шақыртатын қоңыраулар орнатылса мәсел шешілген болар еді,-дейді.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті» ғимаратында да мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қозғалысына ешқандай жағдай жасалынбаған. Аталған мекемеге жауапты қызметкерінің айтуынша ғимарат Атырау қаласы әкімдігінің теңгерімінде болғандықтан, біз өздігімізден ғимаратқа қосымша жұмыс жүргізе алмаймыз,- деп отыр. Осы мәселе бойынша қалалық әкімдікке арнайы хат жолданды.

Шынын айтқанда кейбір мекемелер мұндай міндеті іске өте салғырт қарайтыны анық. Атап айтқанда, «Shafran» мейрамханасындағы пандус мүмкіндігі шектеулі жандардың арбасына арналмаған. Арба жолағы төмен түскенде сырғанауды болдырмайтын резеңке жабындылары мүлде жоқ және қозғалысы шектеулі адамдарға емін-еркін кіріп шығуына өте қолайсыз болып шықты. Бір айта кетерлігі бұған дейін мейрамханада мүмкіндігі шектеулі азаматтың арбасы зақымданып, осы оқиға бойынша шағым түсірілген.

“Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті” өкілінің сөзінше белгілі болған олқылықтардың орынын толтырып жөндеу жасау үшін ғимарат иесіне ескерту жасалып, олар 6 ай ішінде кемшіліктерді жойып, талапқа сай жабдықтау қажет. Нұсқаманы орындамаған жағдайда, сотқа жіберіліп, нысан иесіне айыппұл салынады.

ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасының 83-бабы негізінде мүгедектігі бар адамдардың мәдени ойын-сауық іс-шараларына қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз етпеу түрінде жасалған бұзушылық лауазымды адамдарға—50, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға–120, орта кәсіпкерлік субъектілеріне–200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне—400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Алайда, заңға сәйкес нұсқамаларды орындауға мәжбүрлей алмайды, шара ретінде айыппұлмен ғана шектеледі.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар ғимаратты салу барысында барлық талапқа сай болуын қадағалауды күшейтіп, нұсқама орындау мерзімін қысқартып, мекеме иелеріне қайта заң бұзушылыққа жол бергені үшін айыппұлдан басқа қатаң шара қолдануды қарастыру қажет екенін жеткізді.

Атырау қаласындағы ірі сауда орындары мен шағын маркеттерінің көбінде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың еркін қозғалып, сауда жасауына қолайлы орта қарастырылмаған. Базар ішіндегі кішігірім дүкендерге кіру, тауар қарау кезінде сөрелердің арасынан өту өте қиын. Арнайы әжетханалары ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімделмеген. Аталған мәселелер бойынша мүгедектігі бар азаматтар жергілікті атқарушы органдарға хат жазғанмен, нәтиже болмағанын айтуда.

Қосмурзиева Гүлназ Мақсотқызы мүмкіндігі шектеулі жандардың да адам екенін, елдің мәдени, саяси және қоғамдық өміріне еркін араласатын толыққанды тұлға екенін білдіру үшін, Қоғамдық бірлестік атауының “Біз де адамбыз” аталғанын жеткізді. ЖСДП Атырау облыстық филиалының қызметкерлері зерделеу жұмыстары барысында көрген барлық кемшіліктерді фото құжатпен жәлелдеп өкілетті органдарға жолдайды. Одан соң істің орындалуын бақылауға алатын болады.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз қозғалысына шектеу болатын нысандарға қатысты жұмыстар жалғаса бермек.

ЖСДП Атырау облыстық филиалы

Смотрите также:
Депутатские запросы