
Ақмола облысына қарасты Дамса ауылының тұрғындары ауыз су мәселесінің зардабын талай жылдан бері тартып келе жатқан болатын. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана ауыл тұрғындары Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға (ЖСДП) бірқатар түйткілді мәселелер бойынша көмек қолын созуды сұрап жүгінген болатын.
8 сәуір күні партия өкілдері ауылға арнайы барып, жергілікті билік өкілдерімен кездескен. Шенеуніктер мәселені дереу қолға алатындықтарын айтқан болатын.
Дегенмен, аудан әкімі, ауызсудың сапасын түбегейлі жақсарту жұмыстары бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін ескертті. Кездесу барысында ЖСДП Саяси кеңесінің мүшесі Талғат Омаров әкімшілік өкілдеріне КСРО заманында қолға алынған, жерасты тұшы су көзін табу арқылы халықта ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында бұрғыланып су қоры табылған жоба жұмыстарын қайта зерделеу керектігі туралы сөз қозғады. Шынымен де Талғат Омаровтың қозғап отырған мәселесі өте орынды. Бұл жұмыс қолға алынар болса жаңа су көздерін іздегеннен әлде қайда жеңіл әрі тиімді болары анық.
Партия өкілдері Дамсаға келіп жиын өткізгеннен кейін араға бірнеше күн салып Дамса тұрғындары партияға ауызсу мәселесі бойынша қатып қалған сеңге қозғау түскенін хабарлады. Ауылдық қоғамдастықтың төрағасы Игорь Логунов әкімдіктің жаңартылған жоспарымен бөлісті.
— Су мәселесіне байланысты өткен жиыннан кейін жұмыс қарқыны үдеді. Енді міне, сүзгі жүйесін толықтай қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ. Бұрынғы жүйе дұрыс орнатылмаған екен. Лас су сүзілмеген күйі ауызсу жүйесіне қосылып кетіп отырған. Қазір бұл ақаулар жойылады. Алдағы күндері жөндеу жұмыстары басталады. Материалдар сатып алынуда, жаңадан тұнбаларды сіңіргіштер орнатылып, сүзгілер қайта орнатады. Сонымен қатар, бактерияларды жою үшін резервуарларға неон шамдары орнату жоспарда бар. Егер қаржы жетсе, толықтай іске қосады. Жақын арада ауылда таза су болады деген сеніміміз – шамамен 90 пайыз. Келесі аптада жұмыс толық басталып, екі аптаға созылады. Уақытша судың тоқтатылуы да мүмкін, бірақ ең бастысы ұзақ жылғы күрделі мәселе, шешіледі, – деді Логунов.
Сондай-ақ, қоғамдастық төрағасы ауданға қарасты Конкрынка ауылының төңірегінде жерасты су қорларын іздеу де қатар жүргізілетінін атап өтті.
— Кеңес заманында ол жақта бұрғылау жұмыстары жүргізілген. Құжаттар ғылыми институттарда сақтаулы болуы тиіс, қазір іздестірілуде. Ол кезде судың қорын анықтап, ауылға тартпақ болған. Алайда КСРО тарағаннан кейін бұл жоба тоқтап қалған. Қазір соның барлығын қайта жандандыру жоспарлануда. Егер сәтті болса, артезиан суына қол жеткіземіз, – деді Игорь Логунов.
Дамса тұрғындары ЖСДП мүшелеріне Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің филиалы жүргізген су сараптамасының нәтижелерін де ұсынды. 2 сәуір күні Дамса ауылдық округінің үш елдімекенінен (Дамса, Степное, Научный) 8 су сынамасы алынған. Алынған сынамалардың төртеуі микробиологиялық көрсеткіштер бойынша мүлде талапқа сай келмейтіні анықталған. Яғни, ішек таяқшасы сынды адам денсаулығына қауіпті бактериялардың да қаупі анықталған. Ал барлық 8 сынама санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша нормадан асып кеткен көрінеді. Әсіресе екі көрсеткіш бойынша. Судың түсі мен мөлдірлігі ерекше алаңдатарлық жағдайда болған. Ауызсу ретінде тұтынуға рұқсат етілген түс көрсеткіші – 20 (максимум 35), болса, сынамаларда бұл көрсеткіш 40 пен 150 аралығында болған. Мөлдірлік бойынша норма – 1,5 болса, сынамаларда бұл – 1,9–2,3 аралығында. Соның ішінде 150- ге дейін жеткен қорқынышты сынама Дамса ауылындағы ауызсудың нәтижесі болып отыр. Рұқсат етілген көрсеткіш 20-дан аспауы тиіс. Шындығына келгенде мұндай суды үй жануарларына да беруге болмайтыны анық.
ЖСДП Дамса ауылындағы жағдайды бұдан әрі де қаперінде ұстайтын болады.
ЖСДП баспасөз қызметі