Саяжайлар мәселесі Үкіметтің де бас ауыруына айналған

Өткен аптада ҚР Парламенті мәжілісінің қабырғасында Жалпыұлттық Социал-демократиялық партиясы фракциясының ұйымдастыруымен «Саяжай массивтерінің мәселелері» таңырыбында дөңгелек үстел отырысы болды.

Шараға фракция депутаттарынын бөлек, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен, және ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінен мамандар келіп қатысып, депутаттардың сауалдарына жауап берді. Дөңгелек үстелдің өтуіне мұрындық болған ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Наурыз Сайлаубай қонақтарға алғысын білдіре отырып, бүгінгі таңда осы саяжайлар мәселесінің күрделі болып тұрған тұстарына тоқталып өтті. Оның айтуынша саяжай тұрғындарының басындағы түрлі мәселелер күн өткен сайын ушығып келе жатыр. «Бір жылдан асты осы саяжайларға қатысты түрлі сауалдар өте көп. Өздеріңіз білесіздер елімізде әсіресе ірі қалалардың маңындағы бұрынғы кеңестік дәуірден бері сақталып келе жатқан саяжайлар, қазіргі таңда күрделі әлеуметтік мәселелер орталығына айналуда. Ондағы бұрынғы саяжайлық шағын баспаналардың кейбірі бүгінгі таңда зәулім үйлерге айналды. Шамамен қазір еліміздегі осы саяжайларды мекен ететіндердің саны 354 000 адамнан асып отыр. Байқасақ бұл кәдімгідей бір қауым ел екенін білдіреді. Саяжай тұрғындарының саны жыл сайын өсіп келе жатқанын да білеміз. Салдарынан мұндағы мәселелер де арта беретіні анық. Мысалы биылғы көктемде еліміздің батыс өңірі мен солтүстігінде тасқыннан зардап шеккендердің алғашқы ілегі саяжай тұрғындары екені белгілі. Мұндай мәселелер тағы да қайталана беруі ықтимал. Сол себепті алдағы саясат қандай болмақ? Министрлік өкілдерінен нақты жағдайды білсек»,- деген Наурыз Саятұлы мәселенің түйіні қатты екенін аңғартты.

Өз кезегінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің басқарма басшысының міндетін атқарушы Жарбұлов Марат Маратұлы саяжайлардың инфрақұрылымын жақсартуға біршама қаражат қарастырылғанын тілге тиек етті.

«Саяжайларға байланысты министрліктің тұжырымдамасында инфрақұрылым жасауға қаражат қарастырылмаған. Бірақ осы жылы су тасқыны орын алғандықтан Үкімет қаулысына сай тиісті қағидаға өзгеріс енгізіліп, саяжайда тұратын отбасының жалғыз баспанасы болғанын ескеріп оны қалпына келтіруге қаражат тартылып отыр. Осылайша биыл республика бойынша қазынадан 82 млрд тг бөлінді. Келесі жылдан бастап бұл қаражат төмендетіліп отырады. Біз енді осы қағидаға сай инфрақұрылым тартуды қолға алып отырмыз. Бірақ біз қазіргі бар, бүгінде адамдар тұрып жатқан саяжайларда ғана жұмыс жүргіземіз. Ал жер участкелерін жаңалап берген жағдайда біздің министрлік ешқандай шешім қабылдап отырған жоқ. Себебі жер беру мәселесі Ауылшаруашылығы министрлігінің құзырында»,-деді Марат Жұрбақов.

Ия саяжайларға қоныстанушылар алдымен құжат мәселесіне келгенде үлкен қиындықтарға тап болып жататыны белгілі. Сонымен бірге, түрлі әлеуметтік нысандарды орнату да ережелерге сай келмейді. Бұл жөнінде сөз алған ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің Төраға орынбасары Дәулет Бижанов былай дейді.

