Қонаев қаласының кәсіпкерлері партия көмегіне жүгінді

«Қапшағай» көлі жағажайында қызмет жасайтын кәсіпкерлер партиямыздың көмегіне жүгінді. Себебі осы жаз маусымында оларға «Қапшағай» көлінің жағасында халыққа қызмет көрсету мүмкіндігі берілмейтін болған. Бұл мәселені шешу үшін 42-ге жуық кәсіпкер партияның кеңсесінде бас қосты.
Қамбар Баекенов Қапшағай көлінің жағасындағы жаздық демалыс орнында 2017 жылдан бері кәсібін дөңгелетіп келе жатқан кәсіпкер. Осы орыннан алғашында 3 жылға жер телімін алған. Алайда жаңа әкім тағайындалғаннан кейін шарттар өзгере бастаған.

«6 жыл бұрын қазіргі Қонаев, бұрынғы атауы Қапшағай қаласының әкімі кәсіпкерлерді жинап, жағажайдан жер телімін бөліп берді. Қазір кәсіпкерлерден барлығы 42 адамбыз. Оның ішінде көпбалалы отбасылар, мүгедек тобына жататындар, жалғызбасты ата-аналар да бар. Алайда жұмысымызға 2017 жылдан бері толық кірісіп кете алмадық, біресе әкімдер ауыса берді, біресе ковид індеті тарады. Қаншама қаражатымызды жұмсадық, тіпті, несие алып, жағажайдың кейбір шығындарын өзіміз көтердік», - дейді кәсіпкер Қамбар Баекенов.

Кәсіпкер көмек іздеп бармаған жері қалмағанын айтады. Прокуратураның да, әкімдіктің де табалдырығын тоздырыпты. Ең ақырында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына жүгінгенінің пайдасы тигенін жеткізді.

«Партияның арқасында мәселемізді ақырындап шешіп келеміз. Әуелде былай болған, биылдан бастап Қапшағай көлін қайта құруға алады екен. Еш ескертусіз, хабарламасыз, әлдебіреулерден биыл Қапшағай көлі жағажайында жұмыс істемейтінімізді естідік. Ал біз болсақ құрал-саймандарымызды реттеп, жазғы маусым жұмысына дайындалып қойғанбыз. Бұл жанайқайымызды құзыретті органдарға жеткізу үшін әділдікке болысып жүрген ЖСДП-ның Алматы облыстық филиалына барайық деп шештік. Сіздерге үнімізге құлақ түргендеріңіз үшін рақмет. Бірлесіп әрекет еткеніміздің нәтижесінде шығынымыз қаншама жыл өтелмегенін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Тұрғын үй», Прокуратура, Қонаев қаласының әкімдігіне жеткізіп, Қапшағай жағажайында биыл да жұмыс істей алуымыз үшін келісімшарттың уақытын созуды өтіндік. Мәселе 10 күнген соң шешімін тапты. Жағажайдан орын алу жөніндегі келісімшарттар қолымызға тиді. Бірақ 20-шы тамызға дейін ғана рұқсат беріп отыр. Ары қарай жұмыс атқарамыз ба, жоқ па – белгісіз. Сондықтан 3 айдан соң әкімдіктен келісімшарттың уақытын тағы да созуды сұраймыз деп отырмыз», - деді алғыс білдірген Қамбар Баекенов.

Раушан Дәулетқызы, ЖСДП-ның Алматы облыстық
филиалының хатшысы

Смотрите также:
Депутатские запросы