
Жол сапасы – аймақтың дамуының негізгі көрсеткіші. Дегенмен, еліміздегі ірі тас жолдардың бірі саналатын Тараз-Шымкент бағытындағы жолдың кейбір бөліктері сын көтермейді. Осыған байланысты Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы облысқа тиесілі жол учаскелерінің жағдайын анықтау мақсатында арнайы рейд ұйымдастырды.
Бұл бастама жол сапасын жақсарту, көлік жүргізушілері мен жолаушылардың негізгі проблемаларын анықтау және тиісті мекемелерден жауапкершілік талап ету мақсатында жүзеге асырылды.
Құжат жүзінде «автобан» мәртебесіне ие болғанымен, бұл тас жолдың қазіргі жағдайы оны толыққанды халықаралық стандарттарға сай жол деп атауға келмейді. Бір жерлерде жаңа асфальт тегістігімен қуантса, кейбір тұстарында жол қайтадан жөндеуге жабылған. Жол жамылғысының сапасы төмен болғандықтан, кейбір учаскелерде асфальтта жарықтар мен ойықтар пайда бола бастаған.
Кейде амалсыздан «Күйік» асуының айналма жолына түссең, өркениеттің бұл өңірге әлі толық жетпегенін еске салып тұрғандай. Қазақстанның маңызды магистральдарының бірі саналатын бұл бағыт «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізіне балама ретінде қолданылып келеді. Алайда жол сапасының өте нашар болуы жүк көліктеріне қатты кедергі болып тұр. Күн сайын бұл жолмен мыңдаған ауыр жүк көліктері өтеді. Соның салдарынан жол бетінде ой-шұңқыр көбейіп, көлік қозғалысына қауіп төндіруде. Жолдың кейбір бөліктерінде асфальт мүлдем жоқ, ал жаңбырлы және қарлы күндері жағдай тіпті ушығады. Жүргізушілер көліктерінің бұзылуы мен жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне шағымдануда.
Жол инфрақұрылымы – кез келген өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды бөлігі. Тараз-Шымкент тас жолындағы анықталған кемшіліктерді жою үшін тиісті мекемелерге арнайы хат жолданып, филиалымыздың назарында болмақ.
ЖСДП Жамбыл облысы филиалы