«Соңғы уақытта барлық деңгейлерде саяжай және бау-бақша шаруашылықтарын одан әрі дамыту туралы мәселе жиі көтерілуде. Бұл ретте істі орындау көп жағдайда ауылшаруашылығы министрлігіне жүктеледі. Өйткені қолданыстағы заңнамада азаматтарды бау-бақша және саяжай құрылысын жүргізу үшін біріктіру мақсатында саяжай, бау-бақша серіктестіктерін немесе кооперативтер құру біздің министрлік тарапынан жүргізу көзделген. Дегенмен, бүгінде саяжай тұрғындарын ауылшаруашылық өнімдерін өндіру емес, коммуналдық инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері, соның ішінде су құбыры желілері мен сорғы станцияларын орнату, кіреберіс жолдар, электрмен жабдықтау және басқа да мәселелер алаңдатып отыр. Оған қоса саяжай учаскелеріне ауылдық елді мекен мәртебесін беру немесе оларды жақын орналасқан елді мекендерге қосу сынды сауалдар толғандырады. Себебі түсінікті. Өйткені тұрғындар қазіргі уақытта саяжай аумақтарын тұрақты тұратын жер ретінде қабылдайды және тиісінше қажетті жеңілдіктерді талап етеді. Сол себепті министірлік тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен бірлесе шаруалар атқарылуда. Бірақ бұл Үкіметтің саяжайларға жағдайды толыққанды жасап тоқтаусыз қаржы құя береді деген сөзі емес. Сол үшін біз қазіргі жағдайда бар тұрғын алаптарын реттестіруді көздеп жатырмыз. Ал болашақта мұндай қолдаулар тоқтатылатыны белгілі. Себебі саяжайды дамыту даму тұжырымдамасында нақтыланбаған және оған негіз жоқ. Тек ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру, бау-бақша өсіруге арнайы жер телімдерін ұсыну қолдау табатын болады»,-деді өз сөзінде Дәулет Бижанов.

Мәселен қазақстанда соңғы 3-тоқсанның қорытындысы бойынша 567 000-нан астам саяжай учаскелері бар екені анықталған. Олардың ауданы 54 000 гектарды құрап отырған көрінеді. Оның ішінде белгілі бір бөлігі (86 000-нан астам саяжай) ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай келеді. Сонымен қатар, кейбір учаскелер мақсатсыз қолданылып отыр. Одан бөлек, мұндағы халық саны 354 000-нан асқан болса оның 162 000-ға жуығы тұрақты тұратын азаматтар. Бұл тек ресми тіркелгендері. Ал тіркелмегендердің саны әзірге белгісіз. Ал кейбір инженерлік инфрақұрылым, оның қатарында электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, жолсалу, балабақша мен мектеп, медицина мекемесі мен өзге де нысандар салу мәселелері облыс әкімдіктері тарапынан да жүзеге асырылу жавғы көзделген екен.

Отырыста белгілі болғандай қазіргі таңда елімізде ҚР саяжай және бау-бақша шаруашылығын дамыту жөніндегі 2024-2030 жылдарға арналған Жол картасы әзірленген көрінеді. Бұл құжатта көрсетілген алғашқы 2 жылында саяжай мекендеріне толықтай түгендеу жүргізіліп, алаптардың шекаралары айқындалмақ. Одан бөлек, саяжайларға қажетті әлеуметтік нысандар да есепке алынбақ. Содан кейін барып тұжырымдаға сай дамыту ісі қолға алынады.

Тағы бір ерекшелеп айтатын жағдай 2035 жылға дейін Астана қаласының дамуы жөніндегі Бас жоспарда қала маңында бау-бақша жүргізу мүлде көзделмеген. Демек саяжай құрылысын салу мәселесі де қарастырылып отырған жоқ деген сөз.

Отырыста айтылған сан алуан мәселелердің түйіні сан тарапқа тартылып кете беретіні белгілі. Осыған сәйкес саяжайлар туралы мәселені бір ғана дөңгелек үстелге сыйғызу да мүмкін болмады. Сондықтан ЖСДП фрақсиясынан сайланған мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай алдағы кақытта бұл іске қайта оралу керектігі туралы бастама көтерді. Депутаттың бастамасын қолдағандар келесіде еліміздің өзге де министрліктерімен қоса жергілікті әкімшілік өкілдерін де отырысқа қосу керектігін айтты.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также: