
ЖСДП Қостанай обылыстық филиалына қала тұрғындары қоқыс мәселесі бойынша шағымданып келеді.
Мәселен өткен 2024 жылы «Айкөмек» ахуалдық орталығына қала тұрғындарынан 5643 шағым түскен, оның ішінде 3753-і дәл осы қоқыс жинау мәселесі бойынша болған екен.
Қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару, әкету, тасымалдау және сұрыптау жұмыстарымен тек «Тазалық-2012» ЖШС-гі айналысады. Яғни, бәсеке болмаған жерде сапа жайлы сөз айту қиын. Себебі, бақталастық жоқ, тұрғындардың басқа компанияны таңдау мүмкіндіктері де жоқ. Содан соң қызмет көрсету деңгейі төмендеп, қоқыс уақытылы шығарылмайды. Ал, 2025 жылдың 10 қаңтарынан бастап әр тұрғын ай сайын бұл қызмет үшін 694 теңге төлей бастаған. Бірақ мәселенің өзгерер түрі байқалмайды.
Коммуналдық қалдықтарды шығару кестесіне сәйкес, күн сайын сағат 6:00-ден 18:00 дейін қоқыс шығару жұмыстары атқарлуы тиіс. Алайда, Маяковский 118 көшесінің тұрғындары бұл талаптың жиі бұзылатынын айтады. Мысалы, жаңа жыл кезінде қоқыс толып кетіп шамамен бір апта шығарылмай тұрып қалған. Яғни, қоқыс уақытында әкетілмей, контейнерер лық толып, айналаға шашылған. Мұндай жағдай басқа көшелерде де қайталануда.
Расында да, бейберекет шашылған тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс, тұрғындар үшін ерекше қолайсыздық туғызып отырғанын партия филиалы да арнайы тіркеді.
Аль-Фараби 136 және 134 үй тұрғындарыда коммуналдық қызмет уақытылы көрсетілмейді және екі-ақ қоқыс жәшігі болғандықтан тез толып кетеді, сосын қоқысты сыртына қойып кетуге мәжбүр боламыз,- дейді тұрғындар.
ЖСДП Қостанай облыстық филиалының пікірінше, қалада қоқыс шығару мәселесі – жүйелі өзгерістерді қажет етеді. Тұрғындардың жыл сайын қайталанатын шағымдарына қарамастан қызмет сапасы жақсармай келеді. Қалада қоқыс шығару мәселесі бақталастықтын болмауы - негізгі түйіткілдердің бірі екені де сөзсіз.
Мәселені тіркеп партия тарапынан арнайы хат жазылып тиісті атқарушы орындарға жөнелтілуде.
ЖСДП Қостанай облыстық филиалы